МЕРЕЙЖАС

Ақсу қаласы әкімдігінің жиын залында аймақтың ауылшаруашылық саласының дамуына елеулі үлес қосқан Құмар Әлсейітовтің 70 жылдығына арналған жиын өтті. Оған Ақсу қаласының әкімі Балғабай Ыбыраев, Ақсу қаласының құрметті азаматтары, ауыл шаруашылық саласында көп жыл еңбек еткен ардагерлер қатысты.
Сөз шаһар басшысы Балғабай Ыбыраевқа берілді: - Құмар Жағыпарұлы Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында туып өсті. 1966 жылдан бастап ауыл шаруашылығы саласына мол еңбек сіңірді. Сондай-ақ, Кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеді. Семей ветеринарлық институтында зоотехник мамандығын тәмамдап, Потанин совхозында зоттехник болып, кейін Калинин партия комитетінің хатшысы, совхоз директоры, Ақсу әкімшілігі басшысының орынбасары және ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, облыстық статистика басқармасының және Павлодар облысы орман және жануарларды қорғау бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. Құмар Жағыпарұлы Ақсу өңірінде 28 жыл мемлекеттік және партия органдарында жауапты лауазымдарда қызмет етті. Ол қызмет істеген кезең ауыл шаруашылығын көтерумен сәйкес келді. Онда мал санын өсіруге және ауылдың мәдени тұрмысын көтеруге көп көңіл бөлінді. Әсіресе, Калинин мен Куйбышев шаруашылықтарында Құмар Жағыпарұлының басшылығымен аудан бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Ақсу өңірінің ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан мол үлесі үшін мемлекеттік деңгейдегі көптеген марапаттарға ие болды,- дей келе, мерейтой иесі Құмар Жағыпарұлының иығына шапан жауып, алғыс хат пен гүл шоғын табыс етті. Бұдан соң Ақсу қаласының құрметті азаматы Нұрлан Нәбиев, Павлодар облысы бойынша статистика департаменті басшысының орынбасары Жақан Еламанұлы Құмар Жағыпарұлын 70 жасымен құттықтап, оның адамгершілігімен, азаматтық іс-әрекетімен айналасына қадірлі болғанын, кісілік пен кішілік нұры тұла бойынан төгіліп тұрған азамат екенін айтып өтті. Сіздей азамат келешек ұрпаққа үлгі-өнеге дей келе, отбасына амандық тілеп, сый-сияпаттарын табыстап жатты. Суреттерді түсірген - Е.Жұмаділов.
МЕРЕЙЖАС

Новости в Вашем регионе