Қажымұқан бабамыздың рухына арналған Чемпионат

6-7 сәуірде Шортанды ауданында Қазақ күресінен даңқты палуан Қажымұқан бабамыздың рухына арналған дәстүрлі ересектер арасындағы Ақмола облысының Жекелей Чемпионаты өтті. Чемпионатта Ақмола облысы бойынша қала мен аудандардан келген 13 командадан 79 палуан белдесті. Чемпионатта облыстық Балуан Шолақ атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұлттық спорт түрлері бойынша директоры  М.Қойшин мен Шортанды ауданының спорт ардагері М.Куртбариев және аудан әкімінің орынбасары Е.Мұхамедин сөз сөйлеп, қатысушылар мен көрермендерді құттықтады.
 

Боз кілем үстіндегі белдесудің тартысты да тартымды боларын балуандар қатарында белбеу күресінен әлем чемпионы, жастар арасындағы Қазақстан барысы Сейтенов Жандос, самбодан әлемнің жүміс жүлдегері Темірханов Данияр, белбеу күресінен әлемнің екі дүркін чемпионы Нұрланұлы Бекбол мен қазақ күресінен спорт шебері Ибраев Жанайлардың болуынан-ақ көрермен көпшілік іштей сезінген еді.
Сонымен, белдесу де басталып кетті. Сайдың тасындай іріктелген сайыпқыран белді балуандардың әртүрлі салмақтағы сайысы көрген көзді қызықтырып, көрерменді қошеметке бөледі. Бірі шалып, бірі жамбасқа алып, қарсыласынан басым түсіп іріктелген балуандар келесі кезеңге өтіп жатты. 
Екі күнге жалғасқан белдесуде ұлттық спорт түрінің елімізде ғана емес ауданымызда да алға басқанын көруге болар еді. Кілең мықтылармен белдесе білген шортандылық балуандардың арасында күміс жүлдегер шықты. 
Сонымен чемпионат қорытындысы бойынша 55 кг салмақ дәрежесі бойынша астрахандық Құрмет Шыңғыс жеңімпаз атанса, көкшетаулық Орынбай Әлихан екінші орында, ал үшінші орынды Біржан сал ауданының балуаны Қазыбеков Олжас пен зеренділік Кеңес Қанатбек иеленді. 
60 кг салмақ дәрежесі бойынша жерлесіміз Кенжелхан Ержол мен атбасарлық Жаханов Ақжол өзара үшінші орынды бөліссе, екінші орынды аршалылылық Аяпбергенов Серікболсын, ал бірінші орынды зеренділік Нұрбек Ерболат иеленді.
66 кг салмақ дәрежесінде көкшетаулық Қуандықов Рамазан жеңімпаз атанса, екінші орынды бұландылық Әбдуалы Қуандық, ал бұландылық Сахымжанов Данияр мен аршалылық Ғайып Темірхан үшінші орынды иеленді. 
74 кг салмақ дәрежесінде белдескен балуандар арасынан көкшетаулық Дартаев Жанболат жеңімпаз атанса, Біржан сал ауданының балуаны Мырзабеков Мейрам екінші орын иегері, көкшетаулық Бекенов Бағлан мен жарқайыңдық Шайкемелов Марғұлан үшінші орын иегері атанды.
82 кг салмақ дәрежесінде Аршалы ауданының балуаны Жидебай Мақсат бірінші орынды, Бұланды ауданының балуаны Исламбек Кализа екінші орынды,  Бұланды ауданының балуаны Баяндинов Руслан, Көкшетау қаласының балуаны Әнуарбек Мейірбек үшінші орынды иеленді. 
90 кг салмақта аршалылық Батыр Үдер бірінші орынды иеленсе, тағы бір аршалылық балуан Алтынбек Бекзат екінші орынды, целиноградтық Сұлтан Жәнібек пен көкшетаулық Қайырмеденов Мағжан үшінші орынды иеленді. 
100 кг-нан жоғары салмақ дәрежесі бойынша Астрахан ауданының балуаны Келденбек Нұрбол жеңімпаз атанса, Целиноград ауданының балуаны Шаймерденов Серік екінші орын иегері, ал тағы бір  Целиноград ауданының балуаны Нұрланұлы Бекбол мен Бұланды ауданының балуаны Князов Көпжасар үшінші орын иегерлері атанды. 
Аталмыш балуандар белдесуінің көрігін қыздырған Түйе Балуандар белдесуі болды. Жауырыңдары тоқпақтай, бойын күш кернеген «сен тұр, мен атайын» деген жігерлі жігіттер жекпе-жегі жер сілкінтті. Аталмыш белдесудің соңында Белбеу күресінен әлем чемпионы, жастар арасындағы Қазақстан барысы Сейтенов Жандос, Самбодан әлемнің жүміс жүлдегері Темірханов Данияр қарсыластарын жығып, екеу ара белдесті. Белгіленген уақытта бір бірінің осал тұсын таба алмаған қос балуанның мықтысы тек белдесуде ғана анықталды. Сонымен,  Қазақ күресінен даңқты палуан Қажымұқан бабамыздың рухына арналған дәстүрлі ересектер арасындағы Ақмола облысының Жекелей Чемпионатының Түйе Балуаны болып Сейтенов Жандос (Жақсы ауданы) атанды. 
Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен грамоталар табыс етілді.
 

Новости в Вашем регионе