Моншақтының інжу - маржандары 1

 «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы  «Моншақтының інжу-маржандары» жобасы кешегі Моншақты болысына, бүгінгі Ақкөл ауданына қатысы бар (дүниеге келген, тұрып, еңбек еткен) ел мақтанышы азаматтар жайлы деректер жинақтауды көздейді. Жоба қорытындысы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында шығарылады. 

Балуан Шолақ Баймырзаұлы

Баймырзаұлы Балуан Шолақ (1864-1916) – қазақтың халық композиторы, ат ойынының түрлі тәсілін меңгерген өнерпазы, күш өнерін көрсеткен спортшысы, жауырыны жерге тимеген балуаны. Оның есімін де халық осы соңғы өнеріне сүйсінгендіктен еркелетіп, жас күнінде саусағын үсітіп алуына байланыс-ты «Балуан Шолақ» деп атаған, әйтпесе өзінің азан шақырылып қойылған шын аты – Нұрмағанбет. Шыққан тегі – Ұлы жүздің Дулат тайпасының Сәмбет руынан. Бірақ аталары ерте кезде Арқаға қоныс аударғандықтан, оның бар өмірі Көкшетау өңірінде, атығай, қарауыл руларының арасында өскен.
Әкесі Баймырза ағаш шебері болған. Әкесіне қарағанда, шешесі Қалампыр қарулы кісі болған дейді. 
14 жасынан бастап күреске түсіп, ат құлағында ойнаған спортшы болған, шауып келе жатқан ат үстінде әр түрлі күрделі жаттығуларды шебер орындаған. Мысалы: жүйткіп келе жатқан ат үстінде түрегеліп, не басымен тұруы, аттың бауырынан өтуі, бір аяғын үзеңгіге қыстырып, шалқалап жатып шабуы бойындағы жойқын күшті, ептілікті шебер игере алатындығын, қазақтың далалық цирк өнерінің іргетасын қалағандығын айғақтайды. Көкшетау қаласындағы үлкен жиындарда 51 пұт (830кг-дай) кірдің тасын көтеріп, дүйім жұртты таң қалдырған. 1899 ж. Орыс палуаны Иван Кореньмен күресіп, оның қабырғасын сындырғанда Балуан Шолақ 35-те еді.
Мұның үстіне Балуан Шолақ ән-күйге жасынан құмар болады. Бертін келе, жігіт шағында Балуан Шолақ осы екі өнерді қатар дамытады. Әке-шешесі қайтыс болған соң, Ғаникей деген қызға үйленген Балуан Шолақ ел аралап, салдық құрады және жалғыз-жарым жүрмей, маңына әнші-күйші, палуан, өнерлі жастарды жинайды. 
Өзі ұстаз тұтқан Біржан сал, Ақан сері әндерінің тамаша орындаушысы әрі насихатшысы болады. Олардың әнші-композиторлық дәстүрін берік ұстанып, кейін өзі де ән шығарады. Бұл тұрғыдан алғанда, Балуан Шолақ қазақтың әншілік өнерін өрістетуге үлкен үлес қосқан композитор. Көкшетау, Қарқаралы, Қараөткел, Сарысу бойындағы елдерді түгел аралаған. Балуан Шолақ Баянауыл, Семейде болады, Арқаның әндерін Жетісуға жеткізеді. Осы сапарында Кенен Әзірбаев Балуан Шолақтың көптеген әндерін үйреніп, халыққа таратады.
Балуан Шолақтың «Ащылы-айырық», «Балуан Шолақ», «Желдірме», «Дікілдек», «Көкшетау», «Қосалқа», «Қос барабан», «Қос перне», «Құлан кісінес», «Кенже қоңыр», сияқты әндері бар. Оның халық арасына кеңінен тараған әндері – «Ғалия» мен «Сентябрь». 
Сан өнерімен халқын риза етіп, Сарыарқасын сазды әуенімен тербеткен, заманының айтулы сал-серісінің бірі болған Балуан Шолақ Баймырзаұлы 1916 жылы өзінің өскен өңірі Өзектісайда қайтыс болады. 

БАЛУАН ШОЛАҚ ЖАЙЫНДАҒЫ 
ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
1.Жайық БЕКТҰРОВ «Балуан Шолақ», «Ақкөл өмірі» №3,4,5 (613-614, 615), 19 қаңтар 2018 ж., 26 қаңтар 2018 ж., 2 ақпан 2018 ж.
2. «Балуан Шолақ Нұрмағамбет», «Ақкөл өмірі» №34(121), 22 тамыз 2008 ж.
3. «Балуан бабаларына  барғанда», «Ақкөл өмірі» №24(163), 12 маусым 2009 ж.

 

Әлия Еркінқызы Дәуешова

Әлия Еркінқызы Дәуешова 1977 жылдың қараша айында Қарабұлақ ауы-лында дүниеге келді. Әкесі Еркін Дәуешұлы аудандық партия комитетінің қызметкері, анасы Хамила Құлбекқызы ұзтаздық қызмет атқарды.
Ол үшінші сыныпты Селеті орта мектебінде аяқтап,  орта мектепті № 1 Ақкөл орта мектебінде үздік бітіріп, Қараганды мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсті. Университетті ойдағыдай бітіргеннен кейін, магистратураға оқуға қалдырылды. Магистратурадан кейін университетке оқытушылыққа қалдырылды.
Отбасының қызметтерінің өзгеруіне байланысты Астана қаласына қоныс аударды. Бүгінде Қазақстан Республикасы Президенті  жанындағы мемлекеттік басқару акадамиясының ұстазы.

 

Диссертациялық зерттеудің құндылығы

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ұстазы Әлия Еркінқызы Дәуешованың докторлық диссертациясының тақырыбы: «Аймақтық даму кезеңіндегі қалалық агломерацияны басқару». Тақырыптың құндылығы сонда егемендік алған жас мемлекетте қалалық агломерацияны басқарудың жолдары мен әдістері туралы ұсыныстар бар.
Жалпы урбанизацияның дамуы халықаралық деңгейде, ғалымдардың болжауы бойынша 2050 жылға қарай қала халқы екі есеге өспекші. Урбанизация XXI ғасырдың басты тренді болмақшы. 
Ел Президентінің «Қазақстан - 2050» стратегиясы атты Қазақстан халқына жолдауында еліміз халқының өмір сүру дәрежесінің халықаралық стандартқа жеткізу мемлекеттік саясатының стратегиялық бағыты көлемді түрде көрсетілген. Қалалық агломерация – өзіне көп элементтері кіретін күрделі жүйе. Ішкі және сыртқы миграция салдарынан қалалардың өмір сүру жүйесі күрделене түседі. Мысалы Астана агломерациялық аймағына Ақмола облысының 123 елді мекені еніп отыр. Осы сияқты Алматы, Шымкент, Қарағанды т.б. ірі қалалардың іргесіндегі  ауылдар енуде. Бұл ауылдардағы халықтың саны күрт өсіп жатыр. Өйткені оларда жақсы жайлы жерлерде тұрғылары келеді. Қазақстанда халықтың 40 пайызы ауылды жерлерде тұрады. Әр адам өз отбасына ыңғайлы жерде тұруға құқылы. Агломерация мәселесін шешу - әрбір өңірге ыңғайлы докторанттың зерттеуінде көрсетілген. Зерттеудің негізгі мақсаты Қазақстанда әлеуметтік – экономикалық дамуын қалалық агломерация жағдайында жетілдіруді басқаруды негіздеп ұсыныс жасау. Осы қойылған талаптарды орындауға докторант жеті ұсыныс енгізіп отыр. Диссертация Қазақстан Республикасының қалаларының агломерациясы негізінде жазылған. Диссертацияның зерттеулері халықаралық конференцияларда Қазақстанда және шетелдерде талқыланды. Мұндай талқылаулар Омск, Стамбул, Астана, Өскемен т.б. қалаларда өткізілді.
Докторант Әлия Еркінқызының он бір еңбегі әртүрлі экономикалық журналдарда жарық көрді.
Таяуда өткен үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Мемлекет басшысы биылғы Жолдаудың барлық басымдықтарын іске асырудың маңыздылығына тоқталып, оның ішінде қалалық агломерацияда бар, оларды орындау үшін әрбір басшыға жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Әрбір қала, облыс басшысы докторанттың ұсыныстарымен танысып, күнделікті жұмысында пайдаланса қалалық агломерациясын шешуде зор пайдасын тигізер еді.
Докторант Әлия Еркінқызы диссертациясын жоғары дәрежеде қорғап шықты. Сөйлеушілер жоғары баға берді. Дауысқа салғанда да кеңес мүшелері бір адамдай қолдады. 
Әлия Еркінқызы Ақмола облысының тумасы. Ақкөл қаласының № 1 мектебінің түлегі. Осы ғылыми еңбегін пайдаланып, оны әрқарай жетілдіріп, еліміздің дамуына, көркеюіне зор үлес қосады – деп сенемін. 

Әзиза Мұратқызы, 
Азиялық тынық мұхиттік университетінің (Малайзия) түлегі, 
Астана қаласы
 

 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары