Қазталовтықтардың жомарттығы

«Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады».

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ

Туған ел, Отан туралы толғансаң, кіршіксіз жүрек сезімін айтып тауыса алмайсың. Махаббат өлшемі шектеуге келмейді. Адамзат баласы – өз туған жерінің төлі. Туған жерді ақындар шығармасына, композиторлар әніне қосты, суретшілер қылқаламына жан бітірді.

Елбасының рухани еңбегінде келтірілген: «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі» деген. Сондықтан «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» өлең жолдарының мәні ерекше. Мақаладан туындайтын арнайы жобалар елді мекендердің келбетіне көрік қосып, елеулі тұлғаларына тағзым жасаумен келеді.

Туған жерін көркейтіп, кіші атамекенін ажарландыруға атсалысып жүрген қазталовтық азаматтардың белсенділігі мен табандылығы өзге ауылдастарына себепкер болуда. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында баса айтылған «Туған жер» жобасын жүзеге асыруға, ауданды қайта түлетуге үлесін қосып жүрген азаматтар қатары аз емес. Туған ауылын жұмақ мекенге теңейтін олардың әр жарқын бастамаларында ұйымшылдықтың лебі есіп тұрады.

Басылымның «Туған жерге тарту» айдарында қазталовтық жомарт жүректі меценаттардың қолдауымен іске асқан әлеуметтік нысандар, мәдени ошақтарға көз жүгіртіп өтпекпіз.

Ширекғасырлық тойға тарту

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынған екі жыл ішінде облыс, қала, ауданнан бөлек, орталықтан шалғай жатқан елді мекендерде тысқары қалған емес. Қоғамның әр саласында еңбектенген азаматтар жас ерекшелігіне қарамастан, қолтаңбасын қалдырып үлгерді.

Шындығында, Мәңгілік елдің жарқын болашағы үшін жасалған жасампаз істердің астарында кіші Отанға деген қамқорлық жатыр. Қазталовтық «Дархан» шаруа қожалығының иесі Нұрлыбай Жолдыбаев өз қаражатына жерлестеріне арнап 300 емделушіге арналған фельдшерлік пункт салғызды. Кәсіпкердің бұл бастамаға мұрындық болуына Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Туған жер» жобасы ұйытқы болған еді.

Елбасының «Туған жерге деген сүйіспеншілік: білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді» деген тұшымды ойын ескерген Нұрлыбай Жолдыбаев туған ауылына демеушілік жасап қана қоймай, алақандай ауылдың азаматтарына қажетті игілікті істі атқаруды мақсат етті. Арманының жетегімен жүріп, қабырғасы құлауға шақ тұрған ескі медициналық пункт тәуелсіздіктің ширек ғасыр тойында жаңаланды. Ауылының ажарын келтіруде Н.Жолдыбаев:

– Арманым орындалғаннан кейін, иығымнан жүк түскендей жеңілдедім. Қоғамға қажет екенімді сезініп, көптің арқасында қажетті нысан салынды. Алдағы уақытта ауылымнан жоғымызды түгендегім келеді, – дейді.

Жомарт жанның өзі туып-өскен Сарықұдық ауылынан бой көтерген фельдшерлік пункт екпе бөлмесі және акушерлік кабинеттерге бөлініп, ауыл тұрғындарына қызмет жасайтын мамандар заманауи медициналық жабдықтарға қол жеткізді.

Ерте еңбекке араласқан елжанды азамат Қазталов ауданында мал шаруашылығын дөңгелетіп, оннан аса жерлесін жұмыспен қамтып отыр.

Шежірелі мекен сыры

Елбасы айтпақшы, кез келген жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттерді жас ұрпақ біліп өтуі тиіс.

Туған жерді гүлденту – табысты, жас кәсіпкерлердің қолынан келетін іс қана емес, қарапайым ауыл тұрғынының да сауапты ісіне баланады.

1200-ден аса тұрғыны бар Қазталов ауданының Ақпәтер ауылында қайырымды жандардың қайырлы ісі жиі айтылады. Соның ішінде Кәрім Өтеғұловтың кезіндегі Кеңес жылдарында басшылық қызмет атқарса да, қарапайымдылығы мен кісілігі даралап, көкейінде сайраған туған өлкенің тарихы кім-кімді де еріксіз баурап алады.

Елбасының бағдарламалық мақаласындағы туған жерге деген сүйіспеншілік, махаббат сезімдерінің көрінісін ақпәтерлік Кәрім Өтеғұлов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жерлестеріне сездірді. «Туған жер» жобасы бойынша 9 млн теңге қаражатқа «Ашық аспан астындағы музейді» сыйға тартты. Өйткені бұрын Красный партизан кеңшары деп аталған бүгінгі Ақпәтер ауылы тарихи шежіреге толы. Елді мекеннің даму жолы Кәрім Тәжмағамбетұлының көз алдында өтті.

Тарихи-өлкетану музейін жасақтауға жоба авторы бақандай екі жылын арнады. Сегіз жыл бұрын жер телімін алып, музей қабырғасы қаланғаннан кейін Орал қаласы, Бөкей ордасы ауданынан музей мамандарын шақыртып, музей жасақталды.

Қазіргі таңда 80 жасты еңсерген еңбек ардагері Қазталов ауданының қалыптасуымен сабақтас 3000-нан аса жәдігерді жинақтап, олар Ақпәтер тарихи-өлкетану музейінің қорына алынды. Алайда, Кәрім Өтеғұлов тарихты түгендеуді қолға алған ісін жалғастыруға ниетті.

Айтуынша, 2000 жылдан бері көне жәдігер, құнды бұйымдарды кездестірсе болғаны, сатып алатын әдеті бар. – Ауылдан сыр шертетін мәдени мекен қара басым үшін емес, ел үшін, ұрпақтарға жетер аманат үшін, – дейді жүрегі туған ел деп соққан қария.

Бүгінде Кәрім Өтеғұловтың қолдауымен «Ана мен бала» монументі жөнделіп, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдері қашалып жазылған ескерткіш те орнатылды. Сұрапыл жылдардағы қайсар еңбектің үлгісін көрсеткен батыр ана, балалық шағын ауыр еңбекпен өткерген балғын бала бейнесі сөзсіз ерлікке бас июге үндейді.

Талантқа тағзым

Батысқазақстандықтар үшін суретшілік өнерге қолтаңбасын қалдырып, өмірден ерте өткен бейнелеу өнерінің біртуар өкілі Сәкен Ғұмаровтың шығармашылығы үзілмегендей сезіледі. Шаһар орталығынан орналасқан облыстық суретші мұражайы қысқа ғұмырдағы өмірдеректен сыр шертіп, ерекше стильде туған кескіндеме бағытындағы қылқалам туындылары асқан дарындылықты аңғартады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы щеңберінде Қазталов ауданының Жалпақтал ауылында мәдениет қайраткері, Суретшілер және Жазушылар Одағының мүшесі Сәкен Ғұмаровқа арналған ескерткіш бой көтерді. Өнер иесінің достары Мерғат Ахметов пен Виктор Киянский талантты жанның шығармаларын насихаттауда белжазбай еңбектеніп келеді. Сурет шеберінің атындағы қорды құрып, бояуы әлі де кеппеген туындыларын біріктіріп, жинаққа енгізді.

Сәкен Ғұмаров ескерткішінің Жалпақтал мәдениет үйінің алаңына орнатылуы тегін емес. Мәскеудің Луначарский атындағы мемлекеттік театр өнері институтында білім алған суретші Жалпақтал ауылындағы халық театрында алғашқы қызметін бастаған еді. Театр сахнасы мен бойына біткен суретшілік қасиетті тең ұстаған Сәкен Ғұмаровты жалпақталдық тұрғындар дүниетанымының тереңдігі, айрықша таланты үшін бағалайды.

«Казком» банкі БҚО филиалының төрағасы, С.Ғұмаров атындағы қордың тең төрағасы Мерғат Ахметовтің жетекшілігімен, техника ғылымдарының докторы, академик Талан Оразғалиевтың қаржылай қолдауымен мүсін орнатылып, жалпақталдықтардың сурет өнері жұлдызына деген мақтаныш, патриоттық сезімін қалыптастыруды көздеді. Саябақтағы орындыққа отырған күйінде жасалған Сәкен Ғұмаров бейнесінің артықшылығы сол, кез келген демалушы дарынды суретшімен сырласып, жақыннан тамашалай алады.

Жоба авторларының бастамасын жүзеге асыруда танымал мүсінші Нұрлан Далбай қол ұшын созды.

Новости в Вашем регионе