Ән әуелеген күн

Өнер ұжымының есептік коцерті көңілден шықты

1-Наурыз – Алғыс күнінде Ақмол ауылындағы Мәдениет үйінде «Малиновка» орыс халық хорының құрылғанына 45 жыл толуына орай салтанатты шара болып өтті. Шығармашылық кештің жүргізушісі Наталья Горицына қазақстандық жаңа мерекенің мән маңызына жан-жақты тоқталды.

-Көктемтің басталуы бұл үміт пен мақсаттар кезеңі, шуақты күн көңіл күйді көтереді. Қазақстан халқы Ассамблеясының 22-сессиясында Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1-наурызды этностардың бір-біріне және қазақтарға деген құрметі негізінде Алғыс күні деп атап өту туралы ұсыныс жасаған еді. Кешегі отызыншы жылдардың зобалаңында қазақтар тарихи мекендерінен күштеп жер аударылған халық өкілдерін ыстық ықыласпен бауырларына басты, - деді ол тебіреніспен сөз қозғап.

Осындай ауқымды мереке қарсаңында атақты «Малиновка» орыс халық хоры ұжымының есептік коцерті болды. Аталған өнер ұжымы 1973 жылдың 20 ақпанында Социалистік Еңбек Ері Иван Иванович Шарфтың бастамасымен ұйымдарстырылған-ды.

Содан бері бұл ұжымға ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Владимир Гроза жетекшілік етіп келеді. Табыс көп күттірген жоқ. 1975 жылы хор ұжымына «Халықтық» деген атақ берілді.

Целиноград ауданының әкімі осынау мәдени шараға құр қол келген жоқ. Өңір басшысы өз кезегінде Владимир Трофимовичке қомақты ақшалай сыйлық пен бағасы сыйлықтар тапсырды. «Малиновка» халық хоры осы уақыт аралығында бірқатар жетістіктерге жетті. Көптеген дипломдар мен Мақтау қағаздары осы сөзіміздің айқын дәлелі. Олар облыстық, республикалық ірі өнер додаларында жеңімпаз атанды, репертуары бүгінде 100-ден астам хор композицияларынан тұрады.

Хор репертуарындағы «Оренбург шәлісі», «Гармонь шекараны білмейді», «Мамонька», басқа да әндері ұжымның визиттік құжатына айналған. Осы орайда хорды баянмен сүйемелдейтін Алексей Трачев, Петр Иванов және хореограф Валентина Шмидттің еңбектерін айырықша атай кеткен жөн.

Есептік концерт барысында музыканттардың орындауында жүректі қозғайтын орыс халық әндері мен әзіл әндер орындалды. Ұжымның белді мүшелері Фариза Ідірісова, Ербол Манапов, Евгений Дистергефт, Айнұр Жұмабаева және Людмила Шариповалар бұл жолы әсем дауыстарымен көпшілікті тәнті етті.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары