ТАЛАП КҮШТІ, ОРЫНДАЛУЫ ӘЛСІЗ

Елімізде төтенше жағдай режимі алынғанымен, шектеу шаралары жалғасып жатқаны белгілі. Осы тұста қабылданып отырған шектеулер мен санитарлық талаптарға байланысты күнделікті атқарылып жатқан түсіндірме жұмыстарына қарамастан, бірқатар кәсіпкерлік нысандар індетке қарсы шараға бей-жай қарайтын сыңайлы. Бұл көріністі күні кеше аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова бастаған топ пен аудан эпидемиологтары жүргізген рейдтен аңғаруға болады. Зерделеу барысында сақтық шараларын өз деңгейінде орындамағандарға ескерту жасалды. Оларға төтенше жағдай аяқталғанымен, қауіптің әлі бары баса айтылды. 

– Қауіптің әлі сейілмегенін ұмытпау керек. Кейбір шектеу шаралары алынды екен деп босаңсуға болмайды. Аурудың таралуына жол бермеу үшін ғимараттарда, қоғамдық көліктерде адамдар медициналық бетперде киіп, барлық гигиеналық талаптарды орындауға тиіс. Кәсіпкерлік нысандары да келушілердің бетпердемен ғана кіруін қадағалап, антисептиктермен, дезинфекциялық заттармен қамтылуы қажет. Өйткені коронавирус – өте жұқпалы дерт, – деді Үміткен Қапанқызы зерделеу барысында. 
Қазіргі таңда сақтық шараларының оңды әсерін байқау қиын емес. Өңірде эпидемиологиялық жағдай көңіл көншітерлік, ахуал тұрақты. Бірақ бәрібір тәртіпке бағынып, карантин режиміндегі талаптарды бұлжытпай орындау керек. Бүгінгі рейд те сол мақсатта ұйымдастырылып отыр. Арнаулы топ алдымен «Строй Маркет» құрылыс дүкеніне бас сұқты. Топ өкілдері мұнда келушілердің бетпердесіз жүргенін, қауіпсіздік журналының жоқтығын, шаң басқан еденді, темекінің аңқыған иісін, кіреберісте дезинфекциялық кілемшенің жоқтығын көріп, сатушыларға ескерту жасаумен шектелді. Адамдардың карантин талаптарына бағынбайтыны анық аңғарылып тұр.
Одан кейінгі бағыт – «Krоon-Oil» автобөлшек, май алмастыру дүкені. Арнайы топ өкілдерін суық қабақпен қарсы алған сатушы бұл жерге жауап бермейтінін айтып, тонын ала қашты. Хош делік. Мұнда еден мен тағылған бетперденің ластығы, арнайы қол жуатын бөлмедегі тазалық құрал-саймандары мен тамақ істейтін бөлменің бір жерде тұрғаны жаға ұстатты. Сонда халықтың қауіпсіздігі мен гигиена қайда қалды? Бұның барлығы ережеге қайшы.
Сол сияқты «Асқанбеков» автөбөлшек және май ауыстыратын дүкендерінде де кемшіліктердің бары белгілі болды. Онда арнайы ерітіндінің орнына арақ құйылған антисептик пен қолғабы лас сатушы да көзге шыққан сүйелдей көрінді. 
«SN» маркет құрылыс дүкенінде де санитарлық талаптар сақталмаған. Айталық, келушілер мен сатушының бетпердесіз бейнесі, жуылмаған еден мен «Бізге ешкім ескертпеді» деген сатушының сылтауы орынсыз болды. Бұлардан да тез арада жағдайды дұрыстау жөнінде қолхат алынды.
Осы орайда аудан әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің статист маманы Асқар Ажихановтың айтуынша, 28 сәуірден бері өңірде бірнеше кәсіпкер өз жұмысын қайта жалғастыруға мүмкіндік алған. Оның ішінде автобөлшек, май ауыстыру, көлік жөндейтін кәсіпкерлік субъектілері бар. Егер қауіпті кесел өршіп кетпесе, алдағы уақытта басқа кәсіпкерлік нысандар да қызметіне қайта кіріспек. Ол үшін, әрине, қажетті талаптар сақталуы керек.
Рейдке қатысқан тағы бір маман – аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Асель Сапахова: «Тәртіп бұзған кәсіпкерлерге бірден айыппұл салынбайды. Бірақ бұл олар жауапкершіліктен құтылады деген сөз емес. Бүгінге дейін ауданда төтенше жағдай кезінде карантин талаптарын бұзған кәсіпкерлер анықталмады. Қазір біздің бірден жауапқа тартуға құқығымыз жоқ. Себебі, елде тек карантин режимі сақталып отыр, жағдай бұрынғыдай емес. Дегенмен, бүгінгідей рейд барысында ескерту беріп жатырмыз. Егер келесі келгенде заң бұзушылық тағы анықталса, нысанды жауып тастауға дейін құзыретіміз бар. Мысалы, бүгін 5 кәсіпкерлік субъектісіне ескерту жасалды», – деді.
Айта кетейік, өңірде меморандумға отырған 53 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Карантин режимінде олардың бетперде кимеген тұрғындарды өздері басшылық ететін нысанға кіргізбеуге құқы бар. Ең басты міндет – халық денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл тұрғыда жоспарланған жұмыстардың сапалы жүргізілуі ауданның әр азаматына тікелей байланысты. Белгіленген карантиндік режимді қатаң сақтап, қауіпті індеттің алдын алуға болады. Бірлік пен тірлік болған жерде алынбайтын қамал жоқ. Тек тәртіп пен жауапкершілікке мән берейік!

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары