Еңбегі ерен жандар

Қоғамда өз қалауымен мәртебелі мамандықтың бірін игеріп, таңдау жасаудан жаңылмаған маман сирек кездесетіні жасырын емес.

Халыққа абыройлы қызмет қылуда маманға асқан жауапкершілікті жүктейтін мамандық атаулысы бар болса, оның ұлысын ұстаз бен дәрігер секілді екі асыл ұғыммен байланыстыруға болатындай. Адамзат баласына білім-ғылымның ғаламатын ұқтыратын ұстазға да, адам өміріне араша болар алтын қолды дәрігерлер де құрметке лайықты болуы тиіс.

Қызмет бабымен қателікке бой алдыратын аңғал мамандардың әрекетінен барша білікті қызметкерлердің жауаптылығына күмәнмен қарайтын қоғам мүшелерінің пікірін бір арнаға тоғыстырудың әдісі тынымсыз еңбекті дәріптегенде ғана нәтиже бермек. «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек келтірген тұщымды ойдың астарында дәрігерлер қызметіне берер зор бағалаудың көрінісі жатыр. Шын мәнінде, ақ халатты дәрігерлердің мерейін өсіруде сала мамандарын барынша құрметке бөлеп, медициналық қызметтің қадірін халық арасында насихаттау қажеттілігі туындады.

Науқастарға көмек қолын созуды абыройлы міндет санайтын дәрігерлер қауымына деген батысқазақстандық тұрғындардың пейілі кең. Басы ауырып, балтыры сыздаған азаматтардың ертеңгі күніне үміт сыйлай білген абзал жандардың есімін қалың оқырманға таныстырмақпыз.

***

Дәрігерді асқан қайырымды жанға теңесек, дәрігер кәсібінен маңызды мамандық жоқтығына толық келісуге негіз бар. Медицина саласындағы оң шешімін тапқан реформалар – халық денсаулығымен қоса, мамандық иелерінің жұмысын еселеуде. Халыққа қызмет жасау, көмекке зәру жандарға қол ұшын беруге даяр қасиеттерінің өзі оларды басқа мамандардан дараландырып тұратыны да сондықтан.

Ұзақ жылғы табанды еңбектен соң «Денсаулық саласының үздігі» деп танылған облыстық клиникалық ауруханасы урология бөлімшесінің меңгерушісі Әділжан Ахметқалиев – облыстағы жоғары санатты әрі білікті дәрігер. Аталмыш салада қызмет еткеніне ширек ғасырдан асқан дәрігердің шеберлігі, біліктілігі, қарапайымдылығы, ерлік істері кез келген батысқазақстандық тұрғынның көңіліне тұрақтаған. Алғаш 1993 жылы облыстық клиникалық ауруханада еңбекке араласып, адам өмірін сақтап қалу жүгін осы мекемеде жүріп-ақ арқалай бастады. Жастардан бастап еңкейген кәріге дейін маманның біліктілігіне күмән келтірмейді. Осылайша, қызметіне адал ақ халатты дәрігерден жәрдем күткен науқас үшін заман талабына сай отандық медицинаның мүмкіндігі молынан екенін айтады.

Адам емдеуді өмірлік қызметіне айналдырған Әділжан Жомартұлының қоғамдағы орны қашан да биік. Дәстүрлі тойланатын медицина қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында еңбегі ескерусіз қалған емес.

Тәулік бойы түрлі диагнозды ондаған емделушілер, қазақстандықтар мен ұлт болашағының денсаулығын қамтамасыз етуге бір кісідей күш-жігерін салатын дәрігердің «Денсаулық саласының үздігі» марапаты маманға деген құрметтің бір парасы.   

Көнекөздерден естуімізше, халқымыз 1991 жылы көптен аңсаған тәуелсіздік пен еркіндікке қол жеткізсе де, бюджет және қаржы жүйесі саласына тәуелсіздік кешіректеп жеткен-ді. Мамандар болса, қол қусырып отырмастан, ел экономикасына тікелей әсері бар жүйе жұмысын өрге бастыруда бел жазбады. 

***

Саналы ғұмырын медицина саласына арнаған мыңдаған дәрігерлердің жауапты қызметті таңдағанына өкінгені жоқ шығар, сірә. Күнделікті жұмысына асыға келіп, жанын дерт мазалаған, жылы сөзден басқаны шипа көрмейтін азаматтарды қабылдап, артынша шешім шығару – дәрігерлерге тән әрекет.

Тәжірибелі хирург маман Жұмабек Шайхиевты қарапайым дәрігер қызметінен емхана басшысы қызметіне дейінгі лауазым баспалдағынан қадам бастырған үздіксіз меңгерген білім-біліктілігі болса керек, кәсіби жасалған жұмыс нәтижесіне оң бағасын берушілердің қатары бір төбе.

Көңілінде кірбің, жүзін мұң торлаған науқасты аурухана қабырғасынан үлкен сеніммен шығарып салып, жабырқау жанын жадыратқан Жұмабек дәрігердің есімі Сырым, Бөрлі аудандық денсаулық сақтау ұйымдарында, облыстық клиникалық ауруханада мәлім. Десе де, ұзақ жылғы еңбек жолында өзінің қолданған емінің арқасында сауығып шыққан тұрғындардың есебін ой елегінен өткізуді әсте ойламайды да. Өйткені дәрігер түсінігінде: «Нағыз дәрігер сырқаттың тәнін ғана емес, жанын да емдеуі тиіс».

Бүгінде Жұмабек Шайхиев №6 қалалық емхана директоры бола жүріп ұжымымен медицина саласындағы озық тәжірибе, заманауи технологиялар негізінде сапалы қызмет ұсынып, науқастар санының көптігіне қарамастан, дертке дауа, қиналғанға қолдау танытуға тырысады.   

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары