Аумақты залалсыздандырудың пайдасы көп

Әлемді жайлаған коронавирус індетінің алдын алу мақсатында ауданымызда атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес. 

Әлемді жайлаған коронавирус індетінің алдын алу мақсатында ауданымызда атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес. Соның айқын бір айғағы, ауылдық округтер мен аудан орталығында орналасқан маңызы бар мекемелер мен халық көп жиналатын орындардың барлығына залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Оның басы-қасында аудандық «Ұлттық сараптама орталығы» мамандары тұр. Аудан халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында залалсыздандыру жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізу халық арасындағы індеттің таралмауына үлкен септігін тигізеді.
Қарасу ауылдық округі әкімді­гімен келісімшарт жасас­қан аудандық мекеме маман­дары Ащыбұлақ, Шайдана ауылда­рында жүйелі түрде залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуде. Ауыл әкімі Самат Селеубаев: – Ауылдағы балалар алаңы, дүкендер, аялдамалар мен басқа да мекемелер жүйелі түрде залалсыздандыруда. Жұмыстың сапалы атқарылуын аудандық «Ұлттық сараптама орталығының» басшысы Талғат Бөлекбаевтың қадағалап жүруі көңіл көншітеді, – деді. 
Кез келген індетпен күресуден гөрі, оның алдын алу халық үшін тиімді екенін біз жақсы білеміз. Жұмыс басында Талғат Бөлекбаевты сөзге тартқанымызда: 
– Қазіргі таңда аудан аумағын залалсыздандыру мақсатында арнайы екі топ жасақталған. Топ мүшелері арнайы көліктермен және қорғаныс киімдерімен толық жабдықталған және тиісті сұйықтықтар қоры да жеткілікті. Індет ошағы анықталған жағдайда демалыс күндері және тәуліктің кез келген уақытында топ мүшелері жұмыс орнынан табылады. Індеттің алдын алу – өз қолымызда. Әлемге төнген індеттің алдын алу қарапайым қағидалардан басталады. Бұл қағидаларды мектеп жасындағы баладан зейнеткерлік жастағы қарияға дейін толыққанды ұстану міндеттеледі. Солардың бірі санитарлық талаптарды сақтап, халық көп шоғырланатын орындарда бетперде тағып, арақашықтықты сақтау, қолды жиі антисептік сұйықтығымен сүртіп отыру маңызды болып табылады, – деді.
Сайып келгенде, аумақты залалсыздандырудың пайдасы көп.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары