Оралда Ұлыстың ұлы күні кең көлемде мерекеленуде

Батыс Қазақстанда, соның ішінде облыс орталығы – Орал қаласында Наурыз мерекесіне арналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Ал 21-22 наурыз күндері ұлттық мерекеміз айшықты шаралармен жалғаспақ.

Ертең, яғни наурыздың 21-інде (сағат 10.00) Теміржол бекеті аумағында театрландырылған мерекелік концерт өтеді. Осы уақытта Зашаған кентіндегі «Жәңгір хан» сауда үйі алаңында «Наурыз айы туғанда, той болушы бұл маңда» атты шара да қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлайды деп күтілуде. Сонымен қатар бұл күні Желаев ауылында да әкімдік ғимараты алдында Наурыз мейрамына арналған концерт және ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізілмек.

Наурыздың 22-сі күні ұлттық мейрамымыз ұлықталатын кең көлемді театрландырылған шара Жаңа алаңда өтеді. Сонымен қатар бұл күні мерекелік шаралар Круглоозерный және Зашаған кенттерінде де өтеді деп жоспарлануда.  

Спортсүйер қауым 22-26 наурыз аралығында Деркөлдегі «Орал» спорт кешенінде өтетін Наурыз мерекесіне арналған баскетболдан жасөспірімдер мен ерлер арасындағы турнирді тамашалай алады.

Новости в Вашем регионе