Ақ бата – асыл мұра

«Батамен ел көгерер, жауынмен жер көгерер» деген сөз адамды iзгiлiкке, парасаттылыққа, мейiрiмдiлiкке баулиды. Ендеше бата да сол ұлы қасиеттерге бастаушы әрi тудырушы рухани мұра болып табылады. Бата көркем сөзбен, өлеңмен, шешендiк тiлмен қол жайып айтылады.

Бата қысылғанда – қуат, қиналғанда – медет  беріп, әрбір іс-әрекетіңе даңғыл жол ашып, бәле-жаладан қорғайды деп есептелген.

Халық ақ батадан рухани қуат алады, ол жақсылыққа жол ашады деп сенеді. Сондықтан да қазақтар ежелден-ақ қадірлі қариялардан, атақты батыр, билерден, шашасына шаң жұқпайтын шешендер мен арқалы ақындардан бата алуға құштар болған.

Қазақ елі салт-дәстүрді, әдет-ғұрыптарын қатты ұстанған халық. Осы кезге дейін ата-әжелеріміз сол дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген. Болашақ ұрпаққа жеткізу - біздің міндетіміз.

Наурыз мейрамына орай жас буындарды жаман мен жақсыны ажырата білуге, аталы сөзден ғибрат алуға, салт-дәстүрін, тілін құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында Балқашин №1 орта мектебінде 1-11 сынып оқушылары арасында бата беру сайысы өтті. Іс-шарада ауылымыздың құрметті ақсақалы, аудандық, облыстық және республикалық «Бата беру» сайысының жеңімпазы Жақсыбай атамыз, аудандық тілдерді оқыту орталығының директоры Мендібай ағамыз қадірлі қонақ және әділқазылар алқасы болды. Сайыс үш кезеңге бөлініп, жас батагөйлердің өнері сынға түсті.

Сахна мерекелік кешке сай безендіріліп, оқушылар мен келген қонақтардың барлығы қазақтың ұлттық киімін киіп, бар сән-салтанатымен мерекенің көркіне айналды. Сайысқа қатысушылар өз алдына қарсыластарынан қалыспай дес бермеуге тырысты.

Әділ қазылар алқасының қорытындысы бойынша кіші буын батагөйлер арасынан бірінші орынға Жақсыбай Әліби қол жеткізсе, орта буын батагөйлер арасынан Шурманов Фархат топ жарды. Ал, үлкен буын батагөйлер арасынан Олжас Сүлейменов бірінші орынға лайықты деп танылды. Жеңімпаздар мен қатысушыларға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Ата-бабамыздан мирас болып қалған осындай керемет дәстүріміз өз жалғасын табады деп сенеміз. Дәстүрімізді дәріптеп, салтымызды сақтап жүрейік.

 

Новости в Вашем регионе