Коронавирустан сақтану мақсатында

Коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі семинар-кеңес аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманованың төрағалығымен өтті.
Басқосуда аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Сәуле Сұлтанова ауданда коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады.

– Коронавирустар – бұл жануарлар мен адамдар арасында таралған вирустардың үлкен отбасы. Жаңа коронавирус – өткен жылы Қытай елінің Ухань қаласында алғаш рет анықталған респираторлық ауру. Бұл адамнан адамға таралады. Адамнан адамға науқас адаммен тікелей байланыс арқылы, түшкіру және жөтел кезінде, науқас адамның жеке заттарын қолданған кезде жұғады. Ауру белгілеріне жөтел, дене қызуының көтерілуі, пневмония, ентігу, құсу, диарея, өкпе, бүйрек жеткіліксіздігі жатады. Қазіргі таңда арнайы емі жоқ. Әзірге вакцина әзірленбеген. Ауру жағдайлары тіркелген елдерде симптоматикалық емдеу жүргізілуде.
Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес Жамбыл ауданы аумағында коронавирусты инфекцияның енуіне тосқауыл қою мақсатында эпидемиологиялық қауіпті мемлекеттерден келген аудан азаматтарын категориясына байланысты оқшаулау жұмыстары жүргізіледі. Дәрігерлердің қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқу-жаттығу сабақтары да өткізілді. Күдікті науқас анықталған жағдайда медицина қызметкері науқасқа бетперде кигізіп, оқшаулау бөлмесіне алып барып, тікелей басшысына ескертуі қажет. Әрбір күдікті жағдайға ақпарат беріліп отырады. Күдікті науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар 14 күн медициналық бақылауға алынып, оқшауланады.
Жамбыл аудандық орталық ауруханасы қажетті қорғаныш киімдерімен, дезинфекциялық заттармен, бірреттік бетпердемен, вирусқа қарсы дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген, – деді.
Семинар-кеңесте Жамбыл аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гаухар Жұмашева, «Айшабибі» бақылау-өткізу бекетінің бастығы Олжас Терлікбаев күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарлама жасап, ауданда жағдай тұрақты екенін, күдікті жағдай тіркелмегенін, бетпердені науқас адам ғана тағатынын, шекара бекетінде сақтық шаралары күшейтіліп жатқанын айтса, аудандық орталық аурухананың ауруханаішілік инфекция медбикесі Динара Тоғызбаева бірреттік қорғаныш костюмі қалай қолданылатынын үстіне киіп көрсетті.
Басқосуды қорытындылаған Үміткен Қапанқызы: «Сақтық шараларын күшейтіңіздер. Бейжай қарап отыра бермеңіздер. Көрнекі ақпараттарды іліңіздер. Қажетті жұмыстың барлығын жасаңыздар. Тиісті жұмыстар уақтылы атқарылуы керек», – деді.
Семинар-кеңеске құқық қорғау органдарының өкілдері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері қатысып отырды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары