Әлдебек би бабамыздың есімін жаңғырту

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында еліміздегі тарихи тұлғалар бойынша билер, шешендер, ақын-жыраулар және Алаш зиялыларының есімдерін өскелең ұрпақтың сана-сезіміне сіңіруге бағытталған жұмыстар жүргізу қажеттілігін, сондай-ақ 2018 жылғы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында да көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтатындығын ескерді. 


Осы бағытта ұлы би бабаларымыздың есімдерін жаңғыртудың бір көрінісі ретінде Қазақ даласында сот билігін дәстүрлі түрде жүзеге асырған әділ шешен Әлдебек Сатайұлын алуға болады. Ол Абылай ханның атақты билерінің бірегейі болып, өзінің дарындылығымен ерекшеленіп, ХVIII ғасырда Ақмола өңірінде билік еткен. 
Әлдебек бидің шешендік сөздері әртүрлі жинақтарда басылып та жүр, бірақ оны әділ би, өткір тілді шешен ғана емес, Қазақ хандығының саяси өміріне белсене араласқанын мына бір тарихи деректен байқауға болады: Абылай хан қалмақ әйелінен туған ұлы Қасым төрені өзінің орнына хан сайламақ үшін, өңірдің би, болыс ақсақалдарын ордасына шақыртқан болатын. Сол жиында Әлдебек би өзінің шешендік сөзімен хан болу үшін үміткер тұлға елдің қамын ойлайтын парасатты, ұстамды, таза болу қажет екені туралы жиналған қауымға ой салған, ал осыны естіген жиналған қауым Қасымды хандыққа сайламай Абылай ханның үлкен ұлы Уәлиді сайлаған. 
Өздеріңізге белгілі Би лауазымының ең жоғарғы қасиеттері: дау дамайларда әділ, халыққа адал ар - ожданы мен намысы кіршіксіз тұлға болуы міндет болған. Би дәрежесін атадан балаға ауыстырмай, биді сол рудың адамдары оның тапқырлығы, шешендігі бойынша сынап, сыннан сүрінбей өткендерін ғана би сайлаған. Билерге бұл лауазымды қара халық бергендіктен, билік айту оңайлыққа түспеген. Биге халық қойған талаптардың билігін сан алуан нақыл сөздерден көруге болады. Мысалы: «Құдайдың сүйген құлдары ғана би бола алады», «Батырды екі долы қатынның бірі табады, Би деген – ақ шариғат, ілуде бірі ғана табады», «Елге бай құт емес, би – құт» деген өткір сөздер соның дәлелі.
Келешек ұрпақ бабаларының кім болғандығын, олардың жасаған еңбектерін біліп өскендері Ел болашағы үшін өте маңызды көзқарас.
Бүгінгі күні Әлдебек би бабамыздың есімін жаңғырту мақсатында Ақмола облысы Ақкөл ауданы Ақкөл қаласының Спутник көшесін Әлдебек бидің есіміне ауыстыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Көшенің атауын ауыстыруға байланысты жиналыста көше тұрғындары осы есімді бір ауыздан құптап, тиісті құжаттар құзырлы органға жолданды. 

Ж. Жетібаев,
Ақмола облысы 
Ақкөл аудандық сотының төрағасы.
 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары