Түсіністігі жарасқан отбасы

Көргенде  көзің  тоймайтын, ұзын   бұрымды   сұлу  қыз  Зәурештің   қазақтың   ұлттық  ойыны   көкпар  сайысында   ептілігімен,  білегінің  мықтылығымен, атта   нық  отыруымен   бірден   көзге   түскен   Серікті   алғаш  көргенде  көп  уақыт  өтпей   осы   өнерлі   жігіттің  адал  жары  болатыны   туралы  ойламағаны   айдан  анық.  Дегенмен  уақыт өте   келе,  атап   айтқанда   1975  жылы екі  жас  жүрек  қалауларымен   шаңырақ   құрып,  жеке  отау  болып  шығады.

Енді   кейіпкерлеріміздің     өмірбаянына  тоқталар   болсам,    Серік  Талдин   1951  жылы  Степняк  қаласында   дүниеге  келген.  Әкесі  Қасым  механизатор, анасы  Қайшат  мектепте   мұғалім  болып  жұмыс   істеген.  Олар  дүниеге     үш  қыз  бен  ұл  әкелген.  Балалары  ержете   бастағанда   отбасы   Қызылту   ауданының   Амангелді   кеңшарына   қоныс  аударады. Серік  жергілікті    мектепті   бітіргеннен   кейін,    АКТУ  (ауылшаруашылығы кәсіптік  техникалық  училище)  оқып,  білім  алып,   автокөлік    жүргізушісі   дипломын    алып, осы  мамандық   бойынша   зейнеткер- лікке  шыққанша  жұмыс істейді.

Талдиндер  әулетінің   болашақ  келіндерінің     әкесі    Жанали   Иважанов  механизатор   болып  жұмыс  істеген.   Ұлы  Отан   соғысының   ардагері, көптеген   орден,  медальдармен    марапатталған.   Майдан  даласында  алған   зардаптардың     салдарынан   1965  жылы       дүниеден  озған.   Сол   кезде   балалардың   үлкен,  атап  айтқанда     Зәуреш      11  жаста,  кішісі   5  жаста   екен.  Отағасы   қайтыс  болғаннан   кейін   отбасының    барлық  ауыртпашылығын   көтерген  қырық  бес  жастағы   анасы  Торғай   негізінен   үй  шаруасымен  айналысқанына   қарамастан   дүкенші,  қажет   болған  жағдайда   механикаландырылған  қырманның     жұмысшысы    міндеттерін   атқарған.    Осылайша    тағдыр   сынынан   ойдағыдай  өткен    Торғай  апамыз   барлық   балаларын  өзі  көтеріп,   білім  алуларына,  жеке  шаңырақтар   құруларына   қажетті  жағдайлардың    барлығын   жасайды.       

Анамыз  балаларының  қызығын көріп,  немере- шөбере  сүйіп, 78  жасқа келгенде  өмірден  өтті.  Бір  өкініштісі  Заурештің  інілері   35 пен 40  жастың  аралығында  өмірден   өтіп   кеткендері. 

 Зәурештің    еңбек  жолы   орта   мектепті     бітіргеннен   кейін    Алматы  қаласында    лаборанттық   курсты    ойдағыдай    аяқтап,   осы   өлкедегі  «Қарасар»   элеваторына    жұмысқа  орналасудан   бастау   алды.

Серік  пен  Зәуреш  дүниеге  тоғыз   баланы   - алты   ұлды,  үш  қызды  әкелді.    Бүгінгі  таңда    екеуі   бақытты  отбасы,   елге  сыйлы  адал  жандар, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып,  немере- шөбере сүйіп, солардың қызықтарына   тоймай, қадірменді     ата,  сүйікті  әже атанып отыр.

Бүгінгі   өмір  салтына   бейімделген   отбасының   тыныс-тіршілігі  айтуға   тұрарлық.  Үйлеріндегі  мұнтаздай  тазалық, өзара   түсіністік,  көптеген    отбасыларға     үлгі  боларлықтай.   Көздерінің   қарашығындай  балалары ұрпақтар   сабақтастығын   жалғастыруда.  Тұла бойғы  тұңғыштары  -  ұлдары   Бақыт  Көкшетау  қаласында      тұрады.  Жол мекемесінде   жұмыс  істейді.  Өзіне   жүктелген   міндеттерді    абыроймен  атқарады. Үшінші  ұлы біздің   Өркен   ауылындағы   Куропаткино   орта  мектебінің   директоры қызметінде.  Қазақ  тілінің жанашыры,  білікті   ұстаз.   Басшылық  лауазымды атқарумен   қатар    қазақ  тілі мен әдебиеті пәнінен   сабақ береді.  Жұбайы     Жанна   Ғалымжанқызы   бастауыш сыныптың  мұғалімі.   Бір  кішкентайлары бар. Басқа  ұл-қыздары   да   өмірден  өз  орындарын тауып  отыр. 

Зәуреш  он  саусағынан  өнері  тамған  шебер  тігінші. Қыздары да өзіне тартқан. Жолдасы Серік отбасының тірегі, алтын қазығы, көшбасшысы,  ардақты    әке, сүйікті   ата   қазіргі  кезде    еңбек   демалысында. Ол  күйеу  балаларын да   сыйлап,  өз    ұлындай  көреді.  Серіктің   «Пайғамбар да  күйеу  баласын  сыйлаған»   деген   сөзді   жиі  қайталап   отыратынын   талай    рет  естігеміз.    Келіндерін  қыздарындай көреді, қыздарымен қоса   еркелетіп отырады. 

Жоғарыда   аталған    ауданнан     біздің   Өркен  ауылына    сонау   2003  жылы  қоныс    аударған      сыйластығы  мен   түсіністіктері   жарасқан  отбасы  осындай    мағыналы,  үлгі  тұтарлық        өмір  салтын   ұстануда.   Ардақты отбасының алдағы   өмірлеріне    амандық тілеймін. Шаңырақтары  биік  болсын, жуырда  атап өткелі отырған 50 жылдық «Алтын тойлары» қайырлы  құтты  болсын дегім келеді!

Сөз   соңында   татулығы   жарасқан   отбасы    мүшелерін   жалпыхалықтық  - Наурыз   мерекесімен   құттықтап,  өмірдің   барлық    жақсылығы  мен   шаттығын   тілеймін!

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары