Айтулы акция

Елбасы «Барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқатының артуы» атты Жолдауында Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын ұсынған болатын. Жалпы «Қазақстан-2030» даму стратегиясы ұзақ мерзімді жеті басымдықты іске асыруды қарастырады. Сол басымдықтардың бірі – «Қазақстан азаматтарының денсаулығы, білімі мен әл-ауқаты» тармағында азаматтарымыздың өз өмірінің аяғына дейін сау болуы және оларды қоршаған табиғи ортаның таза болуы үшін азаматтарымызды салауатты өмір салтына әзірлеу қажеттілігі көрсетілген. Өз тәуелсіздігін алған егемен еліміздің жастары жан-жақты дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын ұстанса, жарқын болашаққа барары анық. «Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі» деп тегін айтылмаған.

Осы тұрғыда №1 орта мектептің спорт залында аудандық емхана жанындағы «Сенім» жастар денсаулық орталығының ұйымдастыруымен «Никотинге жол жоқ!» атты акция өтті. Жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыруды, зиянды әдеттерден аулақ болуға шақырып, салауатты өмір салтын ұстануға баулуды мақсат еткен шараға Жамбыл аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бас маманы Гүлшат Ерімбетова, «Сенім» жастар денсаулық орталығының психологы Айзат Жамалова, әлеуметтік қызметкер Құралай Бекбаулова, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері Темірхан Құрматаев, Жеңісбек Бибазаров пен мектеп оқушылары қатысты.
Акция барысында мамандар оқушыларға зиянды әдеттер туралы кеңінен мағлұмат беріп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақырды. Сондай-ақ 5-сынып оқушылары арасында «Салауатты болу – ғасыр талабы» ұранымен «Көңілді мәре» эстафеталық сайысы өтті. 
«Доппен жүгіру», «кенгуру», «қаппен секіру», «қораз тартыс», «арқан тартыс» кезеңдері бойынша сынға түскен топтар спорттан алшақ еместігін аңғартты. 
Ұйымдастырушылар тарапынан қатысушыларға арнайы грамоталар мен сыйлықтар табысталды.

Новости в Вашем регионе