Ағаштан түйін түйген

Осыдан біраз жыл бұрын тарихи отанына оралған қандасымыз Ержан Кәрімханұлы ағаш шебері ретінде ауылдастарына жақсы таныс. Ағаш шабу өнері оған  ата-бабасынан дарыған қасиет.

Біздің кейіпкеріміз 1979 жылдың қазанында Қытайдың Алтай аймағында дүниеге келген. Жастайынан әкесінің ағаш қию өнеріне көзі қанығып өсті. Сондықтан болар 1995 жылы тоғызыншы сыныпты бітірген соң осы өнерді жалғастыруды мақсат етіп, Үрімшідегі екі жылдық ағаш шебері курсында оқыды. Қолы да көзі де осы іске қанығып, тәжірибе жинақтаған Ержанның  кәсібі бүгінде өрге домалап тұр десек  болады.    

    2008 жылы тарихи отанына қоныс аударған  қандасымыз қолөнерлік кәсібімен нан тауып, отбасын, бала-шағасын асырап жүр. Қазақстанда үйленіп, отбасын құрған, үш баланы тәрбиелеп отыр.

      Ағаш шабу өнерін бабадан қалған мұра әрі кәсіп көзі етіп отырған Ержанның еңбегі ересен.  «Ағаштан түйін түйген шеберлер біздің халқымыздың арасында   аз болмаған. Киіз үй жабдығы, ер тұрман дайындау  үлкен еңбек пен күш -қайратты талап етеді. Алдағы уақытта шәкірт тәрбиелеп, өз алдыма жеке кәсіп ашсам деген ойым да бар. Осы атадан қалған кәсіптің ары қарай дамуына өз үлесімді қоссам деймін» дейді  ағаш шебері ағынан жарылып.

      Оның  шебер қолынан шыққан  әр түрлі заттар:  ұлттық саз аспаптары, әшекейлік бұйымдар, үй ішінің жиһаздары өзіндік ұлттық нақышымен оюлап, қырналып әсемдеп жасалуымен ерекшеленеді. Оның жасаған бұйымдары көрмелерге қойылып, мадақтамалар мен марапаттар алып жатқан жайы да бар (суретте).

Ендеше Ержанның кәсібіне сәттілік тілейік!

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары