ЕЛ ЕҢСЕСІН КӨТЕРГЕН НАУРЫЗ

Наурыз мейрамын Целиноград ауданының жұртшылығы дүбірлетіп атап өтті.

Иә, аудан тұрғындары көл-көсір қуанышпен жыл басы Наурыз мерекесін қуанышпен қарсы алды. Ақ ордалы киіз үй тігіліп, олар Наурыз көжеден дәм таттырды.

Целиноград ауданының әкімі Малғаждар Сәттарұлы Тәткеев Ұлыстың Ұлы күні мерекесімен құттықтаса, ақсақалдар ақ батасын берді. Орталық алаңда Мәдениет үйінің өнерпаздары саханалық қойылым көрсетіп, мың бұрылған бишілер мен күміс көмей әншілер мереке ажарын аша түсті.

Думанды шарада бір мезгілде 11 ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өткізілді. Балалар асық ату, қазақша күрес, тоғызқұмалақтан жарысқа түссе, жігіттер жағы арқан тарту, қол тірестіру, гір тасын көтеруден сынға түсті. Ал кішкентайлар атқа мініп, алтыбақан тепті.

Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрлер дәріптеліп, «Тұсау кесер», «Қыз ұзату», «Бесікке салу» сынды ұлттық құндылығымызды насихаттайтын салт-дәстүрлер жиналғандарды айрықша әсерге бөледі.

Наурыз мейрамында  Малғаждар Сәттарұлы зейнеткерлердің денсаулығын нығайту мақсатында Ақмол ауылында «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының, «Денсаулық»  және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айқындалған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған «Рухани жаңғыру жобалау кеңсесінің» салтанатты ашылуына қатысып, оның тұсауын кесті. Артынша аудан жастары флешмоб ұйымдастырды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары