Моншақтының інжу - маржандары 2

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы  «Моншақтының інжу-маржандары» жобасы кешегі Моншақты болысына, бүгінгі Ақкөл ауданына қатысы бар (дүниеге келген, тұрып, еңбек еткен) ел мақтанышы азаматтар жайлы деректер жинақтауды көздейді. Жоба қорытындысы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында шығарылады. 

Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетов

Сағадат Қожахметұлы Нұрмағанбетов (25 мамыр 1924, Ақмола облысы, Еңбек ауылы — 24 қыркүйек 2013, Алматы) — әскери қайраткер, армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі, «Халық қаһарманы», Алматы, Астана, Донецк (Украина) қалаларының, Ақмола облысының, Ақкөл ауданының құрметті азаматы.
Сағадат Нұрмағамбетов өзін тұтастай Отанға қызмет етуге арнаған адам. ҚР ҚК Жоғарғы Бас қолбасшысының жетекшілік етуімен ол заманауи Қарулы Күштердің іргетасын қалады.
Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, Кеңес Одағының батыры, тұңғыш Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов ел үшін күрмеуі қиын-қыстау кезеңде әскерді басқара отырып, оның қалыптасуы мен дамуына баға жетпес үлес қосты. Оның жоғары беделі әскери әлеуетті сақтап қалуға және жеке құрам арасында әскери тәртіпті нығайтуға септігін тигізді.
Бұл уақытта ҚР ҚК негізін бұрынғы Орта-Азиялық әскери округтің құрамалары мен бөлімдері, сондай-ақ республикамыздың аумағында шоғырланған гарнизондар құрады. Сол кезеңде кадрлардың күрт азаюы басталғаны ҚР ҚК ардагерлерінің әлі есінде. Біршама офицерлер мен прапорщиктер өздерінің тарихи мекендеріне кете барды. Қазақстандық сардарлар үйлеріне оралды, бірақ, олар саусақпен санарлықтай болды. Жеке меншік кадрлардың жіті қажеттілігі туындады.
90-шы жылдардың басында тоқырау заманда ҚР ҚК бастапқы құрылу  кезеңінде қолда бар кадрды, қару-жарақ пен әскери техниканы сақтап қалып, Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштер түрлері басқару органдарының құрылымын құру анағұрлым маңызды міндет болды. Жүргізілген реформа нәтижесінде Қарулы Күштердің құрылымы мен саны оңтайландырылды. Олардың құрамы, орналасуы мен тағайындалуы егемен Қазақстанның әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалар негізге ала отырып нақтыланды. Қолданыстағы әскери оқу орындары базасында офицерлік кадрларды  дайындау ұйымдастырылды.
Армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов Кеңес Одағының батыры, Ұлы Отан соғысының ардагері бола тұрып, соңғы демі қалғанша бұрынғы Кеңестің өзге де республикаларында мекен еткен майдангерлермен тығыз, достастық қарым-қатынаста  болды. Көптеген алыс шетелдегі ардагерлер мен генералдардың ол туралы ой-пікірлері өте жақсы. Дәл осы адам ардагерлер қозғалысының негізін, іргесін қалады.
Сағадат Нұрмағамбетов заманауи қазақ-стандық армияның шынайы мақтанышы әрі негізін қалаушысы. Бүгінде ҚР Қарулы Күштерінің  бірнеше ұрпақ офицерлері, жоғары әскери оқу орындарының курсанттары мен республикалық әскери мектептерінің тәрбиеленушілері үшін Сағадат Нұрмағамбетов тірі аңыз, табандылық, ерлік және Отанға қалтқысыз адалдықтың үлгісі іспетті.

baribar.kz

Өмірбаяны

Ұлы Отан соғысына қатысқан.  1942 жылы әскер қатарына шақырылды. 1-Белорус майданында, Солтүстік Кавказ, Украина, Молдавия, Польша, Германия майдандарында соғысқан. Пулемет взводын, ротаны, 5-екпінді армияның атқыштар батальонын басқарды. Гитлер канцеляриясын шабуылдауға қатысты.
1946 жылы Әскери академияны
1981 жылы Бас штаб академиясын бітірді.
1950-1989 жылдары – Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, Орта Азия әскери округы әскерлері бастығының орынбасары, Оңтүстік әскер тобы (Венгрия) бастығының бірінші орынбасары.
1990 жылдан ҚР соғыс, еңбек және Қарулы күштері ардагерлері Кеңесінің төрағасы
1991-1992 жылдары Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы.
1992-1995 жылдары ҚР Қорғаныс министрі, армия генералы.
1996 жылы ҚР Президентінің кеңесшісі. КСРО, Ресей, Украина, басқа да мемлекеттердің ордендерімен марапатталған.
Армия генералы, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы.
Үйленген. 2 баласы, 4 немересі бар.

 

Қанат Тасыбеков

Бүгінде қазақ тілін үйретуге бағытталған түрлі әдістемелер мен оқу құралдары көбейіп келеді. Бұған тек қуануға болады. Мәселен, Қанат Тасыбеков сынды азаматтар тіл үйренудегі өз тәжірибесін ортаға сала отырып, «Ситуативный Казахский» атты еңбекті жазып шыққан екен. Ол «Мемлекеттік тілді дамыту үшін алдымен тіл үйретудің әдістемесін дұрыстауымыз керек» деген пікірде. Осы орайда біз авторды әңгімеге тартуды жөн көрдік.
– Сіз «Ситуативный Казахский» деген кітап жазып шықтыңыз. Жазушы емессіз, филолог емессіз, бұл кітапты жазуға не әсер етті?
– Мен бұрын - соңды өмірімде кітап жазып көрген емеспін. Тіпті ол туралы ойламаппын да. Бірақ «басқа түссе баспақшыл» деген. Жас елуге келгенде бір ой маза бермеді. Бұрын елуге келген адам ел ағасы атанып, жұртқа жол көрсеткен ғой. Мен болсам әлі қазақша дұрыс сөйлей алмаймын. Бір жерге барсаң да «Ооо, Қанекең келді» деп төрге отырғызады. Алдымен сөз береді. Соңынан бата сұрайды. Сондай кездері қазақша ойымды дұрыс жеткізе алмай, қиналып қаламын. Енді орысша бата берген біртүрлі ғой. Расы керек, бұрын байқамаппын. Жас келгенде барып өзімнің орнымды түсіндім. Содан бизнесімді, бар тірлігімді ысырып қойдым да тіл үйренуге көштім. Өзім француз тілін жақсы білемін. Францияда 4 жыл тұрдым. Ұзақ жыл жылқы баптау кәсібімен айналысқан едім. Содан не керек, елуге келген соң, бәрін тастадық. Бала-шаға да өсті. «Әркім өз жолын, өз нанын тауып жер, мен енді ана тілімді меңгеріп алайын» деп ойладым. Содан қолыма қалам алып әр жағдайға қазақша мәтіндер жазып дайындалдым. Жаңағыдай біреу баласының сүндет тойына шақырады, қайтыс болған адамның отбасына көңіл айту керек болады. Соның бәріне қазақша сөйлем құрадым. Мысалы, қаралы үйге барғанда «марқұмның арты қайырлы болсын, топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын» деп айту керек. Жазып аламын да, жаттаймын. Барып соны айтып беремін. Қазақ тілін осылай әр жағдайға мәтін құрап жүріп меңгеріп алдым. Кейіннен орыстілді достарым «Қанеке, бізге де қазақша үйрет, сен барған тойға, қаралы үйге біз де барып жатырмыз. Тілекті қазақ тілінде жеткізейік» деп қолқа салды. Жазып, жинаған мәтіндерімді сұраушылар да болды. Сол кезде «осының бәрін жинап, сұрағандарға таратайын» деген ой келді. Қарасам жазған-сызғаным әжептәуір дүниеге айналыпты. Сөйтіп, кітап жазуға тура келді ғой.
– Елуге келген адамға қазақ тілін меңгеру кеш емес пе?
– Ештен кеш жақсы деген. Тілді үйренудің әдіс­темелерін іздей бастадым. Алдында айттым ғой, бұрын он айда француз тілін үйренгенім бар. Енді ол кезде Мәскеуде оқыдық. 1990-1991 жылдары болатын. Ол уақытта кеңестік әдістеменің мықты кезі. Он ай ішінде французды ана тіліңдей сайратып қояды. Мен тіл үйрету әдістемесіне сүйенгенім жоқ. Себебі, алдымен мектептің тіл үйрету әдістемесін қарадым. Орыс балаларымен сөйлестім. Олар қазақша жөнді білмейді. Маған «мектептің әдістемесі жарамайды. Егер жақсы болса, мына орыс баласы мүдірмей сөйлеуі керек қой» деп ойладым. Сосын үлкендерге арналған әдістеме іздедім. Оны таппадым. Сол кезде ба­рып, қазақ тілін үйрету баяу екенін түсіндім. Бізде қазақ тілін үйрету әдістемесі нашар екен. Себебі ме­нің жай жазған кітабымды жұрт әдістеме ретінде қа­былдады. Таралымы – 15 мыңға жетті. Әлі де сұраныс көп. Қазір соның жалғасы ретінде екінші кі­­тапты шығарайын деп жатырмын. Герольд Бельгер ақ­­сақалымыз бұл кітапты көргенде жоғары бағалап, «мұ­ны «мир казахов» деп атау керек еді» деді. Қазір сол ақсақалымыздың айтуымен бірінші кітапты «Ситу­а­тив­ный казахский – мир казахов», ал екіншісін «Ситуативный казахский – диалоги» деп атадым.

Қанат Тасыбеков пен Айбек Нәбидің сұхбатынан қысқартылып алынды

 

«Ақмола облысында, Ақкөл ауылында тудым. Сонда мектепке бардым, сыныпта жалғыз қазақ болдым, қалғаны татар, неміс, орыс ұлтының балалары еді. Солардың орта­сында төртінші сыныпқа дейін оқыдым. Көп балалы отбасында өстік. Үйдегі алтыншы баламын. Өзің білесің, көп ағайынды отбасында баланың үлкені кішісін бағады емес пе?! Үйдегі ағаларым қазақша біледі. Әке-шешем де қазақ. Бірақ мен қазақша жөнді білмеймін. Бір күні ағамнан: «менің тілім кішкене кезімде қазақша шыққан ба, әлде орысша ма? Неге қазақша білмеймін?» деп сұрадым. Ағам: «Сенің тілің орысша шыққан. Себебі  біз мектепті, институтты орысша оқып едік. Сен 2-3 жасқа келгенде, біз үйде орысша сөйлей бастадық. Сенің тілің де орысша шығып кеткен» деді. Негізі адамның туған тілін білмей өсуіне әртүрлі жағдай әсер етеді. Оған «сатқын», «намысы жоқ», «қазақ тілін білмейді» деп тиісіп, жалған патриоттыққа салыну дұрыс емес. Адамның басы Алланың добы деген. Өмірде әртүрлі жағдай болды. Сондықтан ондай себепті адамның өзінен емес, алдымен болмысынан, туып-өскен ортасынан іздеу керек».

Қ.ТАСЫБЕКОВ

 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары