ӘЛЕМГЕ ОҢ КӨЗҚАРАСПЕН ҚАРА!

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру міндетін қойып, мемлекеттің басты міндеттерінің бірі – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау болып табылатындығын атап өтті. 

Біздің ауданымызда мектеп жанындағы мектепке дейінгі шағын орталықтар ашылған, онда Қазақстанның кішкентай азаматтарының денсаулығын қадағалайтын медбикелер қызмет етеді.

«Петровка орта мектебі» КММ жанындағы «Солнышко» мектепке дейінгі шағын орталығында медициналық қызметкер ретінде Фатима Малдыбайқызы Заринова еңбек етеді. Фатима Малдыбайқызы Өзбекстанның тумасы, шағын Ташкент ауылында, Марзамуй ауданының медициналық амбулаториясында қызмет еткен. Ол да өзінің мыңдаған отандастары секілді Қазақстанда тұруды армандаған. Фатима 2006 жылы 8 наурыз қарсаңында қоныс аударушылар бағдарламасы бойынша жұбайы Шағдармен және балаларымен Петровка ауылына келген. Олар бұл жерде тұрғын үй алып, жұмысқа орналасады. 2007 жылдан бастап Петровка орта мектебінде қызмет етуде, алдында интернатта еңбек етсе, кейін оны мектепке дейінгі шағын орталыққа ауыстырады. «Жұмыстың машақаты көп болса да қызықты, кәсібилікпен қатар жауапкершілікті де талап етеді. Жұмысқа келгенде алғашқы тәлімгерім терең білімге және тәжірибеге ие мектеп медбикесі Ольга Евгеньевна Ерохина болды», - дейді Фатима Малдыбайқызы.

Фатима Малдыбайқызының әр күні балаларды қабылдаудан басталады. Ол әрқашанда көтеріңкі көңіл-күймен жүреді, балаларға қамқорлықпен қарап, ата-аналармен әңгімелеседі. «Балалар ересектердің көңіл-күйін тез сезеді. Біз көңілді болсақ, балалар да көңілді жүреді», - дейді Фатима Заринова.

«Фатима Малдыбайқызы, қазіргі кезде балалардың психологиялық денсаулығы туралы көп айтылып, көп жазылады. Сіз қалай ойлайсыз, бұл өзекті ме?», - деген сұрағыма ол: «Әрине! Сезімдік тұрақтылық пен оған байланысты мінез-құлық тәрбиелеудің оң нәтижесін береді. Сондықтан да мектепке дейінгі мекемелердің медициналық қызметкерлері тәрбиешілермен және психологтармен сабақтаса еңбек етулері қажет. Әрдайым күлімсіреп, бір-бірімізге қуаныш таратайық», - дейді.

Мектепке дейінгі шағын орталықтың медициналық қызметкерінің функциональдық міндеттері көп. Фатима Малдыбайқызы басты міндеттердің бірі – режимді сақтау болып табылатындығын айтады,. Ал ол оның орындалуын қадағалап отырады. «Режим балалардың тамақтануға, демалуға және қозғалыс белсенділігіне қажеттілігін қанағаттандырады, сондықтан бала ағзасының қорғаныс күштерін арттыруға мүмкіндік беретін жағдайларды жасау маңызды», - дейді ол. Фатима Малдыбайқызы балалар ауруларының алдын алу бойынша профилактикалық жұмыс та жүргізеді. Топтық бөлмелердің қабылдау орындарында ата-аналарға арналған санитарлық бюллетеньдер ілінеді. Күн тәртібінің маңызды ережелерінің бірі – таза ауада жүру болып табылады. Сондықтан да біз балаларымызды жылдың қай мезгілінде болсын таза ауаға шығаруға тырысамыз.

Әңгімелесушімнің айтуы бойынша, таза ауада жүрген баланың тамаққа тәбеті мен ұйқысы қалыпқа келеді. «Мектепке дейінгі шағын орталықтың жұмыс жүйесінде тамақтану режимі айтарлықтай маңызға ие», - дейді ол. Мәзірді құру кезінде ол азық-түліктің әр түрлілігін және оның қуатын есепке алады.

Сондай-ақ шағын орталықта балаларды сауықтыру мақсатында маман дәрігерлердің қатысуымен медициналық қараулар да өткізіліп тұрады. Жақында ғана шағын орталықта аудандық аурухананың педиатры А.Қалыбаева қабылдау жүргізді. «Заманауи адам денсаулық мәдениетін игермей өзін білімді деп санауына құқығы жоқ, - деп жалғастырды сұхбатымызды Фатима Малдыбайқызы. – Сондықтан да мектепке дейінгі тәрбиеленушілерді ерте жастан өз денсаулығына ұқыптылықпен қарауларын үйретеміз. Салауатты өмір салтын насихаттау байқаулар, спорттық іс-шаралар және ата-аналармен жұмыс арқылы жүзеге асырылады».

Шағын орталықта тазалық жағдайларын сақтау бойынша жұмыстар ерекше маңызға ие. Фатима Малдыбайқызы тәрбиешілердің көмекшілері Жұмагүл Байзақова мен Аягөз Туленованың жұмыстарын оң бағамен атап өтті. «Үлкендердің үлгісі – балаларда мәдени-тазалық машықтарын тәрбиелеудің үздік құралы. Біздің шағын орталығымыздың ұраны: «Дені саудың – жаны сау!»», - дейді ол.

«Сіз бақытты адамсыз ба?» деген дәстүрлі сұрағыма ол: «Бақыттымын, - дейді. – Жұмысым өзіме ұнайды. Отбасымда бәрі жақсы. Шағын шаруашылық ұстаймыз. Немерелерімізді ауылда қалдыруға тырысамыз». Қызы Бағила анасының жолын қуып, қазір Шымкент қаласында медбике қызметін атқарады. Келіні Жанерке де медициналық қызметкер. Фатиманың төрт баласы бар. Ол немерелерінің жетістіктеріне қуанады.

Мектеп директоры Айбек Закрьин Фатиманы жауапты және адал жүректі адам ретінде сипаттайды.

Фатима жинақы және сымбатты көрінеді. «Сұлулығыңыздың сыры неде?» деген сұрағыма: «Әлемге оң көзқараспен қарауда!», - дейді ол күлімсірей.

Фатима Малдыбайқызы Медициналық қызметкерлердің кәсіби мерекелері қарсаңында әріптестеріне денсаулық, оптимистік көзқарас және табысты өмір тіледі.

 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары