Қоғамдық тыңдау өтті

Өткен аптада «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің «Көксу» кеніші Жамбыл және көршілес Түркістан облысының аумағында орналасқан. Соған байланысты «Көксу» фосфорит кен орны бойынша жер қойнауын пайдаланудың салдарын жоюдың барлық кезеңіне арналған жоспарының «Қоршаған ортаны қорғау» бөлігін жұртшылыққа таныстыру мақсатында «Көксу» кенішінің әкімшілік ғимаратының мәжіліс залында қоғамдық тыңдау өткізілді.

Қоғамдық тыңдаудың жұмысына аудан әкімінің орынбасары О.Көкей, Жаңатас қаласының әкімі С.Мамытов, Құмкент ауылдық округінің әкімі А.Көбенов, Жамбыл облысы бойынша экология департамен-тінің өкілі А.Плеханов, «Қазфосфат» ЖШС-нің экология, лицензиялау-сертификаттау бойынша бас менеджері Б.Тілеубаев, тау-кен жұмыстары және фосфор шикізаты бойынша бас менеджер С.Тұрсынбеков,   Түркістан  облысы, Созақ ауданы, Құмкент, Қызылкөл, Жаңатас қаласы мен  Қызыл диқан, Маятас ауылдарының тұрғындары, аудандық мәслихаттың депутаттары қатысты.

Қоғамдық тыңдауда аудан әкімінің орынбасары О.Көкей кіріспе сөз сөйледі.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша «Антал» ЖШС-нің инженер- экологы  М.Ахметова және эколог Ш.Хамзан сөз сөйледі. Өз сөздерінде «Көксу» фосфорит кен орны бойынша тау-кен жұмыстарының жоспары» мен «Көксу» фосфорит кен орны бойынша жер қойнауын пайдаланудың салдарын жоюдың барлық кезеңіне  арналған жоспарының «Қоршаған ортаны қорғау» бөлімімен кеңінен таныстырып өтті.  «Көксу» фосфорит кен орнынан ашық әдіспен кен өндіру жұмыстарының қоршаған ортаға және көрші орналасқан елді мекендерге зиянды әрекеті болмайды деген қорытынды айтты.

Мұнан соң «Қаратау»  тау –кен өңдеу кешенінің  директоры  М.Сәрсенов «Қаратау» және «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешендерінің 2017-2019 жылдардағы атқарылған жұмыстарын  салыстырмалы түрде көрсете отырып, кешеннің болашақта қандай жұмыстар атқаратынына тоқталды. Сонымен қатар, әлеуметтік серіктестік шегінде Созақ және Сарысу аудандарының елді мекендеріне көрсетілген түрлі көмектер жайлы кеңінен айтып өтті.  Жарыс сөзге шыққан ардагерлер, ауыл және қала тұрғындары қоғамдық тыңдаудың күн тәртібіндегі мәселені қолдап қуаттайтындықтарын жеткізді, өз ұсыныс, тілектерін айтты.

Қоғамдық тыңдау «Көксу» фосфорит кен орны бойынша тау-кен жұмыстарының жоспары» мен «Көксу» фосфорит кен орны бойынша жер қойнауын пайдаланудың салдарын жоюдың барлық кезеңіне  арналған жоспарының «Қоршаған ортаны қорғау» бөлімін айтылған ұсыныс, пікірлерді ескере отырып қолдау бойынша шешім қабылдады.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары