Індет таралып кетпесін деп...

Еліміздегі карантин режимі басталғалы бері кәсіпкерлік нысандардың жұмысы жіті бақылауға алынғаны белгілі. Бүгінде қауіпті індеттің таралуына жол бермеу мақсатында аудан әкімдігінің жанынан құрылған мониторингтік топ өкілдері кәсіпкерлік субъектілерін бақылауды жалғастыруда.

Мәселен, күні кеше індеттің алдын алу, таралуына жол бермеу мақсатында «Ас-Ер» мал базарына кезекті рейд ұйымдастырылды. Топ құрамында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі, «Жастар ресурстық орталығы», аудандық кәсіпкерлік палатасы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің өкілдері мен учаскелік полиция инспекторлары болды. Базардағы қараша халық пен шағын асханалардың шектеу шараларын қаншалықты сақтап жатқанын назарға алған мамандар нысанға кіргеннен бастап қойылған талаптарға қаншалықты сай екенін тексерді. Кәсіп иелері мен сатушылар санитарлық режимді сақтап, келушілерді үнемі бетперде мен қолғап, антисептикпен қамтамасыз етуде олқылық жібермеуі қажет. Сондай-ақ асханаларда санитайзер, антисептик, арнайы төсеніш, аспаздарда қолғап пен маска болуы шарт. 
Рейд барысында карантин талаптары бұзылған кәсіпкерлік нысандарға алдымен ескерту жасалып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандардың айтуынша, бұдан былай оны елемеген азаматтар айыппұл арқалайтынын тілге тиек етті. Бұл күні маскалық режимді елемеген 4 азаматқа хаттама толтырылды. Санитарлық-эпидемиологиялық ережелердің сақталуын талап еткен мамандар барша жұртты сақ жүруге шақырды.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары