Моншақтының інжу - маржандары 3

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы  «Моншақтының інжу-маржандары» жобасы кешегі Моншақты болысына, бүгінгі Ақкөл ауданына қатысы бар (дүниеге келген, тұрып, еңбек еткен) ел мақтанышы азаматтар жайлы деректер жинақтауды көздейді. Жоба қорытындысы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында шығарылады. 

Жайық Кәгенұлы Бектұров

Журналист, жазушы, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Жайық Кәгенұлы Бектұров 1912 жылы дүниеге келген. Ежелден Моншақты атанған (қазіргі Ақмола облысы, Алексеев ауданы) Ақкөл атырабы Жайық Бектұровтың кіндік қаны тамып, табан ізі түскен құтты мекен. 
Жайық Бектұровтың ұзақ жылдарға созылған журналистік жазушылық еңбегінің бастау алған жері – осы Ақмола атырабы, «Сарыарқа» газеті. Ол содан бері ауыл, қала, интеллегенция, жастар өмірінен көптеген очерктер, әңгімелер, қазақ жазушылары жайлы әдеби сын, мақалалар жазады. Ол 1934 жылы ҚазССР-інің Халық ағарту комиссариатының мұғалімдер курсын бітірген,1934 жылы Қазақ коммунистік университетін, ал 1955 жылы Қазақ мемлекеттік университетін тәмәмдаған. Жайық Бектұров 1932-1937 жылдары комсомол қызметінде болған, 1937-1939 жылдары республикалық «Лениншіл жас» жас-тар газетінің редакторының орынбасары, «Социалистік Қазақтан» газетінің бөлім меңгерушісінің орынбасары міндеттерін атқарған.1939-1940 жылдары Жамбыл облыстық газетінің жауапты редакторы, ол соғыс басталғанда дивизиялық газеттің редакторы болған. 1942 жылы мамыр айында Жайық Бектұров қамауға алынып, КСРО НКВД-сінің айрықша кеңесінің шешімімен РФСР Қылмыстық істер кодексінің 58-ші бабымен сырттай он жылға кесіліп, Солтүстік Оралға жер аударылды. Жабылған жала тек қана 1955 жылы ҚазССР Жоғарғы сотының Президиумының шешімімен күшін жойып, ал 1989 жылы түбегейлі ақталды. 
1977 жылы «Жол жоралғысы» деген кітабы шықты. Бұл жинаққа қаламгердің Ы.Алтынсарин, Ш.Уалиханов, Г.Потанин, қобызшы-жыршы Н.Атабеков жайлы тарихи-көркем очерктері енгізілген. Халық ауыз әдебиетінің үлгілерін қажымай жинап, бастырудағы еңбегі өз алдына бір сала. Жайық Кәгенұлы Бектұров Абай Құнанбаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Саттар Ерубаев, Әбділда Тәжібаев, Тайыр Жароков, Зейін Шашкин және өзге де қазақ ақын-жазушылары жайында көптеген сын, мақалалар жазған. 
Жазушы басқа ұлттардың әдебиетін озық үлгілерін қазақ оқырмандарына танытуда көп жұмыс тындырды. Жайық Кәгенұлының өрнекті тілімен қазақшаланған Г.Серебрякова, Петефи, Дефо, Гашек, Л.Пантелеевтің шығармаларын оқырмандар жылы қабылдаған. Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бетінде жазушы Азия, Африка елдері қаламгерлерінің бірнеше әңгімелерін аударып бастырған. 
Кейінгі жылдары, яғни 1991 жылы «Өткел» өлеңдер жинағы, ал 1997 жылы «Қазақстан» баспасынан «Таңба» атты кітабы жарық көрді. Бұл кітап еліміздің шежіресіне қара таңба болып басылған отызыншы-қырқыншы жылдардағы саяси қуғын-сүргіннің алапат ащы шындығы жайында, сол нәубеттің құрбаны болған тұғырлы тұлғалар, талай тағдырлар жайында баян ететін туынды. Мұның жарық көруінің арасы 40 жылдай уақытқа созылған екен. Сол қырғынның өзі де куәсі болған, кезінде жазықсыз жағылған дақтың кесірінен жапа шегіп, жалынды жастық жылдарын айдауда, азап лагерінде өткізген ардагер жазушының аталмыш романы тасада қалып, кеңес империясы тараған соң, жалғанның жарығына әрең шықты. Жалпы бұл шығарма азап лагеріндегі өмірді қазақ әдебиетінде бейнеленген тұңғыш еңбек. Жайық Бектұров – қазақ көсем сөзінің көш бастаушыларының бірі емес, бірегейі. Оның “Қазақстан” баспасынан жарық көрген “Енеден ерте айрылған төл секілді…” атты кітабы – қазақтың біреуге бодан болған заманы мен бүгін өз алдына егемен ел болған кезеңін жалғап тұрған көшелі көсем ойының бір алтын жібі десе болады. 
1998 жылы 26 наурызда сексен алты жасына қараған шағында журналист, жазушы, Қарағанды қаласының құрметті азаматы Жайық Кәгенұлы Бектұров өмірден өтті. “Өлді деуге бола ма, өлмейтұғын артында сөз қалдырған” деп Абай атамыз айтқандай, Жайық Бектұровты өмірден өшіріліп кеткендер санатына қоса алмаймыз. Ол кісінің қалдырған мұралары көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың жадында мәңгіге сақталады. Жазған дүниелері тарихтың құнды құжаттарына айналатыны ақиқат. Қаламгердің жеке мұрасы мұрағат қорына алынды, өзі тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды, Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасына Жайық Бектұров аты беріліп, онда кабинет-мұражай ашылды. 
Жайық Бектұровты бұл күндері жерлестері де жақсы біледі. Ақкөл қаласында бір көшеге, жалғыз қазақ орта мектебіне  жазушының  есімі берілген. Жыл сайын қазан айында Бектұров айлығын өткізу дәстүрге айналды. Мектептерде Жайық Кәгенұлының мұраларына арналған тақырыптық кештер, сынып сағаттары, тәрбиелік шаралар ұйымдастырылады. Аудандық «Ақкөл өмірі» және «Знамя Родины KZ» газеттерінде жиі-жиі еске алу мәтіндері жарияланып тұрады.

 

Ахметжан Қалиолла Саматұлы

Қалиолла Саматұлы Ахметжан – республикамызға белгілі суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, қару зерттеуші-этнограф ғалым, Тарих ғылымдарының кандидаты, «Мәдениет қайраткері». 
1949 жылы 6 сәуірде Ақмола облысы Алексеевка ауданының Өрнек  селосында туған. Ұлты - қазақ. 
Білімі жоғарғы, 1977 жылы Ленинградтағы ССРО Көркемсурет Академиясының И.Е.Репин атындағы живопись, скульптура және архитектура институтын бітірген. 
Өзінің еңбек жолын 1966 жылы «Хлебороб» совхозында жұмысшы болып бастаған.
Институт бітірген соң 1977 жылдан 1996 жылға дейін Алматының О.Таңсықбаев атындағы көркемсурет колледжінде мамандық пәндер оқытушысы болып жұмыс істеді. Бірнеше жыл живопись пәнінен циклдық комиссияны, кейін көркемсурет-педагогика бөлімін басқарды. Көп жылдар бойы ұстаздық қызмет барысында бейнелеу өнерінен көптеген шәкірттер дайындаған, олардың кейбірі қазір елімізде және шет жерлерде аты белгілі суретшілер. 
1996 жылдан 2000 жылға дейін Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінің этнология бөлімінің аға ғылыми қызметкері, кейін жетекші маман  болып жұмыс істеді. Музейде оның қорындағы ескі қару-жарақ коллекциясын ғылыми зерттеумен айналысты. 1996 жылдан 1998 жыл аралығында ҚР Ғылым Академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында өнер бөлімінің аға ғылыми қызметкері болып қосымша жұмыс істеді. 
1999 жылы Ахметжан Қ.С. академиялық білімі, көп жылдық шығармашылық тәжірибесі бар суретші және музей ісі саласында бірнеше жыл еңбек еткен маман этнограф ретінде Астанадағы ҚР Президенттік мәдениет орталығына жұмысқа шақырылып, Орталықтың ғылыми-көркем тұжырымдамасын жасауға, музей қорын жинақтауға және музей экспозициясын жасауға мол үлес қосты. 2000-2003 жылдары реставрация бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарғанда ҚР Президенттік мәдениет орталығы музейінде реставрация ісін ұйымдастыруға көп еңбек сіңірді. 
1971 жылдан белсенді түрде шығармашылық еңбек етіп келеді. Живопись және кітап безендіру өнерімен айналысады. 1979 жылғы Қазақстан ЛКЖО ОК өткізген алғашқы «Жігер» Шығармашылық жас-тар фестиваліне қатысып, дипломмен марапатталды. Көптеген қалалық, топтық, республикалық және шетелдік көркемсурет көрмелеріне қатысқан, бірнеше жеке көрмелерін өткізген. 1984 жылдан ССРО және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, 
Суретшінің туындылары Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің, ҚР Орталық мемлекеттік музейінің, ҚР Президенттік мәдениет орталығының, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейінің, Семейдің Невзоровтар атындағы өнер музейінің, Кутаисидің Сурет галереясының (Грузия) коллекцияларында, Англия, АҚШ, Швеция, Пакистан, Жапония, Германия және Қазақстандағы жеке коллекцияларда сақтаулы.
Қ.С.Ахметжан көп жыл бойы ғылыми-зерттеу жұмысымен де айналысып келеді. Зерттеу тақырыбы: қазақтардың әскери ісі мен қару-жарағының тарихы, көшпелілердің бейнелеу өнерінің тарихы.  Ол қазақтың дәстүрлі қару-жарағы тарихынан республикадағы жалғыз білікті маман, 100 астам ғылыми мақалалардың және екі ғылыми монографияның авторы. 1992 жылы ең үздік мақалалары үшін «Ана тiлi» газетінің лауреаты атанды. 
1996 жылы Қ.С.Ахметжанның «Жараған темір кигендер (батырлардың қару-жарағы, әскери өнері, салт-дәстүрлері)» атты кітабы жарық көріп, сол жылы ҚР Бас-па ісі жөніндегі агенттігі өткізген «Ең үздік баспа, үздік кітап, үздік басылым» конкурсының қорытындысында «Өнер туралы кітаптар» номинациясы бойынша үздік кітап аталды. 2003 жылы «Қазақтың дәстүрлі қару-жарағы: даму тарихы, құрылымы, этномәдени функциясы (тарихи-этнологиялық зерттеу)» тақырыбында кандидаттық дисертация қорғады. 
Қ.С.Ахметжанның 2006 жылы шыққан «Қазақтың дәстүрлі қару-жарағының этнографиясы» атты кітабы де елімізде мамандардың жоғарғы бағасына ие болды. 2007 жылы орыс тілінде шыққан «Этнография традиционного вооружения казахов» атты кітабы Мос-квада өткен ТМД мүшелігіне кіретін мемлекеттердің «Кітап өнері» атты IV Халықаралық конкурсында III дәрежелі дипломға ие болды. 
2001 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
2006 жылы мәдениетті, бейнелеу өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Көркемсурет академиясының Дипломымен және алтын медалімен марапатталған.
2007 жылы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған.
 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары