ДӘУРЕН ЕКІ КЕЛМЕЙДІ

Рахыжан Ерсейітов – облысқа кеңінен танымал партия қызметкері. ұзақ жылдар бойы Талас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жемісті қызмет атқарған. Р.Ерсейітов – талапшыл басшы болуымен қатар айтар ойын кестелі сөздермен дестелеп жеткізетін, жәй қалжыңының өзі өңменіңнен өтер өткір болып келетін, қазақы сөздің дара шебері болған кісі. Жақсы адамның артында айтқан өрелі, өрнекті сөзі қалады, атқарған айтулы ісі қалады. Сол Талас ауданында Рахыжан Ерсейітов басшылық еткен тұста аудандық газетте жауапты қызмет атқарған ардагер журналист Әскербек Құйқабайұлының ол кісі туралы естелік-эссесін "Ғұмыр-Дария" газетінің оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.

Рахыжан Ерсейітов соңында әдепті әзіл, кестелі сөз қалдырған кісі. Соның бір-екеуіне тоқталайын. Бірде Рахыжан: «Сонау Сарыарқаға елдің шетінде, желдің өтінде жүрген малшылардың жағдайын барып көріп қайтуға іссапарға мекеме басшыларын жіберемін. Бұлар артынып-тартынып Ақкөлден шығады. «Сапарларың сәтті болсын!» деген қырға барғанда естерінен танады. Содан Арқада біраз күн болып сайран салып,  «Хош келдіңіздер!» деген  жерге келгенде естерін жияды», -депті. Өте өткір, әрі әділ сөз.
***  
Редакция және баспахана бастауыш ұйымының хатшысы кезім. Әбдірахман Әбдірәсілов – газеттің бас редакторы. Обалы не керек, Әбекең партияға шын берілген азамат еді. Ол кісіні «Рахымжан Ерсейітовтың оң қолы» деп әзілдейтін қатарластары. Шынында солай. Рахаң да Әбекеңді қатты құрметтейтін. Баяндамасын Әбекеңе жаздыратын. Сірә, сөзі салмақты болса керек.  «Өзің комсомолсың, өзің талқан жейсің?» дегендей, менің де жасыратыны жоқ, ащы су десе жұтынып тұратын жастау кезім. Бірде баспахананың бастығы Сәбен Қойшыбай масаңдау күйде машина жүргізіп келе жатып, тәртіп сақшыларының қолына түсіп қалыпты. Айықтырғышқа апарайын десе, қалтасында партиялық билеті бар. Жүргізушілік куәлігін сыпырып алыпты да, өзін босатып жіберіпті. Аудандық партия комитетіне сол күнгі кезекші милиция хабарласып, болған жайды боямасыз айтады. Сонымен, Сәбеңнің мәселесін өзіміздің бастауыш ұйымда «май шаммен» қарап, қатаң сөгіс беріп, ақырында аудандық партия комитетінің бюросына алып келдік. Сөйтіп, Сәбен сыбағасын алды. Сондағы Рахаңның айтқан сөзін қаз қалпында қағазға түсіргім келіп, қанша тыраштансам да, жеріне жеткізіп жаза алмадым. Тілден өткен ащы, тілден өткен тәтті жоқ екеніне сол жолы көзім анық жетті. Хатшының шешендігіне шек келтіре алмадым. Сәбеңді сыртқа шығарып жіберіп:
-Боламын деген кісінің бетінен қақпай, белін буғым келеді. Әлгінде жанына тигізіп әдейі айттым. Еркіне жіберіп есіркесең, есіріп кетеді. Ағашты тез түзейді, адамды сөз түзейді, - деген еді Рахаң сол жолы. Сөз-ақ қой!!!
***
Рахаңның бірінші хатшы болып жаңадан сайланған кезі. 23 ақпандағы Кеңес әскері мен  әскери –теңіз флоты күні мерекесіне арналған салтанатты жиынға жиналдық. Жиналыстың бәрі ол кезде  Ақкөлдің ескі клубында өтетін. Сахна төріне қойылған үстелге аудан басшылары келіп жайғасты. Байқаймын, бірінші хатшы ашулы. Алдыңғы қатарда отырған аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушілері мен нұсқаушыларына қаһарлана қарап:
-Неге, адам аз жиналған? Мекеме басшыларынан басқа жұмысшы-қызметкерлер қайда?, - деді.
Хатшының салқын қабағын танып, зал іші сілтідей тына қалды.
-Соңғы кезде байқаймын, жиналысқа көп адам келмейтін болып жүр. Мен Рафик Асадулин емеспін. Күні кешеге дейін ағадан аса алмай әдеп сақтап келдім. Бұдан былай жиналысқа келмеген басшылармен «басқаша» сөйлесемін. Бастауыш партия ұйымының хатшыларына да қатаң шара қолданатанымды ескертемін, -деді бірінші хатшы. Онан соң  әр мекемеден келгендерді жекелеп түгендей бастады. Жиналысқа әр мекемеден 4-5 адам ғана келіпті.  
Келесі күні мекеме басшылары мен бастауыш партия ұйымы хатшыларының мәселесі аудандық партия комитетінің бюросында қаралды. Сыбағамызды алдық. Содан кейін ешкім жұмысқа, жиналысқа кешікпейтін болды. Ал, 8 наурыз – әйелдер мерекесі күні ескі клубтың кең залына адам сыймай кетті. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» деген халық даналығы еске түсті. Шынында да басшы сәл күле қараса жайылып жүре беретін қашанғы қазақы әдетіміз қалған ба?!
***
Аудандық партия комитетінің мәжіліс залдында тағы бір тағылымды жиын өтіп жатты. Рахыжан Ерсейітов ұзақ баяндама жасады. Әйтеуір, тәртіп туралы көп айтылды.
-Мен мына Тұрғынды шаруа-шылықтарға жиі жіберемін. Тексертіп тұрғанның терістігі жоқ. Тапсырманы тастай етіп орындайды, бірақ барған жерін өртейді. Мен соның соңында жүріп сол өртті сөндірумен боламын, - деді. Рахаңның сөзінің жаны бар. Аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы  Тұрғын Қойшығараұлының жүйесіздік пен иесіздікке жаны қас еді.
***
Аудандық кеңестің кезекті сессия-ларының бірінде Рахаң қорытынды сөз сөйледі. Бір кезде: «Мен жиналыстарда, сессияларда сөз сөйлесем, мына отырған кеңшар директорлары Күмісбек, Мэлс, Үмбетияр, Асан, Кәдірбек, Рысбай, Төлеулер қалғи бастайды. Сірә, менің айтқан әділ сыным бұларға майдай жағатын болу керек. Қадірі жақсы басшы көзге түседі, қадірі кеткен басшы тезге түседі. Сын жоқ жерде, дым жоқ» демесі бар ма Рахаңның.
Қалғып отырған директорлардың ұйқылары шайдай ашылды сонда.
***  
Сол жылдары ғой, кандидаттық мерзімім бітіп, партия мүшелігіне өту үшін бюроға келдім. Ешкім сұрақ қойған жоқ.
-Таласта дүниесі түгел бір адам бар, -деді Рахаң.
Бюро мүшелері ол кім дегендей елең ете қалды. Адамның іші айна ғой, сөз өзім туралы болып тұрғанын сезіп, біліп тұрмын.
-Ол мына тұрған Әскербек. Үнемі күліп жүреді, -деді хатшы мені нұсқап.
-Менің шәкіртім ғой. Мектепте оқып жүргенде де осындай еді. «Аңғалаңбай» деуші ем, -деді Тамабек Қартабаев аға. Бәрі күлді. Сымға қонған торғайдай болып, сызылып отырған бюро мүшелері бір серпіліп қалды.
Рахаң сөзін жалғады.
-Жақында Әскербектің бір көлемді мақаласына көзім түсті. Желпініп жазады, жеңіл оқылады. Мақаласы «Тоқымдай бұлт төбеге келгенде төгіп өтті» деп басталыпты. Тоқымдай бұлт төбеге келгенде төгіп өткенін көргендеріңіз бар ма?
-Бұл кәдімгі әдеби теңеу. Оралхан Бөкейге еліктеген екен, - деді Тамабек аға. Рахаң үндемеді.
Сәлден соң:
- Жақсыға елікте, бірақ желікпе, -деді. Осы сөз ойымда қалды. Жалпы Рахаң елпілдеп, желпілдегенді жақтырмайтын. Менің де кейде «жейдеме» сыймай бөсіп кететінімді ескерткені екенін кейінірек түсіндім.
***
Сонымен 1986 жылдың 18 қыркүйегінде өткен өзін бірінші хатшылық қызметтен босату туралы мәселе қаралған аудандық партия комитетінің пленумында Рахыжан Ерсейітовтың:
-Торғай екеш торғай да балапанын қорғайды. Мен де перзентім үшін күйіп барамын. Бар кінәм – келінімді партия қатарына қабылдатқаным. Талас елінің алдында арым таза, адал еңбек еттім. Қатал болдым, қатыгез болғаным жоқ. Білікті кадрларға үміт арттым. Іскерлерді іске тарттым. Осы отырған сіздерге ел игілігі үшін қатты айтқан жерім болса кешіріңіздер. Талас еліне қарыздармын, -деп айтқан соңғы сөзі әлі есімде.
 

Новости в Вашем регионе