— «Серпіннен» серпіліп қайттым, — дейді асалық Шынболат Оңлабаев

Ғұлама ғалым Әл-Фараби айтпақшы, «Адам денесінің жетілуі – оның денсаулығы; егер денең сау болса, онда оны сақтамақ керек, ал егер сау болмаса, онда денсаулықты жетілдіру керек» екен. Ол рас. Денсаулық – зор байлық.

Ауыра қалсаң, дәрігерге жүгінесің. 
Емханаға барсаң, ем іздеген халықтың қарасы қалың. Аурухана төсектері де бос емес.
Осындайда емдеу орындары көбейсе дейсің. Сол ойымыз ауданымызда жүзеге аса бастаған секілді. Олай дейтініміз, ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап Аса ауылының Абай көшесі бойынан «Серпін» медициналық оңалту орталығы халыққа қызмет көрсетуде.
Біз осы орталықтың жұмыс барысымен танысу үшін сонда табан тірегенбіз.
Осы тұста алдымыздан шыққан орталық директоры Инара Сайлаубаева келгендегі мақсатымызды айтпай-ақ ұғынып, әңгімесін әріден бастаған.
 – Орталық бес ай бұрын ашылды, 14 адам еңбек етеді. Орталықта күндізгі стационарлық 3 кезеңдегі 20 төсектік оңалту (реабилитация) бөлімі, инсульттан кейінгі (3 кезең) жүрек ищемиялық ауруы, жүрек қыспасы (инфаркт миокарда), кардиохирургиялық операциядан кейінгі кезең, ортопедиялық, эндропротездік  операциялардан кейінгі кезең және туа біткен балалар, сал ауруына (ДЦП) шалдыққандарға аталған диагноздар бойынша емдік жаттығулар (ЛФК), массаж, физио ем шараларына тегін қызмет көрсетеді.
Сондай-ақ стоматологиялық көмек 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге, шұғыл тегін көмек I-II-III топ мүгедектеріне, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне, зейнеткерлерге, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға арналған. Орталық ашылған күннен бүгінге дейін 64 адам оңалтудан өтті. Оған күнделікті тіс дәрігерлеріне келіп ем қабылдайтын адамдарды қосыңыз. 
Алдағы уақытта қосымша стоматологиялық кабинетті Жалпақтөбе ауылында ашуды көздеп отырмыз.
Тірлік көп. Сол тірлікке жауапкершілікпен қарайтын оңалту дәрігері Гүлсара Иземханова, стоматолог дәрігерлер Бақытжан Асанов, Бекзат Асқарұлы, тіс дәрігері Жамиля Альянова, аға медбике Бұлбұл Қосарова, тіс дәрігері медбикесі Шолпан Жүндібаева, менеджер Баян Тушманова, дене шынықтыру инструкторы Нұрсұлтан Жолдыбаев, массажист Гүлзат Тоғызбаева ем қабылдаушылардың алғысына бөленіп үлгерді, – деді Инара Сәрсенқызы.
Алғыс демекші, осында ем-дом қабылдап жатқан аудан әкімдігі қаржы бөлімінің бас есепшісі Шынболат Оңлабаев медициналық қызметкерлерге алғысын жаудырып, «Серпіннен» серпіліп қайттым, – дейді.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары