Әріптестерімді мақтан етемін

COVID-19 жұқпалы індетінің алдын алу қоғамның да, жеке адамның да тікелей міндеті екені анық. Елімізде жарияланған төтенше жағдай мен аймақтарда карантиннің енгізілуі, қауіпсіздік шарасының күшеюі коронавирус зардабының өте ауыр екенін айғақтайды.

Қазір адамзаттың күні оқшаулану мен медицина қызметкерлеріне қарап тұрғаны рас. Ақиқатында инфекция тараған нүктелерде қаймықпай жұмыс істеп жүрген дәрігерлерге деген құрмет пен сый шексіз болуы тиіс.
Індеттің жаппай таралуына жол бермеу үшін аудан аумағында арнайы блок-посттар құрылып, жалпы 12 медицина қызметкері жұмылдырылған. Сол блок-бекеттің бірі – Гродиково ауылдық округінде орналасқан №26 санитарлық бекеті. Жамбыл облысының Қырғызстанмен шекарасында орналасқан Гродеково ауылының тұсында қойылған бұл блок-бекеттегі шектеу жұмыстарына Жамбыл аудандық орталық ауруханаға қарасты мектеп медби­келерінен құралған 12 қызметкер кезекшілік жасауда. Мұнда олар жолаушылардың денсаулығын тексеріп, жағдайды қадағалауда. Блок-посттағы қызметкерлер барлық қажетті медикаментпен және медициналық мақсаттағы заттармен қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар блок-бекет арқылы осы уақытқа дейін сауалнама толтырылып, тексерулер жүргізілген. Жалпы қатаң шектеу шаралары қойылғалы бері бақылау бекетінен өтетіндердің саны біршама азайған. Посттағы жұмыс барысында ауа райының қолайсыздығы, санитарлық бақылау жұмыстарын жолаушылардың дұрыс түсінбеуі сияқты әртүрлі жағдайлар кездеседі. Қызметкерлердің арнайы киімдері аурухана тарапынан, ас-суын жеткізіп беру кестеге сәйкес жергілікті атқарушы органның тарапынан ұйымдастырылып отырады екен. Бақылау бекеттерінде жауапкершілік жүгі артылған ақ халатты абзал жандар уақытпен санаспай қызмет етіп келеді.
Санитарлық бақылау бекеті толық кезекшілікпен қамтылған. Кезекшілік үш ауысымда жүргізіліп, 8 сағат сайын қызметкерлер ауысып отырады. Медициналық қызметкерлер толықтай жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Бекетте санитарлық талаптар қатаң сақталуда. Медициналық қызметкерлерге мемлекет тарапынан үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Себебі, бұл көрші мемлекетпен шектесер автожол болғандықтан, тауар тасымалдаушы көліктер мен жолаушылар көп өтеді. Олардың барлығымен ортақ тіл табысып, дұрыс ақпарат алуымыз қажет. Алынған ақпараттар арнайы бланкіге толтырылып, нақты жағдай жүргізушілерге түсіндіріледі.
Аудан тұрғындарының жеке мәліметі де алынады. Олар шектеулерге бей-жай қарамай, сақтық шараларын қатаң ұстануы керек. Себебі, елімізде індет жұқтырғандардың саны күннен-күнге артып келеді. Тұрғындардың өміріне қауіп төнбеуі үшін әр адам оқшауланып, қауіпсіздік талаптарын сақтауға тиіс.
Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласының қызметкерлері уақытпен санаспай, ауа райының қолайсыздығына қарамай, өз бастарын қатерге тігіп еңбек етуде. Олардың еңбегін Гиппократ антына адалдықтың жарқын көрінісі деп білемін. Әрине, бақылау бекеттерінде жұмыс істеу оңай емес. Көктемнің қара суығына қарамай, нөсерлеп жауған жаңбырға да еш мойымай медицина қызметкерлері жұмыс орнынан табылып, адамдардың қауіпсіздігі үшін аянбай жұмыс жасауда. Отбасы, кішкентай балалары болса да, олар бірінші кезекке тұрғындардың амандығы мен денсаулығын қойған. Бұл қатарда өз міндеттерін адал атқарып жүрген Гүлнәр Жуандықова, Балжан Абдраманова, Ботагөз Ыбыраева, Ақмарал Сыдықова, Күлжан Удергенова, Жанар Әбдікерімова, Дүйсекүл Шоқаева, Айша Машанло, Роза Адуллаева, Жанар Азизбекова, Жадыра Байтуманова, Зарина Ташенова сынды әріптестерімізді мақтанышпен айта аламыз.
Коронавирустың таралуына байланысты жағдай кезінде қауіпті індеттің алдын алуға, халық арасында түсіндірме жұмыс­тарын жүргізуге медицина қызмет­керлерінің қосып отырған үлесі зор.
Науқастардың өміріне араша түсіп, бақылау бекеттерінде жанқиярлықпен еңбек етіп жатқан ақ желеңділерге мейлінше қолдау көрсетейік. Індеттің әрі қарай өршіп кетпеуіне әрбір азамат атсалысып, ол үшін үйден шықпай, шыдамдылық танытып, дәрігерлердің жұмысына өз ықпалымызды тигізейік. Бұл – уақытша және өтпелі қиындық. Сол себепті де тәртіпке бағынып, отбасымыздың амандығы үшін, солардың денсаулығы үшін үйден шықпай, оқшауда болайық.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары