Еңбегінен ел таныр

Қоғамда өз қалауымен мәртебелі мамандықтың бірін игеріп, таңдау жасаудан жаңылмаған маман сирек кездесетіні жасырын емес.

Халыққа абыройлы қызмет қылуда маманға асқан жауапкершілікті жүктейтін мамандық атаулысы бар болса, оның ұлысын ұстаз бен дәрігер секілді екі асыл ұғыммен байланыстыруға болатындай. Адамзат баласына білім-ғылымның ғаламатын ұқтыратын ұстазға да, адам өміріне араша болар алтын қолды дәрігерлер де құрметке лайықты болуы тиіс.

Қызмет бабымен қателікке бой алдыратын аңғал мамандардың әрекетінен барша білікті қызметкерлердің жауаптылығына күмәнмен қарайтын қоғам мүшелерінің пікірін бір арнаға тоғыстырудың әдісі тынымсыз еңбекті дәріптегенде ғана нәтиже бермек. «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек келтірген тұщымды ойдың астарында дәрігерлер қызметіне берер зор бағалаудың көрінісі жатыр. Шын мәнінде, ақ халатты дәрігерлердің мерейін өсіруде сала мамандарын барынша құрметке бөлеп, медициналық қызметтің қадірін халық арасында насихаттау қажеттілігі туындады.

Науқастарға көмек қолын созуды абыройлы міндет санайтын дәрігерлер қауымына деген батысқазақстандық тұрғындардың пейілі кең. Басы ауырып, балтыры сыздаған азаматтардың ертеңгі күніне үміт сыйлай білген абзал жандардың есімін қалың оқырманға таныстырмақпыз.

***

Білім мен тәжірибені, жомарттық пен мейірімділікті ұштастырып, адамның денсаулығын байлықтан да жоғары қоятын дәрігер мамандардың адамгершілік қасиетіне бас иген азаматтар қатары орасан.

Денсаулықтың сақшысы, адам жанын айтып келмес сырқаттан құлан-таза айықтыратын жаны ізгі дәрігер қатарына Алмат Оразовты қоюымыздың өзіндік себебі бар.  Білікті хирургтің шеберлігіне көп жағдайда қапыда түскен науқастар куә болып, артынша үміт отының қайта жанғанына себепкер болған жанды айналасына үлгі етіп жататын. Жақсы адамның есімі жақсылық жасау арқылы жалпақ жұртқа жарияланса, дәрігердің жақсы ісі жанға дауа дарытумен тарайды.

Қалалық көпбейінді ауруханасы пластикалық хирургия бөлімшесінің хирургі Алмат Оразовтың ерлік істерін ой таразысынан өткізер болсақ, кәсіби іскерлігі бөлек те, жинақталған біліктілігі өзгеден дараланып тұрады. Қалқан құлақты қысқарту, мұрынды түзету, беттің әжімін тарттыру, күйікке тері жамау секілді пластикалық ота түрлері сырт көзге жеңіл ота болып көрінгенімен, бай тәжірибені қажет етеді. Қарапайым халық сән әлемімен байланыстыратын пластикалық операция жасатуға ниет білдірген арулардың Алмат дәрігердің тәжірибесіне сенім артатыны сондықтан. 

«Эстетикалық бағыттағы отаға жүгінушілер ойдағыдай нәтижеге қол жеткізуі, реконструктивті операция үстеліндегі науқастың психологиялық жағдайын ескеруі дәрігердің жан-жақтылығын байқатып, тәжірибесін байытады», – деген алтын қолды дәрігердің қояр басты талабы – қызмет бабында қателеспеу. Осы орайда, Алмат Оразовтың өңірімізде алғаш рет ойыққа ота жасауда (пролеж) тәуекелге бел буған сәті сол күндегідей көз алдыңда сайрап, қалыпты өмір сыйлаған күрделі отаның жасалғанына үш жылға жуықтапты.

***

Облыстық клиникалық ауруханасы аймақта дəрігер мамандардың ұстаханасы саналады. Кез келген дәрігер саулығына сауға сұрай келген сырқат жандарды ауруынан айықтыруда талай қиындықтармен күресе жүріп шыңдалады. Дәрігердің емінен дауа тауып, дертінен айыққан жандар өмір бойы ол маманды аузынан тастамай, алғысын айтудан жалықпайды да. Өңірдегі ардақты есімнің бірі – білікті хирург-дәрігер (іріңді хирург) Сатыбалды Шукулов.

Біздің қаруымыз (журналистер) қаламымыз болса, Сатыбалды Ұзақбайұлы үшін адам жанының арашасы ретінде медициналық құрал болды. Әрбір минуты санаулы дәрігердің медицинадағы негізгі тәжірибесі осы емдеу мекемесінде қалыптасты. Он жылдан бері аурухана қабырғасында күніне 2-3 операция жасау арқылы хирургия саласын жетік меңгерген маман десе болатын-ды.

Бүгінде хирургия бөлімшесінде қызмет жасайтын Сатыбалды Шукулов адам ағзасының түрлі бөлігінде пайда болған ірің, іріңді жарақат, проктологиялық ауруларға толықтай диагностикалық зерттеу заманауи әдістер қолдану арқылы жүргізілетінін айтады. Қажет болған жағдайда түрлі сала мамандары науқасқа жеке кеңес беріп, бөлімшеде тиімді және сапалы көмек көрсетіледі. Алайда, бөлімшедегі емделушілердің дені қант диабетімен келгендіктен (шамамен 15 науқастың жартысы), маман ерекше күтім жасауды қатаң ескертеді. Олардың жарақат алған жағдайда тиісті ем алуы өте маңызды (жай қолыңды кесіп алғанның өзі жетіп жатыр).

Біз үшін ең бірінші жоғары жетістік – алдымыздағы науқастардан алғыс алу емес, ауруынан құлан-таза айыққанын көру деген дəрігер сөзі «кейбір жұмыстың нәтижесі тікелей операция үстелінде шешіледі» дегенге саяды. Біздің ұққанымыздай, іріңді болсын, проктологиялық ауру болсын дер кезінде алдын алу қажет. Заман ағымына қарай жаңа технологияларды меңгерсек те, адам жанын меңдеген түрлі ауруларды жеңіп шығу дəрігерден бұрын сол науқастың денсаулық үшін күресі айтарлықтай рөл атқарады емес пе?
 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары