Моншақтының інжу - маржандары 5

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы  «Моншақтының інжу-маржандары» жобасы кешегі Моншақты болысына, бүгінгі Ақкөл ауданына қатысы бар (дүниеге келген, тұрып, еңбек еткен) ел мақтанышы азаматтар жайлы деректер жинақтауды көздейді. Жоба қорытындысы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында шығарылады. 

Атақты Иван Шарфты қазақ  ұстаз қалай тәрбиеледі?

«Иван Иванович Шарфты дүние жүзі біледі» десем, артық айтқан болар едім. Ол Қазақстанның солтүстік өңіріне және кеңестік билік басындағыларға аса танымал болды. Иван Шарф, бейнелеп айтқанда, 70-80 жылдардың Шығанақ Берсиеві, Ыбырай Жақаевы-тын. Ол кісі мына Ақмола түбіндегі «Малиновка» шаруашылығын гүлдендіріп, алты ай қысы бар өлкеге мәуе шығарғанның санатынан болатын. «Құс шаруашылығы, мал өнімдері, бидай, жылыжай жемістері кешегі Малиновкада, бүгінгі «Ақмол» атанған ауылда кемерінен асып жатты» дегенге сенер ме едіңіз?Халық айтса, көргенін әуезелесе, сенуіңіз керек.
Біз енді ол жағын айтайын деп отырған жоқпыз. Кім адал еңбек етті, кім елдің сөзін сөйлеп, мұңын мұңдады – ол жағы Жаратқанның өзіне де мағұлым жағдай ғой.
Тегі мен сойы –неміс, тұрағы мен топырақ бұйырған жері – Қазақстан болған Иван Шарф, сірә, бала күнінде Еділ бойынан қоныс аударылған бір қауым елдің панасыз жұрнағы қатарында Ақкөлдің (бұрынғы Алексеевка) жетімханасында тәрбиеленген. Ол жерді былайғы жұрт «Кеңес» ауылы деседі. 
«Бұл шамамен 1946-1947 жылдары болған оқиға,-деп еске алады еңбек ардагері Әбсемет Хамзеұлы.-Сол шамада әлгі «Кеңес» ауылындағы балалар үйі мектебіне нағашым Тұяқ Кәмелов директор болып тағайындалады. Өзі соғыстан жеңіспен оралған жап-жас азамат. Тегін қазып жіберсең, жақсы атаның тұқымы. Оның үстіне Мұстафа Шоқайдың серігі болған Алаш арысы Хайретдин Болғанбайдың туған күйеу баласы. Не керек, өмірден жиғаны да, түйгені де мол адам. Бойы 180 шамасы, салмағы 120 кило: алпамса жан. Мектеп те – қыз-қыз қайнаған бір тіршілік қой.Бірде директор далаға шықса, бір бала томсырайып отыр дейді. «Өй, неге отырсың?» деп сұрайды нағашым. Бала: «Мұғалім қуып жіберді» деп жауап береді. Сонда сыртқа, бір жұмысқа жиналған басшы: «Кәне, сыныбыңды көрсет» дейді. Сөйтіп шәкірт екеуі ішке енеді. Бұған мұғалім де сасып қалып: «Сабаққа дайындалмаған баланы неге жетектеп жүрсіз?» деп сұрайды. Сонда Тұяқ ағатайым ұстаздың да, оқушының да беделін түсірмей: «Айналайын-ау, кең болсаңдаршы. Мұны далаға қуғанда не ұтамыз? Одан да сынып ішінде қалдырып, бір бұрышқа тұрғызып бұл бала қатесін де түсінеді және жаңа материалды да бір құлағымен тыңдайтын болады» деп, жүріп кетіпті.Тағы бірде әлгі бала тесік пимасынан су өтіп, бір жерден Кеңеске қарай жаяу-жалпылап келе жатқанда, мектеп директоры ат-шанасын тоқтатып, интернатқа дейін апарып салыпты. Бұл Ваня бала – кейін Социалистік Еңбек Ері атанған Иван Иванович Шарф екен. Осы оқиғаны өзі көзіне жас алып, айтып беріп еді. «Бір жағы жетіммін, екінші жағы фашизмнен қаймыққан қаймана жұрт «әй, неміс!» деп ағаш атқа теріс мінгізеді. Сөйтіп, қамкөңіл болып жүргенде, Кәмел Баяндыұлы өмірде ізгілік барына менің көзімді жеткізді» дейтін марқұм».
Білетіндер «Иван Шарф 2007 жылы 75 жасында дүниеден озды» деседі. Біз ол кісіні көрген жоқпыз. Білік-білігі қандай екенін тек жұрт аузынан естіп білдік. Тағы бір аңғарғанымыз, ол өмірінің соңына дейін Т.Б.Кәмеловтың (ол кісі 49 жасында қайтқан) жары Гүлнар Хайретдинқызы Болғанбаеваға тік тұрып қызмет етіпті. Әрбір мейрамда құттықтап, ізгі ілтипатын білдіріп тұрыпты. 
Кім біледі, сонау ит өлген жылы даярланбаған сабағы үшін мұғалімнен ұрыс естіп, далада сенделіп қалған Ваняны майданда от кешкен қазақ азаматы маңдайынан сипап, білім ордасына қайта кіргізіп, тығырықтан шығатын жол тауып бермесе, ол бала адам болар ма еді, жоқ па еді?..
Абай данадан қалған бір сөз бар екен: «Шала мейір шала байқайды» деген. Неміс баласы Шарфты алқалаған қазақ ұстазының мейірі толық болған-ау, шамасы. 
«Астана ақшамы» №31 (2497) 
сенбі 27 наурыз 2010 жыл

 

Кәмелов Тұяқ Баяндыұлы

Кәмелов Тұяқ Баяндыұлы (1919-1964)
Ұлы Отан соғысының ардагері, танк командирі. Рота старшинасы, гвардия лейтенант.
Кәмелов Т.Б. 1919 жылы Қорғалжын ауданының Сабынды селосында туған.1940 жылы Қарағанды Молотов атындағы Қазақ мемлекеттік мұғалімдер институтын бітірген. Қарағанды облысының Қарсақбай мектебінде директор қызметін атқарған. Сол мектепте Қаныш Сәтпаевтың қыздары Ханиса, Шәмшиябану, Мейізді және жиені, кейіннен белгілі археолог ретінде танылған Кемел Ақышевті оқытқан.

Майданда жүргенде Ақмола облысы Қорғалжын газетіне жолдаған жыр жолдары 1944 жылы сол газетке басылған екен.
Майдандағы ерлігі Қызыл Жұлдыз орденімен, «За отвагу», «За победу над Германией в Великой Отечественной войне 1941-1945 гг.» медальдарымен марапатталған. 
1945 жылдың қазан айында туған ауылы Сабындыға оралып, жергілікті мектеп құрылысына бастамашылар қатарында болады. 1947-1948 жж. Ақмола облысының Кеңес мектебінде, 10 жыл Сабынды мектебінде директор болып еңбек етіп, 45 жасында дүниеден озады. 

 

Т. Кәмелов
Жеңіспен ораламыз

Біз жүрміз халық үшін қан майданда,
Дамыл жоқ, күнде өлім шыбын жанда. 
Аямай кеудедегі жанымызды, 
Ең соңғы сарқылғанша қасық қан да.

Құрбан қып Отан үшін жас өмірді,
Шайқаспен өткіздік біз неше күнді.
Қорғауға туған жерді құрбан болып,
Дұшпанға жібермейміз есемізді.

Жан ана, ақ сүтіңді ақтау үшін,
Фашизм туған жерді баспау үшін.
Жатырмыз қардай жауған оқ астында,
Отаным, намысыңды сақтау үшін.

Көрсетті соғыс талай батырларды,
Үн қосқан нелер шешен ақындарды. 
Сағынып жүдемеңдер, туған жерім,
Жеңіспен оралар күн жақын қалды.

 

Шарф Иван Иванович

Шарф Иван Иванович (1930-2008жж.), 1930 жылдың 9 мамыры күні Ростов облысының Калинино селосында дүниеге келген. Целиноград зоотехникалық техникумын, 1959 жылы Целиноград педагогикалық институтын бітірген. Алексевка ауданында мұғалім,  кейін Целиноград облысы Есіл ауданында «Дальний» совхозының директоры болып еңбек етеді. 1972 жылы Целиноград ауылшаруашылығы институтын бітіреді. 1959-1979 жылдары Есіл ауылшаруашылығы басқармасының бастығы.1970 ж. «Акмолинский» совхозының директоры, кейін бұл шаруашылық «Ақмола-Феникс» өндіріс бірлестігіне ұласты. 2008 жылы дүниеден озғанша осы құрылымды басқарды. 1975 жылы Целиноград өндірістік құс өсіру бірлестігінің бас директорлығына тағайындалды,осы жылы экономика ғылымдарының кандидаты атағын қорғады.
Социалистік Еңбек Ері (1986ж.), Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі. Қазақстандағы «Видергебурт» неміс қозғалысының негізін қалаған  қоғамдық қайраткер. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына еске алуға арналған Ақмол  селосындағы мемориалдық-музей кешенінің негізін салған.   
 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары