ЖАҚСЫДАН – ШАРАПАТ

Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ұлағатты сөз бар. Оны үлкенді-кішілі жиындарда жиі естіп жүрміз. Орнымен айтылған мейілінше дәлелді сөз.

Біздің халқымыз әуел бастан-ақ ата тегіне, әке-шешелеріне үлкен сый-құрметпен қараған. Соның айғағын бүгінгі жастар да өз деңгейлерінде барынша көрсетіп жүр.

Жақында Оразақ ауылының ежелгі тұрғыны Жанат Ахметов өзінің бауырларымен бірігіп, дүниеден ертеде өткен ата-аналары Қасым Рахымжанұлы мен Шәйза Наурызбайқызы құрметтеріне Құдай жолымен арнайы ас берді.

Қасым аға өмірбойы еңбектен қол үзбеген кісі. «Красный флаг» (Оразақ) совхозының белді механизаторы көктем болса егін, жаз болса – шөп, күз туғанда орақ науқанына барынша атсалысқан жан.

Құран хатым барысында асқа жиналған елдің үлкендері мен бүгінгі жастары асыл ағаның өнегелі өмірінен тамаша мысалдар келтіріп еді. Шөп науқаны кезінде, техниканың иесі өзі бола тұрса да, ол малдың азығын алдымен ауылдастарына, үлкендерге жеткізген екен. Ал аналары Шәйза саны 1100 бас болатын сауын сиырларын күтімге алған кісі. Қолмен атқарылатын жұмыстан ол бірде-бір шаршамаған балбармақ сауыншы болған.

Жиында ел алдында сөз сөйлеген Жанат қажы Ахметов анасының тағы бір өнерін көпшіліктің есіне салды.

– Сауын сиырлары шоғырланған кешеннің сауыншылары үшін анам Шәйза арнайы халаттар да тікті, - деді толғана сөз сөйлеген Жанат Қасымұлы. – Соның бәріне үлгерген анамыздың еңбекқорлығы бүгіндері өзінің ізін басқан ұрпақтарына да жұғысты болды.

Соңдарында қалған 6 бала ата-ананың атына кір келтірген жоқ. Бәрі де өмірде өз орындарын тапқан, жеке-жеке өз алдарына шаңырақ көтеріп ел қатарлы өмір сүріп жатыр. Ішінде немере-шөбере сүйіп отырғандары да баршылық.

Тіршіліктің таянышы ұрпақ болса, олардың ауызбіршілігі – адамзат үшін айнымас өнеге ғой. Сол қасиеттерді біз осы Ахметовтер әулетінен көптен бері көріп жүрміз. Олардың бәрі Астана қаласының құрметті тұрғындары.

Жанат ер балалар ішінде үйдің үлкені, ата-анасының міндетін адал орындаған ерекше тұлғалы, қазақтың абзал азаматы дер едім.

Дін жолына шынайы берілген тақуа кісі сондай болар деп ойлаймын. Кәсіпкерлікпен айналысып, айналасына ағайын-туыстарын ұйытып жүрген парасатты бір жан. Соңына ерген іні-қарындастарына ақылшы, бүгінгі үлкен Ахметовтер шаңырағына тіреу болған бәйтерек іспеттес азамат.

Ата-аналары бұл жалған дүниенің қызығын көрмесе де – балалары олардың сенімдерін толығымен ақтады. Салиқалы Ахметовтер жанұясы – көпшілікке үлгі болып отырған үлкен орта.

Елорда Діни басқармасының белді қызметкері Сансызбай қажы, Оразақ ауылының имамы Тимур Дәметов пен аудан мешітінің уәкілі Увайда ел алдында уағыз айтып, таза асыл дініміздің керемет қырларынан әдемі мысалдар мен өнегеге толы әңгімелерімен бөлісті.

Құранда: «Ақиқатта адам баласын ардақта!» деген сөз бар. Осы хадистің мәнісі мейілінше терең. Мұны бағалаған кісі екі дүниенің де абзал қонағы болары анық.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары