Тұрғындарға медициналық көмек көрсетілді

Облысымыздың түкпір-түкпірінде алыс ауылдар толып жатыр. Сол облыс, аудан орталығынан шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындары кейбір медицина көмегіне мұқтаж. Себебі сырқаттанып қалған жағдайда қалаға, облысқа жиі келіп тұруға мүмкіндіктері аз. Әсіресе, мұндайда ауруы асқынған науқастарға қиын. Әрине, ауылдағы дәрігерлер алғашқы көмектерін көрсетеді ғой. Дегенмен, заманауи техникамен жабдықталған бүгінгі медицинаның мүмкіншілігі зор екені бәрімізге белгілі.

Облысымыздың түкпір-түкпірінде алыс ауылдар толып жатыр. Сол облыс, аудан орталығынан шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындары кейбір медицина көмегіне мұқтаж. Себебі сырқаттанып қалған жағдайда қалаға, облысқа жиі келіп тұруға мүмкіндіктері аз. Әсіресе, мұндайда ауруы асқынған науқастарға қиын. Әрине, ауылдағы дәрігерлер алғашқы көмектерін көрсетеді ғой. Дегенмен, заманауи техникамен жабдықталған бүгінгі медицинаның мүмкіншілігі зор екені бәрімізге белгілі.
Бұл жылжымалы медициналық тексеру кешені жыл басынан бері шалғай орналасқан ауылдарды аралап, тұрғындарға көмек көрсетуде. Мақсат – профилактикалық тексеру арқылы сырқатты ерте анықтау, шалғайдағы елді мекен тұрғындары үшін медициналық қолжетімділікті арттырып, сала мамандарының кеңесін және елді мекенде орналасқан медициналық ұйымдарда жоқ диагностикалық, құралдық тексерулерді ұйымдастыру.
Сәрсенбі күні осындай бірегей жылжымалы медициналық кешеннің игілігін Ерназар ауылының тұрғындары да көрді. Денсаулық сақтау басқармасының медициналық көмекті ұйымдастыру және лицензиялау бөлімінің бас маманы Айдана Аяпова бастаған облыстық медицина орталығының бір топ қызметкерлері сол ауылдың тұрғындарына барлық медициналық көмекті көрсетті.
Арнайы автокөлік түрлі аурудың диагнозын анықтайтын, тексеретін құрылғылармен жабдықталған. Мұндағы хирургиялық, рентген, тіс аурулары, кардиологиялық, УЗИ, ЭКГ, жалпы қабылдау бөлмелері мен зертхана осы заманғы медициналық және эндоскопиялық диагностикаға арналған қондырғылармен жарақтандырылған. Сонымен қоса жүрек, көз ауруларына көмектер көрсетуге мүмкіндік беруде. Жалпы, медициналық кешен базасында түрлі салаларға қатысты 10 дәрігер ауыл тұрғындарын толық жас реті бойынша скринингтік тексерістен өткізіп, зерттеулер жүргізіп, қажетті кеңестер берді.
– Біз жыл сайын алыс елді мекендерді аралаймыз. Әр күніміз жоспарлы. Қашан әрі қай ауылда болатынымыз нақты белгіленген. Кәсіби маманданған қызметкерлер жергілікті жерлерге шығып заманауи медициналық құралдарды қолдана отырып, жоғары кәсіби дәрігерлік көмек көрсетуде, сонымен бірге басқа да арнайы тексерулер қолжетімді түрде жүргізіліп жатыр. Облыстық медицина орталығының қызметкерлері ауыл тұрғындарының ауруын анықтап, қажетті ем-домын жасауда. Топ құрамында эндокринолог, кардиолог, терапевт, невропатолог дәрігері, тағы басқа да ауру түрлерін қарайтын арнайы мамандар бар. Барлығы білікті де білімді, жоғарғы санатты дәрігерлер. Өз істерін жетік білетін, әрбір науқасқа жауапкершілікпен қарайтын ақ халатты абзал жандар. Бүгінгі медицинада скринингтік тексеру деген бар. Яғни, біздің дәрігерлер алдына келген пациентін біріншіден скринингтік тексерістен өткізеді. Егер тексеру нәтижесінде күрделі аурудың түрлері анықталып жатса, онда ол адам облыстық медицина орталығының тізіміне алынып, әрі қарай емделеді, – деді жылжымалы медициналық кешеннің жетекшісі Айдана Әділбекқызы.
Медициналық көмек алған ауыл тұрғыны Балтагүл Дәрібаева: «Ауыл тұрғындарының көбі – кәрі адамдар, аналар мен балалар. Олардың қалаға немесе аудан орталығына шығуы кейде қиындық туғызады, сондықтан біздің ауылға келген осы жылжымалы медициналық көмекке қаралып, әртүрлі мамандардың жәрдемін алып жатырмыз», – деп ризашылығын білдірді.
Аудан орталығынан 35 шақырым қашықтықта орналасқан, 1600-ден астам халқы бар Ерназар ауылының тұрғындары бұл медициналық тексерістен өту мүмкіндігін қалт жібермеді.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары