Шұғыл топ рейдке шықты

Қатерлі індеттің қаупі әлі де сейілмей тұр. Індетті жұқтырған­дардың қатары күннен күнге көбею­де. Сақтық ша­ра­лары, талаптар тиісті дең­гейде орындалмағандықтан, тәр­тіпке бағын­бағандықтан бұл. Сол баяғы немқұ­рай­лы­­лықтан арыла алмай жүрген жайы­мыз тағы бар. Өзімізге сақ, жақыны­мызға жанашыр болу қажет-ақ.

Қазіргі таңда індеттің алдын алу, оны болдырмау басты әрі күрделі мәселе екені баршаға белгілі. Ортақ іске бәрі мүдделілік танытпаса болмайды. Тәртіпке бағыну, талаптарды орындау, шектеу шараларын сақтау аса маңызды. Бұл – бәріне ортақ талап. Оның орындалуы мемлекеттің, жергілікті атқарушы органдардың тікелей бақылауында. Біздің ауданда арнайы құрылған мобильді топтың көздеген мақсаты да осы.
Апта аралығында аудан әкімі­нің орын­басары Олжас Баққараев жетекшілік ететін шұғыл топ ауыл­дық округтерге кезекті рет рейд­ке шықты. Жалпақтөбе ауы­лына барып, азық-түлік дүкенде­ріне бас сұқты. Жалпы жағдай талапқа сай. Дейтұрғанмен келу­ші­­лердің арасында бетпер­десіз жүр­гендер кездесіп жатты. Қор­ғаныш заттары да түгел емес болып шықты. Бұған көңілі толма­ған Олжас Елебекұлы жауапты тұл­ға­лар­ға қатаң түрде ескерту жасады.
Рейд Қызылқайнар ауылында жалғасты. Ауыл тұрғындары құд­ды бір басқа әлемде өмір сүріп жатқандай. Маскалық тәртіп, әлеуметтік арақашықтық сақталмаған. Ауылдағы жалғыз мейрамхана жанындағы зәулім дүкен­ге кіргенімізде бұған анық көзіміз жетті. Іште бәрі бетпердесіз жайбарақат жүр. Сатушы да, келушілер де бізді көр­генімен назар аудармады, сауда­сын жасап тұр. Дегенмен дүкен иесі мен кіреберістегі екі-үш адам бетпердесін қалта­сынан шығарып, киіп алды. Анықтал­ған кемшіліктер бойынша дүкен иесінің атына анықтама толтырылып, үйлестіруші орталыққа жолданатыны айтылды.
Ауылдық округтердегі рейд жергілікті әкімшілік өз тарапынан бақылауды күшейту, әлі де болса тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін аңғартты. Тұрғындардың тәртіпке бағынып, талаптарды орындағаны жөн. Біреудің кемшілігін анықтап, айыппұл салу жергілікті атқарушы органдарға мақсат емес. Аудан халқының денсаулығын сақтау, індеттің алдын алу бойынша тиісті жұмыстарды тиімді жүргізе отырып қауіпсіз орта қалыптастыру маңызды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары