ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒАЛАР

Өз тарихымызды біліп, оны таразылау арқылы біз өткенімізді саралап, барымызды бағалап, осындай салыстырма арқылы қазақстандықтардың санасына салт-дәстүріміздң нәрін себе аламыз.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы тарихымызға тағы да терең бойлауға ықпал еткендігі даусыз.  Халқымыз ұлы даланың абыздары, ақылшысы болған Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің есімдерін жақсы біледі. Осы үш абызымыз тарихтың небір қысталаң сәттерінде халықтың басын біріктіріп, ел тәуелсіздігі үшін күрес ісінде маңызды рөл атқарды.

Төле би 1663 жылы бүгінгі Тараз қаласының аумағында дүниеге келген. Руы Ұлы жүздің Жаныс – Дулат тармағынан. Тәуке хан жас Төленің ақылы мен парасат пайымын аңдап, оны Ұлы жүздің биі етіп сайлаған. Төле би жоңғар басқыншыларына қарсы күресте  елдің басын біріктіріп, оларды жігерлендіріп отырған. Сонымен қатар үш жүздің басын біріктіруде де аз еңбек сіңірген жоқ. Көрнекті мемлекет қайраткері, ірі саясаткер болған Төле би 93 жасында Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі   Ақбұрхан Орда деген жерде дүние салды. Оның сүйегі Тәшкендегі Жүніс ханның бейітінің жанына жерленген.

Орта жүздің биі – Қаз дауысты Қазыбек атанған абыз бабамыз 1667 жылы туған, Орта жүздегі Арғынның Қаракесек руынан.

Қазыбек би де Тәуке ханның  бас кеңесшілерінің бірі болған. Кейін Абылай ханмен үзеңгілесе жүріп, жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте алдыңғы лекте қолды ұйымдастыру ісіне ат салысты. Бар саналы ғұмырын халықтың бірлігіне  арнап,  хандардың өзара таққа таласын реттеп, көршілес мемлекеттермен арадағы өркениетті қарым-қатынасты сақтауға арнады.

Қазыбек би 1764 жылы желтоқсан айында Семізбұғы тауының етегіндегі Теректі деген жерде дүние салды. Мәйіті Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мазарында жатыр.

Кіші жүздің атын шығарған Алшын  руынан шыққан Әйтеке би 1664 жылы дүниеге келген. Жастайынан ерлігімен, тапқырлығымен, шешендігімен жұртты аузына қарата білді.

Әйтеке би бірнеше тілді білген және дала заңының асқан білгірі болған. Өзінің бойындағы ұйымдастырушылық қабілеті мен ақыл парасатының  арқасында халық алдындағы беделі  жоғары болды.

Әйтеке би 1700 жылы бақилық болып, қазіргі Өзбекстан аумағындағы Навои облысында, Тәшкеннен 75 шақырым жерде жерленген.

Тарихи тұлғалар  ескерткішінің ашылу салтанатында Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әмір, Жоғарғы соттың өкілі Нұргүл Ерболатқызы, Ауданның құрметті азаматы, қоғамдық кеңестің төрағасы Сағадат Әшебеков, жергілікті сот төрағасы Төлеген Тұрғамбаев  және аудан әкімінің орынбасары Алма Айтқожинова  сөз сөйледі.

Құқық пен заң саласындағы тарихи тәжірибелерді тілге тиек еткенде, әрине Тәуке хан негізін қалаған «Жеті жарғыны» айналып өтуге болмайды. Оны құрастыруда Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің сіңірген еңбектері аз емес.  Оны қазіргі заманғы Конституциямыздың негізі, бастауы  деп айтсақ та болады. Ауданымызда «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заңын жүзеге асыруда онамастика бойынша да бірқатар ауқымды істер атқарылуда. Астаналық ауданда үш ауылдық округтің, 9 елді мекеннің, 261 көшенің атаулары өзгертілді.

Қазірде  аудан орталығында «Жеті Жарғы» деген жаңа көше пайда болды.  Бұл көшенің  бойында әкімдіктің, соттың, прокуратураның  және ХҚК -нің заманауи үлгіде салынған ғимараттары орналасқан. Мұны ұрпақтар сабақтастығы, тарихи дәстүріміздің жалғасы деп айтуға болады.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары