Көп жасаған қария, ақылы теңіз - дария

Республикалық "Батагөйлер сайысының" жүлдегері - Жақсыбай ата.

Естеріңізде болса Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен бата беру дәстүрін дәріптеу мақсатында өңірімізде алғашқы рет аудандық, облыстық «Батагөйлер сайысы» болып өткен еді. Даналық дәстүріміздің дара үлгісін көрсеткен сайыста бақ сынаған батагөй қариямыз Жақсыбай Құрманұлы аудандық кезеңде топ жарып, облыстық кезеңде өз өнерімен халықты тәнті етіп, Республикалық «Батагөйлер сайысына» жолдама алған еді.

Республикалық «Батагөйлер сайысы» Атырау қаласында өткен болатын. Тағылымы мен тәрбиелік мәні зор мәдени шараға Республикамыздың 14 облысы мен 3 қаласынан ат терлетіп келген тілге шешен, аузы дуалы ақсақалдар өзара бақ сынасты. Бұл шараның ұлтымыздың рухани жаңғыру ісіне, ата-бабалар мұрасын насихаттауға, аға ұрпақ өкілдерінің беделін одан әрі арттыруға үлкен үлес қосары сөзсіз. «Баталы ұл арымас»,– деген қағиданы ұстанған қазақ халқы ежелден ұлы дәстүрге ерекше мән бергені осыдан.

Ереже бойынша байқауға қатысушы қариялар үш кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезеңде тарихта аты қалған, ел ауызында жүрген тұлғалардың баталарын нақышына келтіріп орындау болса, келесі кезеңде өзі шығарған қазақтың жиын тойларында беріліетін батаны беру керек болатын. Ал, шешуші үшінші кезеңде ұлттық салт-дәстүрге байланысты сауалдарға жауап беру керек еді.

Республикалық байқаудың әділ қазылар алқасы қатысушылардың өнерін бағалау кезінде тіл тазалығына, мазмұны мен ой тереңдігіне, батаның берілу шеберлігіне, дауыс мақамына, ұлттық киім үлгісіне, сахна мәдениетіне ерекше назар аударған болатын.

Осылайша үш кезеңде сүрінбей, топтың ішінен суырылып шығып, облысымыздың намысын қорғап, өзінің сүбелі, салиқалы сөздеріне арқау еткен көкірегі қазынаға толы Жақсыбай қария Республикалық «Батагөйлер сайысында» жүлделі үшінші орынды иеленіп, еліміздің абыройын асқақтатып, мерейін үстем етті.

Елдің мерейін арттырып, жерлестерін қуанышқа бөлеген Жақсыбай ақсақалымызды еңбектің арқасында жеткен жетістігімен құттықтай отыра, деніне саулық, туған-туысқандарына амандық, әр-бір берген батасының қабыл болуын тілейміз.

 

Новости в Вашем регионе