Жыр алыбына арналды

Өткен айдың соңында аудан жұртшылығы Жамбыл Жабаевтың аудан орталығындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып еске алса, өнер иелері әннен шашу шашқан. Спортшыларымыз да қарап қалмай аудан әкімдігі «Жастар ресурстық орталығында» аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қайрат Ержігітовтің ұйымдастыруымен тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы ойындарынан жарыс өткен.

Жарыста 22 адам бағын сынады. Үлкендер мен оқушылар қатысқан турнирде тоғызқұмалақ ойынында (ересектер арасында) шайқорықтық Жалғас Қалдахметовтің мерейі үстем болса, балалар арасында өрнектік өрен Бәйдібек Тамдыбектің бағы жанған. Шахмат ойынында (ересектер арасында) бектөбелік Тәжіхан Смайылов алдан көрінсе, оқушылардан Б.Момышұлы атындағы мектеп гимназиясының оқушысы Дәурен Бабық өз құрдастарынан оқ бойы озды. Дойбы бәсекесінде ересектер арасынан асалық Мәмбет Сүгірбеков пен оқушылар арасынан №1 орта мектептің оқушысы Ғалымбек Мұратбай дара келді.
Іс-шараға қатысып, ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов, ауыл тұрғындары Т.Смайылов, Қ.Ақмырзаев және аудандық дойбы федерациясының президенті М.Байдалиев ұйымдастырушы тарапқа алғыс айтып, Жамбыл бабаның өмір жолы, жырлары жайында ой қозғады.
Жарыс қорытындысында Қайрат Оразымбекұлы аудан әкімдігі «Жастар ресурстық орталығы» (директоры М.Рақымжанов) тағайындаған медальдарды, дипломдар мен бағалы сыйлықтарды жеңімпаздар мен жүлдегерлерге табыс етті.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары