Сақтық шараларын жүргізді

Қай індеттің болмасын, оның алдын алған абзал. Әсіресе, бүгінгідей бәріміз коронавирустың жаһандық пандемияға ұласқанына куә болып отырған шақта мұндай қиындықты бірлігімізбен еңсеруіміз керек. Яғни, зауалдың алдын алуға әрбір азамат қолдан келгенше өз үлесін қосуға тиіс. 

Осы тұрғыда сейсенбі күні бүкіл әлемде жүріп жатқан коронавирустық инфекцияға қарсы сақтық шараларын жүргізу мақсатында аудан әкімі Сәкен Арубаевтың тікелей бастамасымен ұлттық сараптама орталығы дезинфекциялық бөлімінің мамандары Гродеково ауылы маңындағы шекара бекетінің айналасына залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Оған антисептикалық сұйықтығы бар арнайы екі техника және он жұмысшы жұмылдырылды. Сондай-ақ олар ауылішілік жолдарды, аялдамаларды, халыққа қызмет көрсету орталықтарының ауласын және жанармай құятын станциялар мен адамдар көп шоғырланатын үлкен сауда үйлерінің айналасын дезинфекциялық аппараттармен дәріледі. 
Бұған қоса, аталмыш орталықтың мамандары жаяу жүргіншілерге, дүкендегі сатушыларға вирустан сақтанудың амалдарын түсіндіріп, төзімділік танытуға, мемлекет қабылдап жатқан шараларды қолдауға шақырды.
Өңір басшысы Сәкен Арубаев, аудан әкімі аппаратының басшысы Жомарт Телеуов, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов залалсыздандыру жұмыстарының басы-қасында болып, жағдайды бақылады.
* * *
Санитарлық дезинфекциялық жұмыстар сәрсенбі күні де жалғасты. Атап айтар болсақ, Аса ауылындағы «Рахат» сауда үйі, жол жиегіндегі дүкендер мен жанармай бекеттеріне, жолаушылар аялдамасына залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға сақтық шаралары түсіндірілді. Қатерлі дерттің алдын алу мақсатында бастау алған профилактикалық шараның басында аудан әкімі Сәкен Арубаев, орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы, ауыл әкімі Бауыржан Қалшымбетов жүрді.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары