Бәрінен маңыздысы — халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі

Бұл күнде елімізде коронавирус індеті белең алып жатқаны белгілі. Осыған байланысты мемлекет тарапынан тиісті іс-шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Осы орайда аудан әкімі Сәкен Арубаев коронавирустың алдын алу мақсатында аудан бойынша шұғыл жұмыс тобын құруды тапсырған болатын. 

Коронавирус індетінің алдын алу жөніндегі шұғыл жұмыс тобы демалыс күндері бекітілген кестеге сәйкес аудандағы әлеуметтік нысандарға, білім, денсаулық сақтау мекемелеріне, сауда орындарына барып қайтты. Нақтырақ айтқанда, аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова бастаған жедел топ аудандық орталық ауруханаға, «Жасұлан» дәріханасына, Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейіне, «Рахат» сауда үйі мен аудан аумағында орналасқан мал базарға, Көлқайнар, Қарасу ауылдық округтеріне барды. Аталған нысандарды аралаған жұмыс тобы ауылдық округтердегі мектептерге, балабақшаларға, дәрігерлік пункттерге, азық-түлік дүкендеріне бас сұқты. Мекеме басшыларымен коронавирустың алдын алу турасында ашық әңгімелесіп, мән-жайды жете түсіндірді. Жауапты тұлғалардан қазіргі жағдайға байланысты нақты қандай шаралар жасалып жатқанын сұрап, жергілікті халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі бірінші кезекте тұрғанын баса айтты.
– Ауданға қарасты барлық елді мекенде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мақсат – коронавирустың алдын алу. Бәріміз халыққа қызмет етіп жүрген адамдармыз. Біз үшін ең алдымен халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек, – деген Үміткен Қапанқызы мекемелерде ілініп тұрған көрнекі ақпараттарға, алдын алу шараларына назар аударып, маңыздылығына мән берді. Халыққа қажетті азық-түліктердің, дәрі-дәрмектердің бағасын білді.
Сонымен қатар топ мүшелері адамдар көп шоғырланатын жерлерге арнайы барып, аудан тұрғындарына сақтық шаралары туралы айтып, жадынама парақтарын таратты.
Аудан аумағында коронавирустық инфекцияның алдын алу және болдырмау жөніндегі шұғыл жұмыс тобының жұмысы дүйсенбі, сейсенбі күндері де жалғасты.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары