Оқырман отбасылар сынға түсті

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында №37 ЖОББМ базасында БҚО білім басқармасының ұйымдастыруымен «Ақжайық өңірінің оқырман отбасы-2019» облыстық байқауы қорытындыланды.

Қоғамның әрбір саласына қарқынды енгізіліп жатқан цифрландыру жүйесі кітапхана мен мектеп оқушылары арасындағы байланысты алшақтатпай, бүгінде ата-аналар да кітаптың құдіретін сезініп, жанұяда зор қолдауға ие. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде асыл қазынаға баланған көне кітаптар мен жазба әдебиеті өкілдерінің шығармалары оқырмандарымен қайта қауышуына мүмкіндік туды.

Оқырман отбасылар арасында өткен байқаудың сипаты бөлек, өзіндік ерекшелігі бар. Алғашқы бөлімде жанұя мүшелері сүйікті кітабымен таныстырып, Елбасы мақалаларымен үндесетін кітап көрмесіне ұласса, екінші бөлімдегі «Түймедақтар» сайысында әдеби сұрақтар жолданып, әдебиет саласындағы білім-біліктері сыналды. Үшінші кезеңде отбасымен бірге батырлар жырын жатқа айтқан кітапқұмар қатысушылар ауыз әдебиетіндегі көне жанрды тірілтіп, дастан арқылы туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырды.

Отбасында кітап оқу дәстүрі үзілмей, балаларына жалғасқан ақжайықтық Төлегеновтар жанұясы «Ақжайық өңірінің оқырман отбасы-2019» байқауының бас жүлдесін иеленді. Оралдық Исболовтар отбасы І орын, бөкейордалық Омаровтар ІІ орын, бөрлілік Мухамбеткереевтер мен шыңғырлаулық Шалабаевтар отбасы ІІІ орыннан көрінді. Жәнібектік Гайсиндер «Үздік креативті отбасы», қаратөбелік Идрисовтар «Білімпаз отбасы» аталымдарымен марапатталды.

Новости в Вашем регионе