Жарамсыз техника жолда жүр

Жол бойындағы апаттың көбеюі бүгінде қоғамды алаңдатқан проблема болып отыр. Өткен жылы жол-көлік оқиғаларының саны  12 айында аудан аумағында барлығы 30 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 5 адам қайтыс болып, 70 адам жарақат алған (2017 жылдың 12 айында 17 жол-көлік оқиғасы тіркелген. 42 адам жарақаттанып, 4 адам қайтыс болған). Ал, Сарысу аудандық сотымен 2018 жылдың 12 айында жол-көлік оқиғасына қатысты 41 әкімшілік іс, ал 2019 жылдың 15 ақпанына дейін 7 әкімшілік іс қаралған. Бұл деген аз көрсеткіш емес әрине.

«Темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» дегенді Майқы би бабамыз осыдан үш ғасыр бұрын айтқан екен. Атақты бидің даналық сөзі ақиқатқа айналғандай. Соңғы кездері жиілеген жол апаттарынан отандастарымыз зардап шегіп жатыр: «пәлен жерде мынадай апат болыпты», «мұнша адам көз жұмыпты» деген сөздерге әбден етіміз үйренгендей. Тіпті, адамдар көз жұмып жатса да селк етпейтін болдық. Бейбіт күнде арыстай азаматтарымыздан, періште сәбилерімізден айырылып, жайбарақат отыра береміз бе?

Өкініштісі, көлденең жағдайға жолаушы тасымалдаушы көліктер жиі ұшырауда. Сұмдықтың себебін зерделегенде соның 70 пайызы таксистердің кінәсінен болғандығы анықталуда.

Бүгінде облыста біз білетін 60 мекеме жолаушы  тасымалымен  айналысады. Олардың арасында серіктестіктер де бар. Ал ауданда  аталмыш серіктестіктерге бағынатыны бар, бағынбайтыны бар тұрақты маршруттың саны 7-еуді құрап отыр. Оның 5-еуі Жаңатас-Тараз болса, 2-еуі Шымкент қаласына қатынайды.  Бұл тек газель, автобус көліктері ғана. Ал, таксилердің саны бүгінше жетерлік. Техникалардың көбейгендігі, таксилердің ұлғайғандығы жөн болар. Оның үстіне жолаушылар көліктің жайлы, жолдың жақын болуын қалайды. Алайда, халыққа осынау қызметті ұсынып отырған ЖШС-нің бәрі тиісті талапқа жауап  бере  алмайтын көрінеді. Жолаушылардан  сытырлатып  ақша санап алуға құмар қожайындар автобустар және такси жүргізушілерінің таңғы сапар алдында медициналық тексеруден өтуіне, көліктің техникалық жарамдылығына бас ауырта бермейтіндігі арнайы рейд барысында белгілі болып отыр.

Соңғы мерзімде жолаушылар көліктерінің қатысуымен тіркелген жол-көлік оқиғалары автомобиль көлігіндегі жол қауіпсіздігінің негізгі талаптарының орындалмайтынын байқадық.  Алынған шараларға қарамастан аудандағы елді мекендер арасындағы маршруттардың жолаушылар тасымалы бақылаушы және қадағалаушы органдар тарапынан жіті назар аударуды қажет етеді. Дегенмен, бұған ешқандай мекеме басшысы бас қатырғысы да келмейді.

Ақшаның соңына түскендер еліміздің жолаушы тасымалына қатысты қабылданған заң, қалыптасқан қағидалар сақтала бермейтіні бойынша аудандық «Сарысу» газетінде үстіміздегі жылдың 16 ақпандағы №20 санында таксимен тасымалдаушылардың міндеттері туралы аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің  берген  арнайы мақаласында тайға таңба басқандай, онда автокөлік құралының пайдалану мерзімі 15 жылдан аспауы керектігі көрсетілген. Алайда бүгінде аудан орталығынан жан-жаққа қатынайтын таксилер мен арнайы газель, автобус көліктері бүгінгі талапқа сай еместігін анық айта аламыз.

Жол қозғалысына күнделікті жүрген Жаңатас-Тараз, Жаңатас-Шымкент арасында қатынап жүрген жекеменшік такси көліктері заңды ма, заңсызба тағы анық емес. Жолаушылардан арнайы бекітілген сомада ғана жолақы алудың орнына өздері қойып алған бағаны айтып жолаушылардың зығырданын қайнататындықтары тағы бар. Ауа райы күрт өзгерген жағдайда керек болса бір адамды 3000 теңгеге дейін әкелетін таксистердің ақшаға құнығып кеткендігі қалай? Асығып тұрған жолаушы үшін айтқан соманы төлеуге тура келеді. Көлігінің бұзылмай, аман-есен жеткендігін ойлайтын таксистер жоқ. Онымен қоса, көліктері ескірген.

Атап айтар болсақ, Жаңатас-Тараз аралығында  қатынайтын «Ауди-100» автокөлігі мүлде жарамсыз.Мемлекеттік нөмірін нақты көрсетпеуді жөн көрдік. Кеш мезгілінде фары жанбайды, алдыңғы терезесі шытынап кеткен. Жолды көру мүмкін емес. Біреу айтса сенбес едім, дәл сол көлікпен өзім де жол жүрдім. Әрине, барлығына бірдей топырақ шашқаннан аулақпыз. «Біреудің көлігі жарамды, біреудің көлігі жарамсыз. «Біреу үшін біреу неге кінәлі болуы керек?»,- деп ойларсыздар. Дегенмен, жарамсыз көліктердің жолда жүргені алаңдатады. Бұл – шектен шыққандық болса да, оларды тәртіпке салатын заңдылық жоқтай көрінеді.

Аудандық әкімдіктегі өткен жиындарда заңсыз жолаушы тасымалдайтын жеңіл көліктер турасында жиі сөз болады. Ауданда жеке көлігімен адам тасымалдайтындардың саны бүгінде 150-дің үстінде. Жаңатас қаласы бойынша да бұл көрсеткіш аз емес. Мұның бәрі ресми дерек. Ресми емесі – қазір ерінбегеннің бәрі таксиші. Олардың қатары мыңнан асып жығылады.

Бүгінгі ахуалдың асқынғаны соншалық, проблемаға кімнің жауапты екендігін біліп болмайсыз. Жол сақшылары да, көліктік бақылау инспекциясы да, салық комитетіндегілер де біріне-бірі қарап, уақыт өткізіп отырғанын байқадық.  Өйткені, олардың ынтымақтасқан тірлігі жоқ. Бірлескен рейдтер де тұрақты ұйымдастырыл-майды. Ұйымдастырылған жағдайда бірінің көкесі, бірінің жәкесі жібере сал деген сөздерге әбден үйреніп алған такси жүргізушілері есірмей қайтсін.

Қазақстан заңнамалары бойынша, такси жүргізушісі жалдамалы жұмысшысы жоқ дара кәсіпкер болып саналады. Сондықтан да әр такси жүргізушісі құзырлы органдарда кәсіпкер ретінде тіркеліп, тиісті салықтарды төлеуі тиіс. Жалдамалы жұмысшысы жоқ кәсіпкерлерге 2009 жылдың 1-қаңтарынан бастап патент салығы енгізіліп, осы патент салығы бойынша такси жүргізушісі айлық табысының 2 пайызын төлейді. Аудандық салық басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда ауданымызда 77 жеңіл және жүк автокөлік иелері патент алып, жолаушы тасымалымен және жүк тасымалымен айналысуда. Ал, дара кәсіпкер ретінде тіркелмей және патентсіз такси қызметін ұсынғаны үшін жауапкершілік қарастырылған.

Ауданда қоғамдық қауіп-сіздікті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күресті күшейту мақсатында біршама істер атқарылды, өткен  жылы аудандық полиция бөліміне бірқатар арнайы құралдар берілген. Ұрлық және басқада құқық бұзушылықтар туралы арыздарды жасыруға жол бермеу мақсатында полиция бөліміне дауыстық хабарламаларды жазып алатын аппарат сатып алынды. Бүгінде Жаңатас қаласы бойынша  автокөлік жүрісінің қауіпсіздігін бақылау үшін 25 бақылау камералары орнатылса, Байқадам ауылы бойынша 4 бақылау камерасы жұмыс жасап тұр.

Жолаушы тасымалымен айналысатын кейбір кәсіпорын, мекемелердің басшылары, тиісті мамандары өз міндетіне салдыр-салақ қарайтындығы өмірдің шындығына айналып отыр. Адам өміріне соншалық жеңіл қарайтын олар техникалық байқаудан сапалы өтпеген, яғни жарамсыз көліктердің жолға шығуына көз жұма қарауда.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары