Өмір жолы ұлағатқа толы дәрігер - ғалым

Сүлейменов Бекболат Қинаятұлы 1962 жылдың 17 шілдесінде бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданы, “Комсомол” совхозының Бәйгетас жайлауында қарапайым малшының отбасында дүниеге келген. Әкесі Исамолдаұлы Қинаят пен анасы Қалидоллақызы Ажархан екеуі жастайынан аудан көлеміндегі озат бақташылар қатарында бола жүріп, он үш нәресте дүниеге әкеліп, оларға дұрыс тәрбие көрсете білген абыз адамдар болыпты. Әке кәсібін мирас еткен Мараттан басқасының барлығын оқытып, жоғары білім алуына жағдай туғызған екен. Жас кезінде ұстаздық еткен әкесі Қинаят әр баланың ыңғайын жақсы біліп, соған байланысты жазғы демалыстарда қажетті пәндер бойынша қосымша сабақтар өткізіп, балаларының білімін арттыра біліпті. Соның арқасында осы әулеттің өзінен ғана жеті бала бірдей медицина саласын таңдап, бүгінгі таңда халыққа дәрігер ретінде адал қызмет атқаруда. Сол балаларының екеуі медицина ғылымдарының кандидаты және докторы атақтарын жемісті қорғап, кейінгі жастарға ұлағат көрсетуде.

Бекболат Қинаятұлы Ойшілік ауылындағы қазіргі Тоғас батыр атындағы мектепті 1979 жылы үздік бітіріп, бір жыл бойында ағасы Маратқа көмекшілік етеді. Ал 1980 жылдан Семей қаласындағы медициналық институтқа түсіп, 1987 жылы бала дәрігері мамандығын алып шықты. 1988 жылы анестезилогия және реаниматология мамандығы бойынша интернатураға түсіп, қосымша мамандық алады. Осы мамандығы бойынша арнайы жолдамамен Үржар ауданының орталық ауруханасында анестезиолог және реанимотолог болып 1996 жылға дейін қызмет атқарады. Арасында арнайы жолдамамен Ақсуат аудандық ауруханасында анестезиолог санатындағы қызмет атқара жүріп осы ауруханадан алғаш алты төсектік "Жансақтау және қарқынды емдеу" бөлімшесін ашады. 
Бекболат 1996 жылдан бастап Мақаншы аудандық орталық ауруханасында бас дәрігердің орынбасары қызметін атқара жүріп облыс көлемінде алғашқылардың бірі болып жекеменшік негіздегі отбасылық амбулаториялар ашуды қолға алады. Сол жылдары Мақаншы, Қаратал ауылдық округтеріне қарасты халықтың денсаулығын қорғап, нығайтуда көп еңбек сіңіріп, өзінің ұйымдастырушылық қабілетін көрсете білді. Дәл осы жылдары алған Елбасының Алғыс хаты мен денсаулық сақтау министрлігі марапаттаулары осыған дәлел.
Сонымен қатар, ол осы өңірде қызмет еткен 2007 жылға дейінгі аралықта өзі туып-өскен Тарбағатай тауының қойнауында өсетін табиғи дәрілік өсімдіктердің емдік қасиеттері мен оны дайын өнім ретінде халыққа ұсыну бағытында да еңбек сіңірген азамат. Дәл осы тұста Бекболат Қинаятұлының дәрілік өсімдіктерді емдік қасиетіне байланысты топтастырып, ықшамдатылған кесте түрінде құрастырған еңбегінің өзі жеке талдауды қажет ететін ғылыми туынды екенін тілге тиек ете кеткеніміз артық болмас.
Бекболат Қинаятұлы 2007 жылдың мамыр айынан бастап өзі қызмет атқаратын өңірдегі адамдардың денсаулығына қатысты жинақтаған барлық еңбектерін бір жүйеге келтіріп, ғылыми еңбек санатында жарыққа шығару мақсатында Алматы қаласындағы Х.Жұматов атындағы гигиена және эпидемиология ғылыми орталығына алдымен кіші ғылыми қызметкер ретінде орналасты. Артынан аға ғылыми қызметкер лауазымына ие болып, осы орталықтың құрамындағы "Балалар және жасөспірімдер" зертханасына жетекшілік жасады. Диссертациялық кеңес мүшесі болды. Осы ғылыми қара шаңырақта жемісті қызмет атқара жүріп, өзінің кандидаттық және докторлық диссертацияларын сәтті қорғай білді. Сонымен қатар, сыртқы ортаның ластануымен тығыз байланысты ересек адамдар мен нәрестелердің денсаулықтарындағы ауытқушылықтарға арналған 150-ден астам ғылыми мақалалары мен екі ғылыми монографиясын жарыққа шығарды.
Қазіргі уақытта Бекболат Қинаятұлы-Алматы қаласындағы №4 көпсалалы қалалық ауруханасының реанимация және анестезиология бөлімшесінің меңгерушісі, С.Ж.Асфандияров атындағы анестезиология және рениматология кафедрасының аға оқытушысы, медицина ғылымдарының докторы, денсаулық сақтау ісінің үздігі, жоғары санатты дәрігер.
Сонымен қатар, Бекболат Қинаятұлы 2012 жылдан бастап республикалық Трансплантация орталығының Алматы қаласы бойынша координаторы болып қосымша қызмет атқара жүріп, талай адамдардың қызмет жасаудан шығып қалған ағзасын айырбастауда ерен еңбегін қосып келе жатқан маман-дәрігер.
Маманның бұл еңбектері өз кезінде дұрыс бағаланып, "Алтын дәрігер", "Ерен еңбегі үшін" медальдарымен марапатталса, 2014 және 2016 жылдары "Алматы қаласының ең үздік дәрігері" номинациясын жеңіп алды.
Ғалымның "Үлкен үйдің әңгімесі", "Қасиет қонған ауылым", "Орындалған арман", "Туған жер-мәңгі мекенім" атты өлеңдер жинағы мен повестері және өзі қызмет атқарған Алматы қаласы ауруханаларының түп-тарихына арналған бірнеше ғылыми еңбектері де жарық көріп, оқырман қауыммен қауышып үлгерген. 
Қорыта келгенде, ауылдан шыққан қарапайым қазақ баласының қол жеткізіп отырған бүгінгі жетістіктері осымен тәмам болмайтынына және бұл азаматтың шығар биіктерінің әлі алда екеніне кәміл сенімдіміз. 


Айнұр СҮЛЕЙМЕНОВА.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары