Індеттің алдын алу мақсатында

Өңірде әлемді әбігерге салған коронавирус індетінің алдын алу мақсатында ауқымды шаралар атқарылуда. Аудандық «Ұлттық сараптама орталығының» мамандары ауылдық округтерде және аудан орталығы Аса ауылында орналасқан мекемелерде, адам көп жиналатын орындарда залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуде.

Залалсыздандыру жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу халық арасында індеттің өршімеуіне үлкен септігін тигізеді. Бүгінде аудан әкімдігімен және ауылдық округ әкімдерімен арнайы келісімшарт жасалып, аудан аумағында кестеге сай залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Залалсыздандыру жұмыстарымен екі топ айналысуда. Олар арнайы көліктермен және қорғаныс киімдерімен жабдықталған. Қажетті сұйықтық қоры жеткілікті.
Жаһан жұртына қауіп төндірген кеселдің алдын алу қарапайым қағидалардан басталады. Бұл ережелерді мектеп жасындағы баладан зейнет жасындағы қарияға дейін толыққанды ұстанғаны абзал. Санитарлық талаптарды сақтау, халық көп шоғырланатын орындарда бетпердемен жүру, арақашықтықты сақтау, қолды жиі антисептік сұйықтығымен сүрту – бүгінгі күннің басты талабы. 
«Сақ жүрсең, сау жүресің» демекші, сақтық шараларына жауапкершілікпен қарайық. 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары