«Мен өмірді жырлау үшін келгенмін...»

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев – қазақ халқының Фарабиден Абайға, Абайдан Мағжанға, Мағжаннан бүгінге дейін жалғасып келе жатқан жыр көшіндегі өзіндік орны бар біртуар талант иесі. Ол қазақ поэзия əлеміне шексіз кеңістік пен көз сүрінген биіктік əкелген. Құдіретті қарапайымдылықпен «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып, өзіне қайтарған». Кəусар сезім мен тояттамас көңіл, шалқыған шаттық пен мұңға тұнған махаббат, буырқанған шабыт пен сабырға көнбес сағыныш сыйлаған ақын.

Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев – қазақ халқының Фарабиден Абайға, Абайдан Мағжанға, Мағжаннан бүгінге дейін жалғасып келе жатқан жыр көшіндегі өзіндік орны бар біртуар талант иесі. Ол қазақ поэзия əлеміне шексіз кеңістік пен көз сүрінген биіктік əкелген. Құдіретті қарапайымдылықпен «күпі киген қазақтың қара өлеңін шекпен жауып, өзіне қайтарған». Кəусар сезім мен тояттамас көңіл, шалқыған шаттық пен мұңға тұнған махаббат, буырқанған шабыт пен сабырға көнбес сағыныш сыйлаған ақын.
Бүгін менің туған күнім. Ой, бəле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тəңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай, – деген («Арыз жазып кетейін») мəрт мінезді, өр кеуделі, от жүректі ақын 1931 жылы ақпан айының 9-ы күні Алматы облысы Нарынқол ауданының Қарасаз деген жерінде дүниеге келген.
Жалғыз ұлы Сүлейменнен көрген алғашқы немересін əжесі Тиын бауырына салып, тəрбиелеп өсірген.
Мұқағалидің ақын болуына əжесі мен шешесі Нағиманың ықпалы тисе керек. Өзінің айтуынша, екеуі де қазақтың ауыз əдебиетін, айтыс, дастан, аңыз-ертегілерін көп білген көрінеді.
Жас Мұқағалидің алғашқы өлеңдері 1949 жылы аудандық газетте, 1951-1954 жылдары «Əдебиет жəне искусство» журналында жарияланды. Араға он шақты жыл салып, В.И.Ленин өмірінен «Аппассионато» атты үлкен поэмамен 1962 жылы поэзия əлеміне қайта оралды. «Ильич» деп аталатын поэмалар жинағы – тұңғыш кітабы 1964 жылы жарық көрді.
Содан кейін мерзімді баспасөзде жиі көрініп, «Армысыңдар, достар» (1966), «Қарлығашым, келдің бе?» (1968), «Мавр» (1970), «Дариға-жүрек» (1972), «Аққулар ұйықтағанда» (1974), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгереді.
Мұқағали Мақатаев аударма саласында да өзіндік шеберлігімен толымды еңбектер тындыра алды. Ол əлем əдебиетінің алыптары – ағылшын Шекспирдің «Сонеттерін», америкалық Уитменнің «Шөп жапырақтарын», Италияның ұлы ақыны Дантенің «Құдіретті комедиясын» тəржімалады.
Соңғы жылдары басылым көрген төрт томдық еңбегі (2002, 2006) тіл байлығымен тəнті етеді. Мұқағали əлемі – Жер, Планета, Адам болмысы, Тыныштық, Сенім. Əсіресе ақынның өзек жарып айтар ойы – адам тағдыры, адамның тірлігі, мінезі мен құлқы, сезімі мен түйсігі. Осының бəрін қайталанбас шеберлікпен, тəңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық мінсіз үйлесіммен, əр жүрекпен тіл табысар сыршыл да шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға тəн бейнелі образдармен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырды. Ол өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтеріп, мазмұнын байытты. Оның қанатты поэзиясы қазақ халқының сезімін байытып, кісілігін биіктетіп, парасатын кемелдендіре түсті.
Өткен жұма күні ақынның 90 жылдығына орай аудандық орталық кітапханада «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында «Мұқағали – сырлы әлем» атты поэзия кеші №1 орта мектеп оқушыларының қатысуымен өтті.
Кеш шымылдығын қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Ақдана Құрымбаева мен оқу залының кітапханашысы Ләйлә Есмурзаева ашып, «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» тақырыбында ақынның өмірбаянынан кеңінен ақпарат берді.
Әрі қарай «Жыр жүйрігі» атты поэзиялық сағатында аталмыш мектептің 7-сынып оқушылары Аяулым Өріпбек «Қайран Қарасазым-ай», Еркежан Темірхан «Тағы да өкініш», Нұртай Темірбек «Әттең, шіркін», Мейірім Есберген «Сәби болғым келеді», Диара Алтынбай «Махаббатым өзімде», Айша Бақберген «Кетер ме екем», Маржан Әбдіқадыр «Отаным, саған айтам», Әсем Рақымбек «Бір күніммен қоштастым» атты өлеңдерін мәнерлеп оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. 
Кеш соңында қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы Құралай Асхатаева «Қазақ поэзиясының Хантәңірі», «Тәуелсіздік – тұғырым» атты кітап көрмелеріне библиографиялық шолу жасап, «Әр өлеңі – бір әлем» тақырыбындағы слайдты көпшілік назарына ұсынды.

Новости в Вашем регионе