Жасөспірімдер бәсекеге түсті

Биыл тәуелсіз ел болғанымызға – 29, «Желтоқсан оқиғасына» 34 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде еліміз еңсесін тіктеп, қиын-қыстау кезеңдерді еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсті. Шекарамыз шегенделіп, ұлттық валютамыз айналымға енді. Тәуелсіздіктің төл нышаны – мемлекеттік рәміздеріміз төрге озды. Ел игілігіне бағытталған мемлекеттік бағдарламалар, жобалар жүзеге асырылып, халықтың әл-ауқаты артты. Еліміз әлемге танылып, дамыған елдердің қатарына қосылды.

«Ел ертеңі – жастар» десек, олар да назардан тыс қалмады. Олардың сапалы білім алуына, салауатты өмір салтын ұстануына, спортпен айналысуына қажетті жағдай жасалды. Өңірлердегі елді мекендерде ашылған жаңа типтік мектептер мен спорт кешендері – соның айқын көрінісі. Бұл Тәуелсіздіктің, ел бірлігі мен ынтымағының жемісі.
Біздің ауданда да бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізілді. Мәселен, жуырда аудан орталығы Аса ауылында бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығы ашылды. Бұл орталық «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бөлінген қаржыға салынды. Бұған дейін ауданымызда дәл мұндай үлкен спорт кешені болмағанын ескерсек, заманауи жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталған орталықтың бой көтеруі аудан тұрғындары үшін жағымды жаңалық болды. Енді жергілікті тұрғындардың, әсіресе, жастардың тұрақты түрде спортпен шұғылдануына мүмкіндігі бар. Бұл өз кезегінде жамбылдықтардың зиянды әдеттерге бой алдырмай, бос уақытын тиімді пайдаланып, спортқа бет бұруына септігін тигізбек.
Тәуелсіздік күні қарсаңында осы орталықта жасөспірімдер арасында баскетбол және дзюдодан аудандық жарыс өтті. Тәуелсіздікке тағзым ету, Желтоқсан құрбандарын еске алу мақсатында өткізілген жарыста егемен еліміздің келешегі үшін жанын пида еткен ержүрек ұл-қыздарымыздың есімі мен ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын, жадымызда мәңгі сақталатынын ұғындық.
Жасөспірімдер арасында баскетболдан өткен бәсекеге ауданнан 5 құрама команда қатысты. Нәтижесінде, «Аса-ДШСК» командасы бірінші, «Ащыбұлақ» командасы екінші, «Байзақ» құрамасы үшінші орынды иеленді. Серік Қасымов «Үздік ойыншы», Бекзат Темірхан «Үздік төреші» деп танылды. Жеңімпаз бен жүлдегер команда ойыншыларына тиесілі кубокты, диплом мен медальдарды аталмыш орталықтың директоры Мақсат Риянов табыс етті.
Ертеңіне Аса ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен дзюдодан ауданаралық ашық біріншілік өтті. Онда Жамбыл, Байзақ, Талас, Жуалы аудандарынан келген 100-ден аса жас балуан 8 салмақ дәрежесінде бақ сынасып, бозкілем үстінде кім мықтыны анықтады.
Жарыс қорытындысы бойынша айшабибілік Еркебұлан Қайып (26 келі), ащыбұлақтық Ерасыл Асан (29 келі), жуалылық Арнұр Нұрхан (32 келі), айшабибілік Рахат Мұстафа (35келі), асалық Ерхан Қалмырза (38 келі), қаратаулық Бақтияр Жұбатхан (42 келі), жуалылық Диас Қарабек (46 келі), өрнектік Қуаныш Мейірбек (50 келі) өз салмақ дәрежелерінде жеңімпаз атанды. Жалпы командалық есепте бірінші орынға Айшабибі ауылы командасы, екінші орынға Жуалы ауданы және Өрнек ауылы құрамалары, үшінші орынға Аса және Ащыбұлақ ауылдарының құрамалары тұрақтады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Аса ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары Нұржан Қазбеков арнайы кубокпен, дипломмен және медальдармен марапаттады.

Сіздің аймағыңыздың жаңалықтары