КЕСЕНЕЛЕР ҚАЛАЙ АМАН ҚАЛДЫ?

Қасиетті де, киелі Айша бибі мен Бабажа Хатун кесенелерін Ұлы Отан соғысы жылдарында бұзбақ болғандардың қара ниетіне қарсы тұрған қазақтың қара кемпірі Бейсекүл Марайым келіні мен археолог-ғалым Героним Иосифович Пацеевич екенін бүгінде екінің бірі біле бермейді.Оқырманға түсінікті болуы үшін оқиғаның қалай өрбігені туралы рет-ретімен баяндайық.  
 

Көненің көзі ретінде қазіргі заманға дейін сақталып келе жатқан тарихи ескерткіштер Жамбыл облысында баршылық. Соның бірегейі – Айша бибі мен Бабажа Хатун кесенелері. Кесенелер Тараз қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан. Сәулетті. Ерекше, арнайы дайындалған кірпіштерден өрілген. Х-ХI ғасырларда салынған деген жорамал бар. Бабажа апамыз туралы аңыз әр түрлі. Атақты Айша сұлудың қамқоршысы, мазарының шырақшысы болған дейді бізге жеткен деректердің көбінде. Бүгінде киелі де, қасиетті болған кесенелерге тәу етушілер көп-ақ. Тарихи ескерткіштерді 1897 жылы В.Каллаур, 1938 жылы А.Бернштам, 1953 жылы Т.Бәсенов зерттеген. Кесененің сапалы салынуы оның ұзақ сақталуына себепкер болуда.
Сәулет өнерінің әлемге белгілі ғажаптары болып саналатын сол кесенелердің ХХ ғасырдың 40-шы жылдарында жер бетінен жоқ болып кету қаупі туындағанын бүгінде біреу білсе, біреу біле бермес. Бұл жөнінде әртүрлі алып-қашпа әңгімелер де көп. Анық-қанығына жету үшін біз архив құжаттарын ақтардық, осы кесенелердің шырақшысы болып келе жатқан азаматтармен пікірлестік. Нәтижесінде назар аударарлық дерекке қанық болдық.
1938 жылы Жамбыл қаласында Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі ежелгі тарихи ескерткіштерін зерттеп, қорғаумен айналысатын археологиялық пункт құрылған болатын. Алғашында онда бір ғана ғылыми қызметкері Г.И.Пацевич пен қарауылы ғана болды. Пункт Қарахан кесенесінде орналасты. Таластың батыс өңіріне, Билікөл аумағына, Берікқара қорғандарына экспедиция жасап, тапқан олжаларын Ленинградтағы шығыстану академиясына жөнелтіп жатты. Дәуітбек, Қарахан, Айша-бибі, Бабажа Хатун, тағы да басқа тарихи ескеткіштер археологиялық пункттің қарамағына берілді. Оның атқарған жұмысы ұшан-теңіз. Ең бастысы Бабажа Хатун кесенесін сақтап қалуда табандылық танытты. Жамбыл облысы мемлекеттік архивінде осы оқиғаға байланысты құжаттармен бірге археолог, пункт меңгерушісі Героним Пацевичтің Жамбыл облыстық атқару комитетіне жазған баянхаты сақталған. Қазіргі Айша бибі ауылы ол кезде «Головачевка» деп аталатын. Ұлы Отан соғысы жылдарында осы ауылдың өкпе тұсында Чугуев атындағы әскери ұшқыштарды даярлайтын мектеп орналасқан еді. Мектептің бастығы Балабай деген нәсілі еуропалық қуыс кеуде біреу болса керек. Ол 1943 жылдың 18 қаңтарында кесене шырақшысы әрі қарауылы Бейсекүл Марайым келініне келіп, монша салу үшін кесенелерден 2 мың кірпіш алатындығын ескерткен. Бейсекүл не айтарын біле алмай, жылап жібереді. Ботадай боздап, орыс тілінде шатып-бұтып, кесенені бұзуға болмайтындығын, оның киелі екендігін айтады.
Сол сәтте ата-бабасынан бастап ғасырлар бойы бүгінгі күнге дейін киелі орынның шырақшысы болып келе жатқан Бейсекүл ері Тойшыбектің көмегімен шыңылтыр аязға қарамастан Аса өзенін кесіп өтіп, сол күні Жамбылға жетеді. Жылап тұрып, әскерилердің ертең кесенелерді бұзып, кірпішін алатындығын айтады. Хабарды естіген археологиялық пункттің басшысы Героним Иосифович Пацевич шошып кетеді. Ғалым киінер-киінбестен Бейсекүлді жанына ертіп, облыстық партия комитетіне қарай жүгіреді. Алайда сол күні жиналыс болып жатқандықтан бірінші басшыға кіру мүмкін болмайды. Түннің бір уағына дейін күтеді. Хатшы жиналыстың таңға жуық қана бітетіндігін айтады. Героним тезірек әрекет ету үшін облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына баянхат жазып, хатшыдан жедел басшысына беруді өтінеді. Түннің болғанына қарамастан жиналыс болып обкомнан құстай ұшып, әскери мектепке келеді. Мектеп басшысы кесенені бұзуға бірінші хатшы Ткаченко жолдастың өзі ауызша рұқсат бергендігін айтады. Героним әскерилерге кесенелерді бұзуға болмайтындығын, тарихи маңызы бар ескерткіш екендігін шегелеп айтады. Бірақ әскери шендегі командир алған бетінен  қайта қоймайды.
20 қаңтар күні жүк таситын мәшинемен келген әскерилер алдымен Бабажа Хатун мазарын бұза бастайды. Бейсекүл апаның жанайқайына да, жылағанына да қарамастан, сол күні кесененің шатырын талқандап, мыңға жуық кірпішін әкетеді. Кесененің шатыры құлап, бір жақ қабырғасы үңірейіп қалады. 21 қаңтарда таң атар атпастан Бейсекүл темір жолда жұмыс істейтін жасөспірім баласы Әбділда екеуі Жамбыл қаласына келіп, Геронимге болған жағдайды баян етеді. Ол Бейсекүлді жанына ертіп,екеуі тағы да жедел облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ткаченкоға кіргізуді талап етеді. Әупірімдеп обкомның басшысына кіреді. Жағдайдан хабардар болған М.И. Ткаченко өз тарапынан ондай рұқсат берілмегендігін айтады. Жедел мектеп басшысын шақырып түсініктеме алатындығын айтады. Головочевка ауылдық кеңесіне телефон шалып, ғалым мен шырақшының көзінше жүгенсіздікті тез тоқтатуын талап етеді.
Нәтижесінде алынған кірпіш қайтарылады. Бейсекүлдің немересі Мәдінің айтуынша осы оқиға өткен екі күннен кейін мазарды бұзған екі ұшқыш ұшағымен құлап, опат болған. Оларды сол кезде құрметтеп, кесененің жанына көміпті. «Бұл оқиғаны маған апам айтып, олар жерленген жерді де көрсеткен. Апам дүниеден өткенше Айша бибі мен Бабажа Хатун кесенелерін күтіп, баптап ұстап, шырақшысы болды. Қайтарылған кірпіштің орнына қойылмағаны жанына бататын. Кесенені сақтауды бізге аманаттап кеткен еді» дейді Мәді ақсақал.
Бұл оқиғадан хабардар болған жоғарыдағылар кесенені қалпына келтіру туралы тапсырма бергенімен ол жұмыс атқарылмады. Ол сол кезде оңай шаруа да емес еді. Бастапқы келбетіне келтіру үшін сәулетшілер қажет. Құрылысты жүргізетін маман да, қаржы да жоқ болатын. Алапат соғыс кезінде, барлық қаражат майданға, Жеңіс үшін жіберіліп жатқанда кесенені қалпына келтіру мүмкін болмады. Г.И.Пацеевич өз баянхатында: «Мною, немедленно же, было составлено отношение на имя областного военного комиссара, как начальника гарнизона, с просьбой о запрещении разборки мавзолеов в поселке Головачевка» делінген.
Осындай табанды әрекеттер болмағанда Айша бибі мен Бабажа Хатун кесенелері толық бұзылып, жермен жексен болып кетуі әбден мүмін еді. Кесенелер еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қалпына келтірілді. Өткен жылы екі кесене де «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы тізіміне енгізілді.
Материалда тілге тиек етілген деректерді Жамбыл облыстық мемлекеттік архивінің ардагері, жазушы-мұрағаттанушы Мақұлбек Рысдәулет бастаған архив қызметкерлері шығарған «Тараз: Археологиялық зерттеулер» атты құжаттар жинағынан толық оқуға болады. Ал Бейсекүл апаға қатысты деректер оның немересі Мәді Тойшыбековтен алынды. Жинаққа 1938-1945 жылдар арасындағы Александр Бернштамның, Героним Пацеевичтің КСРО Ғылым Академиясының Н.Я.Марр атындағы деректі мәдениет тарихы институтының Алматы филиалына жолдаған баяндамалары енгізілген. Құжаттардағы мәлімет құндылығымен ерекшеленеді. Кітапқа енген деректер өлкетанушылар мен тарихшыларды қызықтырары анық.

Новости в Вашем регионе