Ветеринария саласының өзекті мәселелері талқыланды

17 мамырда Глубокое ауданы әкімдігінің мәжіліс залында ветеринария саласындағы өзекті мәселелер талқыланған кеңейтілген жиын өтті. 

17 мамырда Глубокое ауданы әкімдігінің мәжіліс залында ветеринария саласындағы өзекті мәселелер талқыланған кеңейтілген жиын өтті.

Жиынға Ұлан ауданы, Өскемен және Риддер қаласының ветеринария саласына тиісті қызмет өкілдері, аудандық ветеринария және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары қатысты.

Жиынды ашып, жүргізген ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Бейсен Сұлтанұлы жиынның күн тәртібімен таныстырды. Жиында ветеринарлық қызмет мәселесі мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейту қаралды.

Облыс бойынша эпизоотиялық жағдайға биологиялық қауіпсіздік бөлімінің бас маманы Динара Челекенова тоқталды. Ол ауруларды уақтылы хабарламаудың кесірінен жағдайдың ушығатындығын жеткізді. Бүгінде облыста бруцеллез ауруы кең тараған. Ал құтырма ауруына байланысты облысымызда 7 жағдай тіркелген. Аусылға қарсы ұсақ малдар - 26%, ірі қара малдар 50% вакцинацияланған. Аусыл ауруына қатысты алдын алу шаралары облыс бойынша уақтылы жүргізілуде. Соңғы зерттеулер нәтижесіне байланысты Глубокое ауданының Верхнеберезовка кентінде, Калинин ауылдық округінде,  Секисовка ауылында аусылға егуден кейін жануарлардың иммундық көрсеткіші белгіленген деңгейден төмен. Бұндай жағдайда аусыл ауруының шығу қаупі төнуі мүмкін. Егер ауруға күдік туған жағдайда, ветеринариялық-санитариялық талаптарды орындай отырып патологиялық сынама аудандық ветеринариялық зертханаға жеткізіледі. Ауырған малдар анықталса оқшаулап, тиісті ветеринариялық-санитариялық шараларды жүргізіп, ошақ қатаң бақылауға алынады. Сондай-ақ, Динара Мәлікқызы эпизоотиялық картаның қалай дұрыс жасалу керектігін атап, залалсыздандыру жұмыстарының тиянақты жүргізілуіне тоқталды. 

Күн тәртібіндегі екінші мәселе - анықтаманың дұрыс жазылу тәртібі, карантинге қоюдың ережесі туралы тасымалданатын обьектілерді мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау бөлімінің басшысы Қайрат Жайыров айтып өтті.

Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап аумақтық инспекцияларға мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша ішкі бақылау жұмыстары жүргізіле бастады. 2018 жылдың қаңтар айынан наурыз айының 23 күнін қосып есептеген мерзімде облыстық инспекция бойынша барлығы 622 мемлекеттік қызмет көрсетілген. «Экспорттау кезінде орны ауыстырылатын (тасымалданатын) обьектілерге ветеринариялық сертификат беру» - 519, «Тиісті аумақтағы эпизоотиялық жағдайды бағалауды ескере отырып, орны ауыстырылатын (тасымалданатын) обьектілердің экспортына, импортына және транзитіне рұқсат беру» - 103. Ветеринариялық сертификат беруге 3 күн уақыт берілген. Осы үш күн уақытты дұрыс пайдалана білу қажет. Себебі, көптеген аумақтық инспекцияларда ветеринариялық сертификат бірінші жазылып, жүктерді тексеру кейін жүргізіледі, осыдан барып кей жағдайда жүк кетпей қалады, ветсертификат кері қайтарылып жатады. Яғни, бәрі керісінше. Отандық өнім экспортының әлеуетін арттыру – Жолдауда айтылатын басымдықтың бірі. Ауыл шаруашылығы өнімін экспортқа шығаруда ветеринариялық-санитариялық талапқа сай болуы тиіс. Облыс аумағынан тыс тірі жылқы, балық және бал өнімдерін шығаруға рұқсат етілген. Алайда, талабы қатаң Қытай, Ресей, Европа елдерінің ветеринариялық-санитариялық талаптарына елімізде өндірілетін тауар көп жағдайда сай болмай жатады. Сондай-ақ, ветеринариялық анықтамаларды толтырарда көбі мөр басуды немесе қол қоюды ұмытып жатады. Осындай ұсақ-түйек кемшіліктер жұмысты күрделендіре түсуде. Сонымен қатар, айыппұл саларда сауаттылық және үлкен жауапкершілік қажет. Себебі, бүгінде облыс бойынша салынған айыппұлдардың көбі кері қайтарылған.

Жиын барысында қатысушылар малдарға вакцинациялар жасалғанда түрлі әсер беретіндігін атады. Бұл мәселеге қатысты «Республикалық ветеринариялық зертхана» РМҚК Шығыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Қуаныш Исчанов түсіндіріп берді. Оның айтуынша, мұндай жағдай вакциналардың сапасына және  мал ағзасына байланысты әртүрлі болуы мүмкін.

Қатысушылар ветеринариялық зертхана өкіліне малдардың сарып ауруына тексеру кезінде күмәнді нәтиже берген сынамалардың көбейіп кеткендігіне наразылықтарын білдірді. Осындай орын алған жағдайға байланысты біраз даулы пікірлер айтылды.

Жиынның келесі кезегінде, қатысушыларға облыстық инспекция тарапынан тапсырмалар беру арқылы олардың қандай жағдайда және қандай негізде тиісті шешім қабылдау керектігі тыңдалды.

Қызу талқылаумен өткен жиынды қорытындылай келе, қатысушылар ветеринарлық сала жұмысын жандандырып, барлық мәселені бірлесе отырып шешу керектігіне басты назар аударды. 

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары