Медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында медицина ардагерлері, денсаулық сақтау ұйымдары мамандарының қатысуымен ҚР медицина қызметкерлерінің күні аталып өтті.

Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында жүргізілген реформалардың нәтижесінде алған оң өзгерістер емделушілер мен ақ халаттылардың арасындағы байланысты барынша жақсартуға мол мүмкіндік туғызды. Ауруына шипа іздеп, ел медицинасына иек артқан тұрғындардың көрсетілетін қызмет сапасы мен мамандардың біліктілігіне берер бағасы жоғары. Оның себебі – адамға төнген қауіпті дерт, күрделі оталар шетел аспай-ақ қазақстандық дәрігерлердің ең озық меңгерген тәжірибесі арқылы жасалуда. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен құттықтаған БҚО әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева батысқазақстандық сала мамандарының еңбегіне ерекше тоқталды. – Азаматтарымыздың рухани дүниесі мен денсаулығы – мемлекеттің ең басым міндеттерінің бірі. Қай уақытта да адамға қажетті екі мамандық болса, оның біріншісі – дәрігер. Ел дамуына қосқан үлестеріңіз – ол сіздердің адал еңбектеріңіз, – дейді Бибігүл Тишанқызы.

Облыс бойынша денсаулық сақтау саласында 1800-ге жуық дәрігерлер мен 6000-нан аса орта буын медицина қызметкерлері бар. Гиппократ антына берік ақ желеңділер төл мерекелерінде еңбегіне қарай құрметке бөленді. БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев «ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісін иеленсе, Ж.Алиева, Г.Ильжанова, А.Қуанова, Б.Есенғалиев «Еңбек ардагері» атанды. Облыстық, қалалық, аудандық медицина мекемелерінің басшы, дәрігерлері «ҚР Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі», ҚР Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасы, сондай-ақ облыс әкімі А.Көлгінов пен шаһар басшысы М.Мұқаевтың Алғыс хатымен марапатталды.

Тұрғындар арасында SMS дауыс арқылы қалалық және аудандық үздік дәрігерді анықтау мақсатында қолға алынған «Пациент даусы» жобасы жеңімпаздарын жариялады. Көрермендер «Қалалық үздік дәрігер» номинациясына Ғалымжан Құспаевты, аудан бойынша Ағайша Хаированы үздік деп таныды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары