Өңірмен бірге түлеген

Әрбір адам үшін туып-өскен өңірі - шағын отаны қашанда ыстық. Өзінің 90 жылдығын қарсы алғалы отырған аудан ешқашан көнермейді, ол әрі қарай өмір белестерін артқа тастап, дами бермек.

Биылғы жыл әрбір аудан тұрғыны үшін маңызды жыл, ауданның ірге тасы қаланғанына 90 жыл толғалы отыр. Целиноградтықтар бұл оқиғаны мақтан тұтып қана қоймай, оның болшағының жарқын болатындығына да сенімді. 90 жыл адам өмірі үшін аз мерзім емес. Осы жасқа жетіп, аудан жетістігін көзімен көріп отырған өңір құрдастары да баршылық арамызда. Енді осы бір ауданның даму кезеңдері көз алдарында өткен, иықтарына ауыр жүк түскен адамдар төңірегінде сөз қозғауды жөн көріп отырмыз.

Оспанова Хамида Махметқызы 1928 жылы туған. Ата-анасынан ерте айрылып, өгей әке отбасындағы үш қызға ана да, пана да бола білді. Хамида әжей бүгінде оқушы кездегі оқиғаларды сағынышпен, тебіреніспен еске алады. Төңкерістен Тастақ пен Қосшоқыдағы мектепке екі аяқты арбамен қалай қатынағандарын әлі ұмытқан жоқ. 1967 жылы Максимовка ауылына қоныс аударып, осындағы балабақшада ұзақ жыл еңбек етті. Ерімен бірге өзінің 4 баласымен қоса 2 баланы асырап алып, ержеткізді. Қазіргі кезде Хамида Махметқызының 6 баласы, 16 немересі мен 25 шөбересі бар. Шау тартқан жасына қарамастан Хамида әжей әлі де тың, келешек ұрпақты тәрбиелеу ісінде қалыс қалып отырған жоқ.

Кривошеев Михаил Дмитриевич 1928 жылы Максимовка ауылында дүниеге келген. Өзінің анасы, Қызыл ту орденінің иегері, балбармақ сауыншы, еңбек озаты Анастасия Поликарповна мен майдангер әкесін мақтан етеді. Ал Михаилдің өзі Жайнақ стансасында су жүйесінде жұмыс істеді. Әскер қатарында азаматтық борышын өтеп келген соң туған ауылында жүргізуші болып еңбек етті. Ауданның дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін бірқатар мерейтолық медальдармен марапатталған.

Онищенко Екатерина Михайловна да осы Максимовка селосының тумасы. Оның еңбек жолы да айтуға тұрарлықтай. Кезінде колхозда түйелер мен бұқалардың бақташысы болды, орман алқабының күтімін қадағалады. Оның еселі еңбегі лайықты бағаланып, бірқатар үкімет наградаларымен лайықты марапатталды. Қазіргі кезде де ол ауыл өміріне белсене ат салысып келеді.

Байнахатова Гүлбарам – Жалғызқұдық ауылының қадірменді адамдарының бірі. Оның бабалық кезеңі мен жастық шағы да қиын-қыстау кезеңдермен тұспа-тұс келді. Соғыс кезінде анасымен бірге тылда еңбек етіп, майдангерлерге киім тікті. Өзінің 90 жасында да кейуана әңгімеден, сөзден қалған жоқ. Рухани жағынан бай, ән айтып, домбыра шертеді.

Міне, аудан құрдастарының нақты бейнелері осындай, олардың әрқайсының өңірдің дамуына қосқан үлестері зор. Мұндай адамдар жайлы алдағы уақытта жазатын боламыз.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары