Моншақтының інжу - маржандары 4

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы  «Моншақтының інжу-маржандары» жобасы кешегі Моншақты болысына, бүгінгі Ақкөл ауданына қатысы бар (дүниеге келген, тұрып, еңбек еткен) ел мақтанышы азаматтар жайлы деректер жинақтауды көздейді. Жоба қорытындысы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында шығарылады. 

ӘСКЕН НӘБИЕВ

 
Әскен Нәбиев  1923  жылы 13 желтоқсанда қазіргі Ақкөл ауданы аумағындағы Қына елді мекенінде дүниеге келген. 1941 жылы  орта мектепті енді тәмамдаған бозбала Отан қорғауға аттанып, майдангер аттанады. Сталинград майданында ауыр жарақаттанып, соғыс мүгедегі ретінде елге қайтарылады. 
Бейбіт өмірге оралған Әскен Нәбиев алдымен Ақсу орта мектебінде мұғалім, Макин аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып еңбек етіп, 1947 жылдан бастап Ақмола облыстық «Сталин туы» (кейінірек  «Коммунизм нұры», ал қазір «Арқа ажары») газетінің әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі болып жемісті қызмет атқарды. 1966-1991 жылдары Қазақстан Жазушылар Одағының Ақмола облысаралық бөлімшесінде әдеби кеңесші болды. 
Жазушы-журналист Әскен Нәбиевтің тырнақалды әңгімелері мен мақалалары, өлеңдері мерзімдік бас-ылымдарда  1947  жылдан бастап жариялана бастады. Республика баспаларынан көптеген кітаптары жарық көрді. Солардың ішінен оқырмандар тарапынан лайықты бағасын алған «Перзент», «Гүлзи», «Шолпан», «Ауыр апталар», «Бейтаныс бойжеткен», «Қанат қаққанда», «Бел-белестер», «Шынығу шағы», «Алдыңғы толқын», «Армысың, ана», «Асқар асулар» сияқты туындыларын атауға болады. Жиырмаға жуық кітаптарының негізгі тақырыбы жерлестерінің Ұлы Отан соғысы майдандарындағы ерлігі, тыл жауынгерлерінің жанкешті еңбегі, туған жер тарихының қилы хикаялары, қазақ даласының жасампаз тірліктері және халықтар достығы болып келеді.
Жазушы-журналист Әскен Нәбиев  майданда көрсеткен ерлігі және туған елі мен қазақ әдебиеті алдында сіңірген зор еңбегі үшін II дәрежелі Ұлы Отан соғысы, «Құрмет» ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», Г.К.Жуков және тағы басқа көптеген медальдармен марапатталды. Еліне елеулі, халқына қалаулы абзал жан сонымен бірге, он бір баланы тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасының да ұйтқысы бола білді.
Майдангер-жазушы 2012 жылы 1 мамырда 89 жасқа қараған шағында дүнеден озды. 
 

Ерлік ұмытылмайды, ел есінде сақталады. 
2013 жылғы 13 қазан күні Астана қаласының Абай проспектісіндегі жазушы тұрған № 32 үйге даңқты жерлесіміздің жауынгерлік және еңбектегі ерліктерін еске алуға арналған   мемориалдық тақта орнатылды. «Казахстанская правда» газеті Жеңістің 70 жылдығына орай Сталинградтағы әйгілі трактор зауытын қорғаған жауынгер Әскен Нәбиевтің ерен ерлігін тамсана жазды. Журналист Моисей Гольдбергтің қаламынан туған осы очеркті оқыған Ресей елшісі М.Н.Бочарников өз еліндегі құзырлы органдарға  Волгоградтың бір көшесін даңқты қазақстандық жауынгердің есімімен атау  жөнінен ұсыныс жасады. «Егемен Қазақстан» газеті 2014 жылғы 9 мамырдағы нөміріндегі «Ерлік пен елдік рухты үлгі тұтқан ұрпақпыз» деген мақалада осы жай аталып өтілген. Орта мектептердің біріне журналист-жауынгердің есімін беру жөнінен де ұсыныстар көтерілуде.

Әріптес пікірі

Табыл Құлияс, қаламгер:

«Әсекең алтын адам ғой. Екінші дүниежүзілік соғыстың жауынгері. Білікті журналист. Тамашы прозашы. Әсіресе, әңгіме жанрында ерекше қолтаңбасы қалыптасқан. Соғыс тақырыбына терең бойлаған қаламгер. Жалпы, әдебиетте өнімді еңбек еткен жазушы. «Бел-белестер», «Шынығу шағы», «Алдыңғы толқын», «Майдан әңгімелері», «Шерулі жылдар» деген бірқатар кітаптары жарық көрді. Оның кез-келген туындысы өмірдің өзінен алынған. Содан ба, бірден жүрекке жылы тиіп, жүрдек оқылады. Ағамыздың 85 жылдығында «Фолиант» баспасынан екі томдық таңдамалар жинағы шықты. Әсекең ұзақ уақыт Қазақстан Жазушылар одағының Целиноград облысаралық бөлімшесінің әдеби кеңесшісі болды. Талай талапкер жасқа қолдау білдіріп, батасын берді. Соның кезінде осы өңірдегі жас қаламгерлер Жазушылар Одағының мүшесі атанды. Ағамыздың үйіндегі жеңгеміздің дастарханы берекелі еді. Ақмолаға Алматыдан келген жазушылардың бәрі сол үйге түсетін. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин секілді әдебиет алыптарының бәрі жеңгеміздің қолынан дәм татты. Сонда Фарида апай: «Сол ағаларды күткеннің өзі - маған бақыт қой» деп сыпайы жымиятын. Міне, сол Әскен ағамызға көше берсек те артық болмайды».
Журналист Азамат Есенжолға берген сұхбатынан.

 

Нұрлан Жұмағұлұлы Батпенов

Травматология және ортопедия ҒЗИ-ның директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтын лауреаты, ҚР МҒА-ның корреспондент-мүшесі, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау Министрлігінің штаттан тыс Бас травматолог-ортопеді, Қазақстандық травматологтар мен ортопедтер қауымдастығының Президенті.
Оның бүкіл өмірі травматология және ортопедия саласындағы практикалық, ғылыми және педагогикалық қызметтерге арналып келеді.
Целиноград мемлекеттік медицина институтын бітіргеннен кейін (ЦММИ), еңбек жолын Целиноград қаласындағы облыстық клиникалық ауруханада травматология-ортопедия бөлімшесінің ординатор-дәрігері болып бастады. Содан соң клиникалық ординатурада, Мәскеу қаласындағы Н.Н. Приоров атындағы Травматология және ортопедия орталық институтының аспирантурасында дайындықтан өтті, медицина ғылымының докторы, профессор, Ресей республикасына еңбек сіңірген ғылым қайраткері А. В. Капланның жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғады. Патенттік жұмыс саласында «Патенттану» мамандығы бойынша ауыл шаруашылығының басшы қызметкерлері мен мамандарының Орталық біліктілігін арттыру институтын оқып бітірді.
1994 жылы Қазақстанның солтүстік өңірінде тізе буындарының артроскопиялық зерттеуін енгізді.
1995 жылдан бастап жақын және алыстағы шетел клиникаларымен ынтымақтастық орнатып, олармен ғылыми және шығармашылық байланысты жалғастыруға белсенді қолдау көрсетуде. Дүниежүзілік ортопедтер-травматологтар ұйымының (SICOT) Ұлттық өкілі.
1996 жылы «Ірі буындардын деформациялаушы артрозында емдеу жүйесін қалыптастыру және науқастарға ремиссия жағдайын қалыптастыру» бойынша медицина ғылымдарының докторы ғылыми атағына ұсынылған ізденімпаздығына диссертация қорғады. Осы жылы республикамызда алғаш рет жамбас-сан буынын қазіргі неміс және швейцар эндопротездерімен эндопротездеу әдісін, 2003 жылы – тізе буынының протезін қолданды.
2001 жылға дейін ЦММИ-да (кейін АММА-да) ғылыми-педагогикалық және емдік-консультациялық қызметтермен айналысты, «Қалпына келтіретін травматология және ортопедия» кафедрасының меңгерушісі, доцент, профессор, проректор, бірінші проректоры.
2001 жылы Астана қаласындағы облыстық клиникалық ауруханада институттың базасында Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтын ашты және оның бірінші директоры болып тағайындалды.
2002 жылдан бастап «Травматология және ортопедия» журналының негізін салды және оның бас редакторы болып саналады.
700-ден астам ғылыми еңбектердің, соның ішінде 11 монографияның, 32 оқу-әдістемелік құралдың, тәжірибелік жетекшіліктің, 95 авторлық куәлік пен патенттердің, 80 оңтайлы ұсыныстардың авторы. Оның жетекшілігімен 5 докторлық және 18 кандидаттық диссертация қорғалды.
Профессор Н.Ж. Батпенов Германияда шығарылатын және Қазақстанда, Германия мен ТМД елдерінде қолданылатын, «ҚaзТОҒЗИ, Н. Батпенов моделі» жанбас-сан буынының эндопротезінің жаңа моделінің авторы болып табылады.
Еңбек жолында «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды, ғылым мен техника саласында Әль-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденімен, КСРО ХЖК қола медалімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Алтын дәрігер» ғылыми медициналық төсбелгісімен және басқа да көптеген ҚР Үкіметінің, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының медальдарымен және Құрмет грамоталарымен марапатталған. 
Ақкөл ауданының Құрметті азаматы.
 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары