ӨНЕРЛІ БОЛСАҢ АРҚАЛАН

Біздің шет аймақтардан туған елге қоныс аударған ағайындарымыз өнер жағынан бәрінен озық тұр. Әсіресе, Моңғолиядан оралған отандастарымыздың шеберлігі мен үшін ерекше көрінеді.

Ауданымыздың ауылды аймақтарында болған кездерімізде сол туа біткен талант иелерінің арасында әйелдер де, ер азаматтар мен жастардың да көп кездесетінін талай аңғардық.

Тохаш Хавдилжанат Қоянды орта мектебінде біраз жылдардан бері еңбек етіп жатыр. Ол көркемсурет пен қолөнер бойынша шәкіттерге дәріс береді. Өзінің қолынан шыққан туындыларының ішінен ертедегі қазақ өмірін елестететін көп дүниелерге қанық болдық. Әсіресе, «Қансонарда» тақырыбымен айшықталған суретке сұқтана қараған едік. Қашқан қызыл түлкінің үстіне төніп қалған бүркіттің қанды шеңгелі мергеннің оғынан да дәлірек көрінді бізге.

Тохаштың сиырдың қара құсынан жасаған арқары одан бетер. Сондай-ақ, өзінің шеберлік сыныбында қой мен ешкінің қабырғалары, жамбас сүйектері мен кәрі жілігі әдемі бір өнерден сыр шертіп-ақ тұр. Мүйізден жасалған семіз балығы да ауыз толтырып айтатын бір тамаша мүсін.

Оның еңбек өтілі 35 жылдан асыпты. Шәкірттері ұстаздарын ерекше құрмет тұтады. Тохаш Хавдилжанат та өнер әлеміне шын ниетімен беріліп, балаларды үйретуден бірде-бір жалыққан емес.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары