Екпе салдыру – маңызды алғышарт

Әлемді әбігерге салған коронавирус індеті көптің көңілінде күрделі мәселе күйінде әлі тұр. Өкінішке қарай қауіпті індеттің алғашқы толқынында біраз адам ауырып, қайғылы жағдайлар да орын алған. Бүгінде осы кеселге қарсы екпе салдырудың екінші кезеңі басталды. Өңірде бұл жұмыс қалай өтіп жатқанын білу үшін аудандық орталық емхананың иммунолог дәрігері Жадыраш Тотаевамен әңгімелескен едік.

– Жадыраш Нұрбердіқызы, жалпы елі­міз­де, оның ішінде ауданы­мызда инфекцияға қарсы вакциналау қалай жүріп жатыр?
– Өңірде COVID-19-ға қарсы екпе жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Әуелі дәрігерлер коронавирустың кез-келген түрімен ауырып шыққан науқастарды жазылғаннан кейін 6 ай өткен соң және жағдайын ескере отырып егу ұсынылады. Ауырып шыққан деп инфекциясы анықталған және құжатталған адамдар саналады. Ауырып шыққан адамдардың екпе алуы ревакцинация (қайта вакциналау) деп есептеледі, сондықтан қосымша асқынулардың даму қаупі жоқ екендігін есте ұстаған жөн. Сонымен қатар инфекциялық аурумен, оның ішінде коронавируспен ауыратын науқаспен байланыста болған адам карантин мерзімі аяқталғаннан кейін егіледі. Иммуносупрессивті ем қабылдайтын және иммун тапшылығы бар пациенттерде иммундық жүйенің жұмы­сын тежейтін дәрілер иммуногенділікті төмен­детеді. Сондықтан оларды вакциналауға кем дегенде 1 ай бұрын қабылдауды тоқтату және вакцинадан кейін 1 ай бойы қабылдамау керек.
– Екпені салдыру кезінде адамдар арнайы медициналық тексерістен өте ме?
– Әрине, вакцина салу алдында пациенттің дене температурасын, сатурацияны, жүрек соғу жиілігін, артериялық қысымын өлшеп, тыныс алу және жүрек-қантамыр жүйесін аускультациялау (тыңдау), жұтқыншақты қарап тексереді. Осыған сәйкес басқа да кері әсерлер пайда болса, вакциналау кейінге қалдырылады. Осы кезде оларға коронавирусқа қарсы вакцина туралы барлық ақпарат беріліп, келісімге қол қойылады.
– Түсінікті. Ауданымызда екпені қанша адам қабылдады, оларда кері әсер болды ма?
– Негізі, медицина қызметкерлерінен кейін кезек вирус жұқтыру қаупі жоғары санатқа жататын мұғалімдерге келеді. Одан кейін жаппай тегін екпе басталады. Бұл кезеңде екпені әркім өз қалауы бойынша қабылдай алады. Бүгінгі таңға 300 адамға жететін вак­циналық доза Ресей елінен әкелінген. Екпені 115 адам қабылдады. Оларда ешқандай ауырсыну немесе жақпай қалған кері әсерлер болған жоқ. Вакцина егуден кейін де пациент медициналық бақылауда болады. Егуден кейінгі бақылаудан соң қолайсыз реакцияның болуы не болмауы туралы мәлімет медициналық нысандарға енгізіледі.
– Вакцинаны тұрғындар өз ауылдарынан салдыра бере ме, әлде осы аудандық емханаға келіп салдыра ма?
– Бізде бұл вакцинаны сақтау мәселесі қиынға соғып тұр. Екпені арнайы температурада сақтайтын мұздатқыш камераларға өтінім бергенбіз. Яғни, мұздатқыш камераларды алғаннан кейін Жалпақтөбе, Пригородное, Айшабибі ауылдарынан осындай екпе салдыру орталықтары ашылады.
– Осы аты жаман ауру шыққалы қаншама адам ауырып, зардап шекті. Сол кезде ауруханаларда оттегі концентраттары, өкпені жасанды желдету аппараттары жетіспей жатты, ал қазіргі ахуал қандай? Осы жөнінде айта кетсеңіз.
– Бүгінгі таңға ауруханада 29 тыныс алу аппараты бар. Алғашында мұндай құрылғы ауруханада аз болатын. Жаны жомарт адамдардың демеушілігімен құралдардың саны көбейді. Сондай-ақ, дәрігерлер Қанат Григорьевичтің, Анар Нұржанованың, Мая Сүлейменованың, Салтанат Теміралиеваның еңбегін айта кеткенді жөн көріп отырмын. Осы кісілер әлі де барын салып халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде.
– Тұрғындарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар. Қазіргі қиын жағдайда бұл індеттің алдын алудың ең алғышарты вакцина болып табылады. Сондықтан қауіпті кеселден қашық болу үшін екпе салдыруға шақырамын. Адам денсаулығы басты құндылығымыз деп санауымыз керек.
– Маңызды ақпараттарыңыз үшін рақмет.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары