«Айша бибі» шипажайы — дертке дауа, жанға шуақ кешен

Басы ауырып, суықтаған буындары жанын жегідей жеп, балтыры сыздаған ата-әжелеріміздің «Жастық шақта, жұмыстың ауырына, күннің ыстық-суғына қарамастан қыбырлап, еңбек еткеніміз қарттық келіп түстенгенде алдымыздан шығарын қайдан білейік. Денсаулықты жастық шақтан бастап күту қажет екен» деген уәжін барлығымыз естіп жүрміз. Медицина саласы әлсін-әлсін халық арасында төбе көрсете бастаған кез еді бұл. Әжелеріміз баласын я немересін сырқыраған аяқ-қолының дауасы деп білетін. Уқалайтын да, табанымен басатын да осылар. Күндіз әрі-бері қозғалғаннан байқамаса керек, кешқұрым сыздаған аяқ-қолын құшақтай кететін. Енді бірі баласына кіжініп «Ертең қырдағы қызыл құмды аулаға төсе, қошына үйдің кемпірлерімен дертіміз бір. Шіліңгір шілденің ыстығында құмға түсіп жатсақ, басылар» деп бұйыратыны бар. Бұл ауыл-аймақтағы тұрғындарға таныс көрініс екені сөзсіз. 

Ал, бүгінгі таңда заманына қарай аурулардың да түрлері өзгеріп, саны артқан. Қалтасы көтерген кейбір азаматтар еліміздің түкпір-түкпіріне барып, ем қабылдауда. Дегенмен, әр адамға өзінің денсаулығы қымбат. Бірақ, медицина дамыған заманда шипаны шалғай жерлерден іздемей-ақ, ауданымыздан да табуға болады. Мұндайда «Айша бибі» шипажайы сізге жол көрсете алады. Тау баурайында орналасқан кешенге ауырсынып келіп, дертінен құлан-таза айығып қайтқандар жетерлік. Ақкөл көліндегі қара батпақтың құрамындағы витаминдер мен минералдар көптеген аурулардың басын қайырса керек.
Таяуда аталмыш шипажайдың жай-күйін көзбен көру үшін аудан әкімінің орынбасары Үміткен Найманова, облыстық кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен бірге емханаға арнайы ат басын бұрған еді. Оларға біз де ілескенбіз. 
Алдымен мәжіліс залында өткен басқосуға шипажайдың бас дәрігері Сәуле Конкашева сауықтыру кешеніндегі емдеу тәсілдерінің ерекшелігі мен денсаулыққа әсері туралы әңгіме өрбітті. 
 – Жыл сайын мұнда келіп дертіне дауа тапқан азаматтар көп. Бұл жердегі кіші Ақкөл көліндегі қара батпақ буын ауруларына, жүйке жүйесінің жақсаруына оң әсер етуде. Шипажайда емделушілердің басым көпшілігі сүйек және буын ауруларына шалдыққандар. Сонымен қатар белсіздік, бедеулік, ортопедиялық ауруларды және жол апатынан жарақат алғандарды емдеуге мүмкіндік мол. Сауықтыру кешені түрлі заманауи құрылғылармен жабдықталған. Емдеу құны тәулігіне 9000 теңгеден басталады. Сондай-ақ, «жартылай люкс», «люкс» бөлмелері қарастырылған. Білікті дәрігерлер қызмет көрсетеді. Емделемін деушілерге есігіміз әрдайым ашық, – деген ол қатысушылардың сұрақтарына орнықты жауап берді. 
Арнайы қондырғылардың жұмысымен танысқан Үміткен Қапанқызы сауықтыру кешеніндегі мұнтаздай тазалықты алға тартып, ауданымыздағы шипажайға қолдау білдіру қажеттігін айтты.
– Біз кейде қолда бардың қадіріне жете бермейміз. Сапары алыс, шалғайдағы сауықтыру кешендерінде ем қабылдаймыз. Ондағы қызмет көрсету сапасы мен емдік әсері «Айша бибі» шипажайынан артық емес. Шипажайдағы батпақпен емдеу тәсілі басқа өңірлерде кездесе бермейді. Ауырып ем іздеген жандарға осы кешенде ем қабылдауға кеңес беремін, – деді ол.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары