Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары пысықталды

«Ақжайық» телеарнасының тікелей эфирінде БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары туралы баяндады.

Өткен оқу жылынан бастап отандық білім-ғылым саласы қашықтан оқыту жағдайына көшіріліп, оқушылардың сапалы білім алуын жалғастыру мақсатында қолда бар мүмкіндіктер пайдаланылғаны белгілі. 

Биыл облысымызда білім беру ұйымдарының дені штаттық режимде оқу форматын таңдаса, 160-тан астам білім ошағы қашықтан оқытуды жүзеге асырады. Санаулы күннен кейін бастау алатын кезекті 2020-2021 жаңа оқу жылына аудандық және қалалық білім бөлімдері әкімдіктермен бірлескен ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. Алдын ала келтірілген мәліметке сай өңір бойынша 220 шағын жинақталған мектеп бар болса, екі жүзі штаттық, жиырмасы қашықтықтан оқытуға көшу жоспарын қарастыруда.

БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаеваның айтуынша, қашықтан оқитын мектептердегі бастауыш сынып оқушылары ата-анасының өтініші бойынша қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, кезекші сыныптарды ашуға мүмкіндік берілді. Алдымен мектепке келген баланың дене қызуы өлшеніп, «бір мұғалім-бір сынып» қағидасы ұсынылады.  

– Оқушылар бір оқу кабинетінде оқытылып, үзіліс кезінде бір-бірімен қарым-қатынасын төмендету, бөлме ішін желдету, ылғалды тазалық жұмыстарын жүргізу ұдайы қадағаланып, мектептегі асхана жүйесі уақытша қызмет көрсетуін тоқтатады, – дейді Айгүл Мыңбаева.

Кезекші сыныптарда офлайн және онлайн форматта өтетін пәндер тізімін ҚР Білім және ғылым министрлігі анықтайды.

Жаңа оқу жылы қарсаңында білім алушыларды компьютерлермен қамтамасыз ету мәселесі жан-жақты қаралуда. Бірінші кезекте аз қамтылған, әлеуметтік жағынан жағдайы төмен отбасы балаларының цифрлық құрылғылармен қамтылуы мақсатында аудандық, қалалық, облыстық мектептерде арнайы тізім жасақтау шарасы басталды.

Ал, бірінші сыныпқа оқушыларды қабылдау ағымдағы жылдың сәуір айынан тамыз айына дейін жалғасса, электронды Үкімет Веб-порталы, білім беру ұйымдары арқылы қағаз түрінде жасалады. Қажетті құжаттар тізімі келесідей: ата-ана немесе заңды өкілдерінің бірінші сыныпқа қабылдау туралы өтініші, екі дана фотосурет, туу туралы куәлік көшірмесі және денсаулығы жөніндегі медициналық анықтама. Пандемияға байланысты ахуалдың тұрақсыздығына орай медициналық анықтаманы оқу процесі басталған күннен соң да тапсыруға рұқсат етіледі.       

Айгүл Әділгерейқызы елді мекендердегі интернет жылдамдығын арттыру бойынша жұмыстарды ҚР Білім және ғылым министрлігі мен облыс әкімдігі қатаң бақылауына алғанын айтады.   

Новости в Вашем регионе