Бос уақытын пайдалы іске арнаған баланың болашағы зор

Оралда мектеп жасындағы балаларды қосымша біліммен қамту оңтайлы жүзеге асырылып келеді. Сабақтан тыс уақытын тиімді өткізген ұрпақтың болашақта белгілі бір салаға бағытталып, елі үшін қызмет етер патриот болары сөзсіз.

Қосымша білімнің берері мол екеніне дау жоқ. Осы ретте қаламыздағы білім саласындағы бұл мәселенің жай-күйін білу мақсатында қалалық білім беру бөлімінің мамандарына жолықтық. Аталмыш бөлімнің мектепке дейінгі, қосымша білім беру және тәрбие секторының меңгерушісі Мәншүк Караеваның айтуынша, қалалық білім беру бөлімінде он мектептен тыс мекеме жұмыс жасайды. Мұның өзі – едәуір көрсеткіш екеніне қуандық. Мекемелерді атап айтар болсақ, төрт саз мектебі, екі мектептен тыс орталық, балалар көркемсурет мектебі, өнер мектебі, «Атамекен» балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы, Оқушылар сарайы. Осындай қосымша білім беру ұйымдарына 2018-2019 оқу жылында 13079 оқушы қамтылыпты. – Қосымша біліммен қамтылған ұл-қыздар бос уақыттарын тиімді өткізіп қана қоймайды, өздерін жақсы қырларынан көрсетуге мүмкіндік алады. Түрлі үйірмелерге қатысатын оралдық жеткіншектер көптеген облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда, спорттық жарыстарда топ жарып жүр. Біз оларды мақтан тұтамыз, – деді Мәншүк Зинулқызы.

Енді жекелеген мектептен тыс қосымша білім беретін мекеме-ұйымдардың тынысына тоқталуды жөн көрдік. 1977 жылы іргетасы қаланған Д.Нұрпейісова атындағы №1 балалар саз мектебі – байырғы нысандардың бірі. Мұнда келетін оқушылар фортепиано, ішекті және үрмелі аспаптар, қазақ халық аспаптары, орыс халық аспаптары, хор, театр және хореография бөлімдерінде білім алады. Ал №2 балалар саз мектебінің оқушылары фортепиано, қазақ және орыс халық аспаптары бөлімінде оқиды. Бүгінгі таңда білікті мамандар дәріс беретін аталған мектептердің алғашқысында – 700-ден астам, екіншісінде – 400-ден астам ұл-қыз оқып жүр. Бұл саз мектептерінің өнерлі тәрбиеленушілері көптеген байқауларда жүлделі орындардан көрініп, ұстаздарының мерейін асқақтатып келеді.  

Бұлардан бөлек Оралда тағы екі балалар саз мектебі жұмыс жасайды. Соның бірі – №3 балалар саз мектебінде 300-ден астам жеткіншек қазақ халық аспаптары, фортепиано, ішекті және үрмелі аспаптар, хор және хореография бөлімдері бойынша бойларындағы таланттарын жетілдіруде. Келесі №5 балалар саз мектебінің жеке ғимараты жоқ болғандықтан, №2, 14, 22, 32, 39 орта мектептерде үйірме ретінде жұмыс жасайды. Негізгі әкімшілік және оқу бөлімі Оқушылар сарайында орналасқан саз мектебінің білім ошақтарындағы үйірмелеріне 300-ге жуық оқушы қамтылыпты. Олар фортепиано, скрипка, хор және ұлт аспаптары бөлімдерінде музыкалық білім алып жүр.  

Д.Нұрпейісова атындағы саз мектебінің ғимаратында орналасқан С.Ғұмаров атындағы балалар көркем сурет мектебінің бұл нысаннан бөлек Оқушылар сарайында, №30, 26, 10, 48 орта мектептерде бөлімшелері бар. Жалпы 650-ден астам шәкіртті көркемсурет өнеріне баулитын мектепте сурет, композиция, кескіндеме, өнер тарихы, компьютерлік графика, дизайн, қолданбалы өнер пәндері бойынша сабақтар өткізіледі. Бейнелеу өнерінің осындай негізгі бағыттары бойынша дәріс алатын оралдық жас суретшілердің арасынан болашақта Сәкен Ғұмаров секілді атақты суретші шығарына сенім мол.

Қала маңындағы Зачаганск және Деркөл ауылдарында оқушыларды қосымша біліммен қамтитын №1 балалар өнер мектебі шәкірттерінің арасында да таланттылар аз емес. Айталық, 2017-2018 оқу жылында бұл мектеп домбырашылар оркестрін, төрт би ансамблін және 80-нен астам лауреаттар мен дипломанттар дайындапты. Сонымен қатар, өнер мектебінің ұжымы халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық байқауларда өнерлерімен дараланған дарынды жеткіншектерімен ерекшеленеді.

Оқушыларға арналған туризм, өлкетану, экология үйірмелері іске қосылған «Атамекен» балалар мен жасөспірімдер туризмі және экология орталығы 2001 жылы құрылыпты. 2018 жылғы маусым айында орталықта балаларға арналған бассейн ашылған. Білімді де білікті қосымша білім беру педагогтары қызмет ететін «Атамекен» орталығына 1500-ден астам бала қатынайды екен.

Оралдағы екі мектептен тыс жұмыс орталығының бірі – қала орталығында, екіншісі Желаев ауылында орналасқан. Қалалық мектептен тыс жұмыс орталығының №13 орта мектепте, №13 МдҰ мекемесіндегі құрылымдық бөлімдері де оқушыларды қабылдайды. Бұл орталықта қосымша білім бағдарламасы спорттық-техникалық, көркем-эстетикалық, әлеуметтік-педагогикалық бағыттар бойынша жүргізіледі. МТЖО базасындағы 231 үйірме әуе-кеме үлгілеу, картинг, стендік үлгілеу, тоғызқұмалақ, шахмат, асық ату, бес асық, қолданбалы және бейнелеу өнері, хореография, вокал, өнер, тілдік сауаттылық бойынша жұмыс жасайды. Ал Желаевтағы мектептен тыс жұмыс орталығында балалар өнер, спорт, шығармашылық, ұлттану және пәндік бағыттар бойынша білім алады.

Қаладағы 2016 жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ашылған еңселі, алыстан көзге түсетін Оқушылар сарайы өз жұмысына кіріскелі жас ұрпақтың шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасап келеді. Бұл ғимаратта ақылы және тегін негіздегі үйірмелер жұмыс жасайды. Спорттық, пәндік-техникалық, өнер-шығармашылық бағыты бойынша оқушыларды қабылдайтын мекемеде биылғы оқу жылында 2500-дей оқушы бос уақытын пайдалы іске арнайды. Сонымен қатар, қаладағы 46 білім мекемесі базасында 150 спорт секциясы бар. Оған қоса қаладағы қосымша білім беру саласында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде бірнеше әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда.

– Қаламыздағы қосымша білім беру педагогтары мен әдіскерлер түрлі конференцияларға қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісіп тұрады. Олардың арасында жетістіктерімен көрініп жүрген педагогтар да бар. Республикалық қосымша білім беру саласындағы білім бағдарламалары, оқу-әдістемелік материалдар және электрондық ресурстар байқауында «Видео сабақ» аталымы бойынша спорттық бағыттағы кезеңде «Тхэквондо» үйірмесінің жетекшісі Т.Байтинов, «Сабақтың әдістемелік құрылымы» аталымында Г.Новикова жүлдегер атанды. Облыстық «Әдістемелік вернисаж» байқауында «Инклюзивті топтардағы білім бағдарламасы» аталымында Г.Новикова, «Әдістемелік ұсынбалар» аталымында Н.Логашкина жеңіске жетті. Біздің оқушыларымыз да ұстаздары секілді жаңашылдыққа, шығармашылыққа, өнерге, спортқа ұмтылып келеді. Шығармашылыққа жақын шәкірттеріміздің жұмыстарын басылым бетіне жариялап жүрген облыстық «Самал» балалар газетіне алғысымыз шексіз. Газет бетінен өзінің мақаласын, өлеңін, жетістігін көрген баланың арманы асқақ, болашағы зор боларына сенеміз, – деді қалалық білім беру бөлімінің сектор меңгерушісі М.Караева.   

№3 балалар саз мектебінің хореография бөлімінің 4-сыныбында оқитын Жанерке Жақсылықова қосымша домбыра сабағына да қатысады. Жанеркенің анасы Күнсұлу Қуандықованың айтуынша, аталған мектепте фортепианодан дәріс беретін ұстазы Наталья Тамбовцева бір жыл бұрын бұларға жақсы ұсыныс білдіріпті. Яғни, Жанеркеге хореография бөлімінің                3-сыныбында оқитын өзінің оқушысы Дарья Масяновамен бірге дуэт құрып, домбыра мен фортепианода жақсы композициялар  ойнауға шақырыпты.                 – Содан бері менің қызым Жанерке мен Дарья дуэт болып, бірнеше өнер байқауларына қатысты. «Үркер» республикалық байқауында Гран-при жүлдесін жеңіп алды. «Қазақстан таланттары» өнер додасында – ІІ дәрежелі,  ал «Таланттар аллеясы» байқауында І дәрежелі лауреат атанды. Домбыра сабағына дәріс беретін Дина Ғаббасова есімді оқытушымыз ұлттық аспапты ойнауды балаларға үйретуге бар шеберлігін салады. Бұл жеңістер – сол еңбектің нәтижесі. Осылайша қызым сабақтан тыс уақытын өнерге арнап, биіктерден көрініп жүр, – деді Жанеркенің анасы.

Мінекей, барлығына уақыт табатын өскелең ұрпақтың бағындырар биігі де көп болары анық. Бос уақытыңызды тиімді іске арнасаңыз, сіздің де мақсатыңыз – айқын, болашағыңыз – жарқын болары хақ, жас достар!

Новости в Вашем регионе